8.12.2021, 12:40
Оқылды: 22

Вирус һәм вакцина: дәрігерлер не дейді?

Қазіргі таңда күн тәртібінде күйіп тұрған басты мәселе – халықтың денсаулығын сақтап, індет шең­гелінен шығу. Қазір көпшіліктің ойын коронавирустың кесірінен күмән мен үрей жайлап алды. Иә, коронавирус – вирустың жаңа түрі, оның екпесі де жаңадан әзірленді. Оның үстіне вирус үнемі өзгеріске ұшырап, жаңа штамдары пайда болуда. Әлеуметтік желіде желдей есіп, тарап жатқан түрлі жалған ақпараттар одан сайын үрей туғызуда. Бірақ дәрігерлер мұның барлығы ғылыми негізсіз дейді.  Эпидемиолог дәрігерлердің тұжырым жасауы бойынша COVID-19-ды жеңудің бірден-бір жолы – вакцинация. Десек те, індетке қарсы күресте вакцинаның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар аз емес. Бұл орайда, әсіресе әлеуметтік желі – WhatsАpp арқылы тарап жатқан түрлі жазбалар, роликтер, екпенің зияны туралы тұжырымдамалар онсыз да күпті көңілді одан сайын қоюлата түскендей. Вирусқа қарсы егіліп жатқан вакцина жайын, жалпы бүгінгі індет жағдайында Бөрлі ауданының ахуалы туралы жауапты мамандармен хабарласып, сұрап білгенді жөн санадық.

2cdcace6485d77d8644eb2891e82b6ea_original.1741487

Бөрлі аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері Ақерке Қалназарованың бізге мәлімдеуінше, короновирус бойынша аудандағы эпидемиологиялық ахуалды қалыпты деп айтуға келмейді. Себебі 3612 тұрғыннан жұкпа анықталған болса, 87 адам осы індеттен көз жұмған.

-Қазір көпшілік бұрынғыдай «тұмау тиді, тұмаураттым» дегенді естімейміз де, айтпаймыз да. Бәрібір коронавирус деп анықтайды. Тұмаурату атауы жойылғандай деп жүр. Маман ретінде бұған не дейсіз? - дедік.

«Халық шыны керек осындай жаңсақ пікірде. Қаншама мамандар зерделеп, анықтап түсінікті тілде жауап беріп, хабардар етіп жатса да құлақ асар емес. «Есеп беру үшін атауын өзгертіп, вакцина салып жатыр» дегенді бізде күнде естіп, оқып та жүрміз.

Жалған ақпарат. Елді дүрліктіру. Соншалықты қауіпті болса осы саланың маманы ретінде бірінші кезекте өзімізге салдырмас едік қой? Тұмау жөнінде айтар болсақ, оған қарсы да арнайы екпе егілді. Ол жұмыстар да мерзімді кезеңмен жүргізілді. Естеріңізде болса, «Гриппол» атауымен екпе егілді. Аудан тұрғындарының 5544-і осы екпені алды. Ол - тек өз уақытымен күн ғана жүргізілетін мезгілдік екпе. Оны коронавирустық вакцинамен шатыстыруға болмайды. Екеуі екі бөлек нәрсе.

Әлемді жайлаған вирустан қорғанудың жолы – ол тек вакцина алу. Оны айтудан ғалымдар да, сала мамандары да жалыққан емес. Тек халық қанша адам ауырып жатса да қауесетке көп сенеді. Бір ғана мысал, былтыр жаз кезіндегі жағдайды еске алайықшы... Індет етек жайғанда білікті деген маман дәрігерлердің өзі не істерін білмей абдырап қалған жоқ па?! Халық дәріханалардың есігін тоздырып, ұзын-сонар кезекке тұрып, табылған дәріні қымбат бағасына және сапасымен сертификатына қарамай алып жатты. Шыбын жанын сақтап қалу үшін арпалысты. Қаншама ардақтыларымыздан айырылдық.
Сол кездің өзінде-ақ қазақстандық ғалымдарымыз қол қусырып жатпай вакцинаны зерттеп, сынақтан өткізумен болды. Ал енді сол вакцинаның пайдасын ғалымдарымыз дәлелдеп, оны Үкіметіміз халыққа тегін салдыруға мүмкіндік жасап отырғанда «зиян екен» дегенді шығардық.

Сіздің маман ретіндегі тұрғындардың денсаулығын сақтауға қатысты жанашырлығыңызды түсініп отырмын. Десек те, әр адамның ағзасы әртүрлі. Жасы ұлғайған аға-апаларымыздың қауіптенетіні де жасырын емес қой?,- дедік тағы да...
- Әрине, екпені қабылдау – әр азаматтың өз құқығы. Біреуді қинап, зорлықпен вакцина салдыра алмайды. Бірақ білесіз бе, біз күн сайын екпе салдырғандар туралы мәліметті жинақтап жіті бақылап отырамыз. Солардың арасында керісінше жасы 50-ден асқандар көп. Олар вакцина салдыру жұқпалы дерттің дендеп кетпеуіне кепіл болатыны хабарлаған кезден-ақ, емханаларға барып екпе алуға ерікті түрде өтініш білдірген.
Бүгінге дейін коронавирусқа қарсы «SPUTNIK V», «QazVac» және «Hayat Vax» вакциналарының 1-кезеңін – 21019 адам қабылдаса, 19607 адам 2-кезеңін алды. Жалпы есепте ауданның 70 пайызға жуығы екпе алды. Инфекциялық стационарда қазір 11 адам ем алып жатса, үй жағдайындағы күтімде -12 адам.

«Алаң да алаң, алаң жұрт...»

Бүгінгі күнгі жасөспірімдер мен жас аналарға салынып жатқан вакцина туралы да анығырақ сұрап, елдің елең-алаңда отырғанын тілге тиек еттік. Бұл жөнінде де балалар педиаторы Надия Нұрғазиева былай деп жауап берді:

- Қандай да бір препаратты қолданар алдында адам әрдайым күмәнмен қарайды. Өйткені ашық дереккөздерінде ол препарат жайлы мәлімет аз болғандығынан болар. Бірақ екпе мыңдаған адамға егілетіндіктен ол жайлы мәліметті жасыру дұрыс та, мүмкін де емес. Жасөспірімдер мен жүкті және емізулі аналарға салынып жатқан "Комирнати" (Pfizer) препараты туралы да мәліметтер аз беріліп жатқан жоқ деп ойлаймын. Ғалымдардың тұжырымдаулары бойынша, екпе коронавирустың жаңа штамдарына қарсы тұра алады.

Бүгінде ауданға Pfizer вакцинасының 200-ге жуық дозасы жеткізілді. Вакциналау біздің ауданда 20 қарашадан басталды. Қазір аудандағы емханадағы екпе салу кабинеті аптасына жеті күн бойы жұмыс істеп тұр. Екпе алған соң әдеттегідей балалар, бала емізетін және жүкті әйелдер жарты сағат көлемінде дәрігердің бақылауда болады. Бүгінгі күні американдық препаратпен 40-қа жуық бала емізетін, 4 жүкті әйел және 100-ден аса балалар қабылдап үлгерді. Балалардың қабылдауы бір қалыпты. Жасөспірімдер тек ата-ананың жазбаша рұқсатымен ғана вакцина ала алады. Бала денсаулығы үшін маңызды процеске ата-аналарда қатыса алады. Яғни ата-ананың қалауымен бала вакцина алып жатқанда қасында тұруына болады.

Мамандардың сөзінше, екпе алған тұрғындардың барлығы өздерін жақсы сезінетіндерін айтады. Яғни вакцинаның еш кері әсері болмаған.

«Дүниеге бала келе салысымен де перзентханада алғашқы 12 сағаттың ішінде екпе егіледі. Нәрестенің сау боп өсуіне, жұқпалы аурулардан аман болуы үшін ай сайын салдыратын түрлі вакциналар тағы бар. Бұл да сол сияқты. Індетті жұқтырған жағдайда да, оған қарсы тұра алатын иммунитетті күшейтуге арналған вакцина», – деді маман өз сөзін толықтырып.

P/S: Вакцина салдыру, салдырмау – өз еркіңізде. Бұл ретте екпе әзірлеуде бірінші орынға саясат емес, адам өмірі қойылған деп тілейік. Себебі бірінші байлық – денсаулық!

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале