Кеше шекаралас Ресей Федерациясының Волжск қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кеңінен тойланды.
Шараға Жәнібек аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев қатысып, аудан атынан ресейлік қандастарымызды мерекемен құттықтап, естелік сыйлық пен құттықтау хатты Волжск қаласы басшысының орынбасары Екатерина Гиричеваға табыстады.
Сонымен қатар ол «Казахи Волжского» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Назаровқа алғысын білдірді. Наурыз мерекесінде концерттік бағдарламамен қоса спорттық шаралар өтті.
Соның ішінде қазақ күресінен біріншілік, қой көтеру, армрестлингтен жарыстар өткізілді.
Қазақ күресінен ақобалық Нұрәділ Мұстақ 70 келі салмақ дәрежесінде І орын алып «Өгіз палуан» атанса, +70 келі салмақта, яғни «Түйе палуанда» күміс жүлдеге ие болды.
Ресейлік қандастар Қазақстандағы ұлттық спорттың дамып келе жатқанын айтып, соның ішінде Жәнібек ауданындағы спорттың дамуы ерекше екендігін атап өтті.
Наурыз мерекесін тойлауға, спорттық шараларды көруге халық көп жиналды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz