26.01.2021, 14:52
Оқылды: 177

«Виктор балам, мынау өзіңе аманат!»

Жымпиты ауылы орталығындағы басты көше С.Датұлы бойымен жүйткіген су жаңа ақ «Газель» көлігі әдетінше ерте келіп тоқтады. Елеңдей күтіп тұрған бір топ адам ентелей лап қойды.

вик

Сұңғақ бойлы, сары жігітті әуелден-ақ танитындай өзімсіне ұмтылған жасы мен егдесі араласқан топтың арасынан:
– Виктор балам, мына дорбаға салынған сәлемдемені Ақсайдағы балама табыс етсең! Қызым қаржыдан мұқтаждық көруде еді, мына түйіншектегі ақшаны қызым күтіп алады, бере салсаң! деген «сәлемдемелер» легі қарша жауып жүре берді.
- Апа, ағасы, асықпаңдар, абдырамаңдар! Айттыңыздар, болды. Бәріңнің де өтініштеріңді орындаймын. Аманаттарыңды тапсырамын.
Тек тапсыратын жердің мекен жайын, қабылдап алатын кісінің телефон номерін жазып берсеңдер болғаны, жеткізіп беремін, - деп «Газель» көлігінің жүргізушісі Виктор Темченко өзін қоршап алған дүйім жұрттың көңілдерін жылы сөзімен жайландырып тастады.
Иә, кино лентасындай көз алдына күнделікті айналып келіп тұратын бұл көрініске аудан халқы болса әбден үйреніп алған.
Ал «Ақсай-Жымпиты» №22 санды жолаушылар тасымалдайтын «Газель» көлігінің жүргізушісі Виктор Темченкоға сырымдықтар әбден бауыр басты.
- Виктор Сергейұлы өте еңбекқор, кішіпейіл азамат. Өзім бұл жігітті өте жақсы білемін.
Көктемгі, күзгі балшықты күндері, қыстың боранды шақтарында жолаушыларды жолда қалдырып көрген емес. Тіпті, шындығын айтуымыз керек, Виктор жолаушыларды айтқан межелі жеріне жеткізіп тастап, тұрғындардың ағайын-тумаларына аманаттаған заттарын да «мұртын бұзбастан» жеткізіп беретіндігіне куәміз. Азамат болсаң, осы Виктордай бол! - деп өзінің ризашылығын білдіреді Аралтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Коля Аянов.
Ақсай қаласындағы «Болашақ» ЖШС-не қарасты жолаушылар тасымалында жүргізушілік салада қызмет атқаратын Виктор Темченко осындай халық жүрегіне жол таба білген ізетті де қайырымды жан.
Біз кейінгі кездері елдің ішінде жүрген осындай кейіпкерлерді жоғалтып алып едік. Бар екен, жүр екен. Әне, «Ақсай-Жымпиты» бағытындағы «Газель» көлігі «артынып-тартынып» келесі сапарына аттанып барады. Оның алдында екі ауданды жалғаған ойлы-қырлы, қарлы-балшықты жол жатыр. Біздің Тасқұдық, Талдыбұлақ пен Аралтөбедегі ағайын үшін бұл жолы – тіршіліктің күретамыры. Көліктегі отырған жолаушылар межелі жеріне аман-есен жетіп алуды ойлап барады. Ал салондағы жолаушыларды қымбат адамдарымен қауыштыруға, халықтың аманаттаған «дүниелерін» тағатсыздана күтіп отырғандарға тапсыруға асыққан Виктордың рөлдегі жағдайын, көңіл толқынысын әбден түсінуге болады.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале