14.09.2020, 9:34
Оқылды: 89

Волонтер болу – жүрек қалауы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Еріктілер жылында түрлі іс-шаралар жүзеге асып, өміршең жобалар жалғасын таба түсті. 

Айдана волонтер

Бүгінде елімізде тіркелген еріктілер қатарында оқушылар, студенттер, жас мамандар, тіпті зейнеткерлер де бар. Жыл басында арнайы электронды платформаға тіркелген волонтерлар саны 800 адамды құраса, қазір ол сан 50 мыңнан асып жығылды. Еліме пайдамды тигізсем, мұқтаж азаматтарға көмек қолын созсам деген мейірімді жандардың саны артқаны қуантады. Ауданымызың волонтерлары да биылғы жылы жемісті еңбек етті. Қиын сәтте әр округте құрылған еріктілер тобы қолдарынан келгенше қиындықты жеңуге бір кісідей атсалысты. Волонтерлардың бір тобы пандемия кезінде бетперделер тігіп, оны тегін таратса, енді бір топ азық-түлікке мұқтаж отбасыларға қолғабыс етті. Тіпті, төтенше жағдай кезінде күзетте тұрған полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткен волонтерлар да болды. Бір қуантарлығы, аудан еріктілері өз бастамаларын бір реттік акция түрінде емес, толыққанды жоба ретінде өткізіп, әр істерін соңына дейін жеткізуде.

Волотерлар жылына өз үлестерін қосып жүрген еріктілер қатарында Нұрбол Тынышбаев пен Айдана Ғаббасова да бар. Жақсылық жасауды өмірлік ұстанымы еткен қос ерікті жас болса да осы кезге дейін көп адамның алғысына бөленген жандар. Талай қайырымдылық шаралары мен экологиялық акциялардың бастамашылары болып үлгерген олар бүгінде ерікті боламын деген әр азаматқа білгендерін үйретуге де дайын.

Айдана Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттің 4 курс студенті. Бала кезінен ата-анасымен бірге көмекке мұқтаж азаматтарға қолұшын созуды үйренген ол мектепте оқып жүргенде-ақ өзін жақсы қырынан танытқан жас. Қасым Аманжолов атындағы орта мектепті тәмәмдап, студент атанған шақта да түрлі көпшілік шарадан қалыс қалмаған Айдана ерікті ретінде талай жанға көмек көрсеткен.

- Бала күнімне ата-анам көмек сұраған адамға қолұшын беру керектігін үйретті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы болар, өсе келе өзім де қолымнан келгенше мұқтаж адамға көмек беруге тырысатын едім. Бірақ, «жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жалғыз өзім көп нәрсе жасай алмайтынымды түсіндім. Сол себепті университет қабырғасында жүргенімде көптеген шараларға қатысып, үлкен форумдар мен конференцияларды ұйымдастыруға қолғабыс ететін болдым. Көп адам еріктілерді тек мерейтойларда шауып, көңіл көтеретін немесе жадынамалар таратып жүретін адам ретінде көретін-ді. Бірақ бұл ойлағандай оңай дүние емес. Көпшілік шаралар барысында адам көзіне көрінбейтін олқылықтар болып жатады. Сол олқылықтың орнын біздер, яғни волонтерлар толырамыз. Волонтер болу – кез-келген жағдайға дайын болу, қиындықпен бетпе-бет келуден қорықпау,  қиындықтан шығар жол іздеуді үйретеді. Өзгеге білінбесе де, бұл да бір күрес сынды, - дейді волонтер бойжеткен.

- Еріктілер саны елімізде артып жатқаны рас, алайда кей сәттерде қатарымызға волонтер жетпей бастаған ісімізді белгіленген уақытта аяқтай алмай жатамыз. Сондай сәтте қамқорлыққа зәру адамдарға дер кезінде жете алмай қаламыз ба? - деп қатты қынжыламын. Бірақ, көмек алған адамның алғысы ерекше мотвация бере түседі, - дейді ол.

Қарттар үйіне немесе жалғыз басты қарияларға көмекке барғанда балалары бола тұра осындай хәлге жеткендеріне қарап, жүрегі ауратынын айтатын Айдана аудан жастарын волонтер болуға шақырады.

Бүгінде Бәйтерек колледжінің ІІІ курсында оқып жүрген Нұрбол Тынышбаев та тәжірибелі волонтерлардың бірі. Ол алтыншы сыныптан бері еріктілер қатарында.

Нұрбол волонтер

- Менің түсінігімде волонтер болу дегеніміз – риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, қызықты да əсерлі оқиғалардың ортасынан табылу. Тағдырдың талқысымен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан демеу болу, - дейді Нұрбол.

Мектеп жасынан волонтер болып жүрген жас жігіт өз ісінің  ұнайтынын және ерікті болуға ешқандай кедергінің жоқтығын айтады. Оның сөзінше, көпшілік волонтер болу дегенді түсінбей жатады екен, бірақ көріп білгенін достарына айтып, тәжірибесімен бөлісіп отыратын ол, достарын волонтер болуға шақырудан шаршамайды екен.

- Волонтерлардың көмегіне түрлі әлеуметтік топтағы жандар, жануарлар, тіпті қоршаған орта да зәру. Біздің мақсатымыз – ешкімді бөліп жармай, барлығына көмек көрсету. Мен ісіммен мақтанамын десем де болады. Бір сөзбен айтқанда, «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ, - деп сөзін қорытындылады Нұрбол Тынышбаев.

Ерікті жастардың айтуынша, волонтер бола жүріп, мұқтаж адамдарға көмек берумен қатар жақсы адамдармен танысып, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа тәжірибелерге есік ашуға болады екен.

Қоғамымызда ерікті жастардың жұмысы көбіне елеусіз қалатыны рас. Соған қарамастан Айдана мен Нұрбол өз істерін риясыз сүйеді. Әрі үлкен ынтамен атқарады.

- Бізді ешкім волонтер болуға мәжбүрлеген емес. Бұл – біздің жүрек қалауымыз. Волонтер болуды ешқашан доғармайтын да шығармыз. Өйткені, жасаған жақсылық екі еселеніп өзіңе оралады, - дейді жастар.

 

Аружан Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале