Былтыр Бәйтерек ауданына қарасты Новенький елді мекені маңында құрылысы басталған «World Green Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешені іске қосылды. Өңір тұрғындарын жыл бойы көкөніспен қамтитындай қауқары бар кәсіпорын 17 гектар жерді алып жатыр. Оның 12 гектары – жылыжай. Серіктестік башысы Мұрат Ибрагимовтың айтуынша, аталмыш жылыжай кешені облыстағы ең ірі көкөніс өндіретін орын екен. Бұған қарайлас кешен Алматы облысында ғана бар көрінеді.
Кешен құрылысы кезінде жергілікті 150 тұрғынды жұмыспен қамтыған, қазіргі таңда тағы 150 адам кешен ішінде жұмыс жасауда. Толықтай автоматтандырылған жылыжай компьютерлік бағдарламалар арқылы жұмыс жасайды. Көкөніс өсірудегі адам факторы көп емес екен.
-Заманауи технологиямен салынған біздің жылыжайдағы қияр мен томат Голландия елінде шығарылған гидропоникалық әдіспен өсіріледі. Алғашқы өнімімізді алдық. Оралда шығарылған қияр мен томат көршілес Ресей елі мен Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларына жіберілді. Кешен жылына төрт мың тоннаға дейін томат, 3800 тонна қияр шығарады,- дейді «World Green Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Ибрагимов.
Одан бөлек, серіктестік басшысы кешен толық күшіне еніп жұмыс басталған шақта өңірдегі көкөніс өнімдерінің бағасы төмендейтініне сенім білдірді. Қазіргі таңда Мәскеу, Пермь, Орск, Омск сияқты көрші елдерге қияр мен қызанақ экспорттап отырған кәсіпорын облыс сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, еліміз бен Ресейдің басқа да қалаларына тауар жеткізуді жоспарына енгізген.
-Қазір 150-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта олардың санын арттыратын болмыз. Тек жақын маңдағы ауыл тұрғындарын ғана емес, қаладан келген азаматтарды да жұмысқа алған соң, оларды арнайы автобуспен алып келеміз және бір мезгіл түскі уақытта ыстық тамақпен қамтамасыз еттік,-дейді серіктестік басшысы Мұрат Ибрагимов.
Сондай-ақ «World Green Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысшыларын жаңа технологиямен жұмыс жасауға үйретіп қана қоймай, қажет болған кезде оқытуға да дайын екенін кәсіпорын басшысы өз сөзінде айтып өтті. Әлі екі жыл кешен жұмысын бақылап, жергілікті тұрғындарға жаңа технологияның қыр-сырын үйрететін Голландиялық мамандар өз міндеттерін толығымен атқармақшы екен.
Облысымызды ғана емес, көрші ел мен алыс-жақын аймақтарымызды сапалы әрі экологиялық таза қияр және томатпен қамтамасыз ететін кәсіпорын ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ресми түрде ашылды.
Пайдаланылуға берілген жаңа нысанның тұсаукесеріне облыс әкімі Ғали Есқалиев, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов және кәсіпорын жұмысшылары қатысты.
-Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекелеріне орай жаңа жылыжай кешенін аштық. Бұл – еліміздегі ең ірі жылыжайлардың бірі. Оны салу оңай болмады. Өйткені кешен жаңа технологиямен салынды. Барлық жағынан ойластырылған жылыжай салуды қолға алу арқылы компания басшылығы үлкен тәуекелге барды. Бір жыл дегенде ресми түрде ашылып жатыр. Енді қыруар еңбек өз жемісін береді деген ойдамын. Бұл кешен ел Президентінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ішкі нарықты отанымызда өндірілген өніммен толтыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға облысымыздың қомақты үлесі болатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта жылыжай алаңдарын ұлғайту жоспарда бар. Осындай елге пайдасы тиер жобаларды облыс әкімдігі қашан да қолдайды,- деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Болашақта жылыжай кешені өңіріміздегі азық-түлік тапшылығын жоюға өз септігін тигізетін кәсіпорын болады дегенге сенім білдірген облыс әкімі 150 жерлесімізді жұмыспен қамтып отырған компания басшылығына ризашылығын білдіріп, тез арада толық күшіне еніп жұмыстануға тілектес екенін жеткізді.
Одан бөлек, өңір басшысы өз сөзінде аталмыш кешеннің бой көтеруіне үлес қосқан Тілек Шектібаев және Фарух Махмудов сынды кәсіпкерлерге ерекше алғысын жеткізді.
Кейін «World Green Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Ибрагимов сөз алып, жобаның іске асырылуына үлес қосып, қолдауын білдірген өңір басшысына алғысын білдірді.
14 млрд. теңгеден астам қаражатқа тұрғызылған жылыжай кешенінің жобасына жеңілдетілген несие түріндегі мемлекеттік қолдау, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік желілерді тартуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген.
Жалпы жылыжайлардың орналасуы логистика тұрғысынан өте тиімді. Бір жағынан, облыс экологиялық таза аймақ болса, екінші жағынан, қалаға жақын және тоғыз жолдың торабында тұр.
Ресми ашылуынан соң облыс әкіміне жылыжайда шығарылған өнім көрмесі ұсынылды. Одан соң жылыжай ішіне енген Ғали Нәжімеденұлы жұмысшылармен тілдесіп, көкөніс егудің жаңа технологиясымен танысты.
Өңір басшысын жылыжай жұмысымен таныстырған кешен агрономы Алина Бабабекованың айтуынша, кәсіпорын томаттың мерлис және торреро түрлерін шығарады екен.
-Біз өндіретін торреро томатының салмағы 250-ден 750 граммға дейін барады. Ал мерлис томаты 650-750 грамм болады. Одан бөлек мева атты қияр егеміз. Көбіне томатты экспортқа жібереміз,- деді агроном Алина Бабабекова.
Одан бөлек, кешен агрономы томатты жыл бойы, ал қиярды күзде және көктемде егетінін де айтты.
-Бір жылдан бері осы орында жұмыс жасап келемін. Жұмыс өзіме ұнайды. Ең бастысы өз мамандығым бойынша жұмыстанып келемін. Болашақта шеберлігімді шыңдап, өз ісімнің нағыз маманы болуды армандаймын,- дейді агроном Алина Бабабекова.
Кәсіпорын жұмысшылары да разы. Бізбен тілдескен Гүлмира Хожина өз сөзінде жұмыс ұнайтынын айтты. Қалада тұратын Гүлмира сұрыптаушы қызметін атқарады екен.
-Базарлар мен шетке шығатын тауар біздің қолымыздан өтеді. Қиярдың жарамдысын іріктеп, арнайы қорапқа саламыз. Бізді жұмыс орнымызға алып келетін арнайы көлігіміз бар. Түскі аспен қамтамасыз етеді. Жалпы жұмыс та, жалақы да көңілімізден шығады,-дейді Гүлмира Хожина.
Тағы бір жұмысшы Мәстура Мақауова да жылыжай кешеніндегі жұмысына көңілі толатынын айтады. Дүкендегі жұмысын қойып, жылыжайға келген ол өзінің осы шешімі дұрыс болғанына сенімді.
Қалалар айналасында агро азық-түлік белдеуін құру жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету және көкөніс бағасының өсуін маусымаралық кезеңмен теңестіру жөніндегі стратегиялық міндетті шешуге ықпал етеді. Енді экологиялық таза көкөніс бақшадан тікелей сауда желілеріне түсетін болады. Сондай-ақ тұтынушылар сапалы өнімді сатып ала алуға мүмкіндік алатын болды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz