3.04.2025, 9:15
Оқылды: 154

WKC каратэ: Азия чепионатына алғашқы қадам

«Тасқала» спорт кешенінде аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен WKC каратэ-до шотакан бойынша балалар, кадеттер, жастар және ересектер арасында ашық біріншілік өтті.

фото 10

Жарыс саламатты өмір салтын насихаттап, алдағы Азия чемпионатына дайындық мақсатымен ұйымдастырылды. Біріншілікке сегіз команда қатысып, татамиге 100-ден астам спортшы жеті категория бойынша шықты. Сайыстың ашылу салтанатында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Алмаз Тұрқаев қатысушыларға сәттілік тілеп, оларды қолдауға келген жанкүйерлерге алғысын білдірді. Каратэдо WKC федерациясының вице-президенті Фархат Жалмурзин де сөз сөйлеп, жарыстың маңызына тоқталды. Ол Тасқала ауданында әлем чемпиондары мен спорт шеберлігіне үміткерлер бар екенін атап өтіп, бапкерлер мен спорт мектептерінің еңбегіне тоқталды.

– Осы сәтті пайдаланып, өз атымнан және WKC федерациясы атынан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бүгінгі барша қатысушыны жарыстың ашылуымен құттықтаймын. Жеңіліс тапқан спортшылар, мойымаңдар! Жеңіліс – сабақ. Әр жеңілістен тәжірибе алып, алдағы жарыстарда үздік нәтиже көрсетуге тырысу керек. Бүгінгі татамиге шығып, жарысқа қатысудың өзі – үлкен нәтиже. Ал жеңіске жеткендер болса, ата-ана және федерация үшін үлкен нәтиже. Жеңімпаздар үшін бұл – Азия чемпионатына жол ашатын маңызды қадам, – деді Фархат Қазбекұлы.

фото 3

Төрешілер белгі беріп, жарыс басталған сәттен-ақ татамиде қызу тартыс өрбіді. Әр спортшы жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып, жоғары дайындығын көрсетті. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Бәйтерек ауданының командасы топ жарып, жарыс жеңімпазы атанды.

фото 12

Екінші орын тасқалалықтарға бұйырса, ІІІ орынды «Орал Батыс Номад» командасы еншіледі. Біріншіліктің жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан марапаттарға ие болды. Бұл дода жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып, оларға алдағы додаларға деген сенім сыйлады. Айта кетейік, бұған дейін Чебоксарда өткен жарыста ауданымыздың 11 спортшысы сәуір айында болатын Азия чемпионатына жолдама алған еді.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале