20.11.2025, 15:49
Оқылды: 36

Хайптан қайыр жоқ!

Кейбір ауылдардағы тұрғындар «блогер шақырып, шу көтерсек, жол жөнделеді, басқа да мәселе шешіледі» деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Ол нақты істеліп жатқан жұмыстарға кері әсерін тигізетінін ұмытпаған жөн.

6feebd5f-a6c3-4c67-a875-9c853b6817ae

Переметный мен Белес ауылдық округтарында өткен есептік кездесулерде аудан әкімі Марат Тоқжанов осы жайтқа да назар аударуға шақырды. «Биыл біз Переметный ауылдық округына қарасты Қаражар мен Поливной елді мекендеріне баратын жолды жөндеп бітіруді жоспарлағанбыз,-деді Марат Лұқпанұлы.-Алайда бюджеттен қаржы жөнді бөлінбеуіне байланысты жөндеу жұмыстары тоқтап қалды. Соған орай мердігер компания басшыларымен келісіп олардың есебінен осы жұмыстарды аяқтағымыз келген. Мердігер техникаларымен келіп жұмысты бастап жатқанда блогерлердің, өзгелердің көтерген айқай-шуына шыдамай кетіп қалды. Қайталап айтамын, бұл жерде бюджеттің қаржысы болмауы себепті мердігерлерге талап қоя алмаймыз. Біз өзара келісіп олардың көмегімен жолды жөндегіміз келген. Алайда мынадай жағдайдан кейін оның бәрі қалды. Енді қазынадан қаржы қашан бөлінеді, жұмыс сол кезде жалғасын табады. Егер блогері бар, басқасы бар, осынау ауылдарға шын жандары ашыса неге сол жолдың жөнделуіне өздері жәрдемдеспейді? Сол себепті барлық жұмыс өз күшімізбен, жоспарланған қаржы шеңберінде жүзеге асырылатынын ұмытпаған жөн. Басқа жақтан келіп, халықтың мұң-мұқтажын хайп үшін қолдану мәселенің түпкі шешімін табуға көмектеспейтінін түсінуіміз керек».

IMG-20251120-WA0019

Переметный ауылдық округінің әкімі Алексей Герасимов өз баяндамасында негізінен санитарлық тазалық, абаттандыру секілді жайттарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл көктемде өткен есептік кездесулер кезінде ауыл тұрғындарымен көтерілген мәселелер шешімін тапқанын айтты. Мәселен, Поливное ауылындағы трасформаторды жаңалау, Әуезов көшесі бойындағы күл-қоқым контейнерін басқа орынға ауыстыру секілді мәселелер көп кешікпей шешілді. Өткен он ай ішінде 13 қоқыс орны жойылды. Переметный, Қаражар, Болашақ ауылдарындағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ТҚҚ) полигонына тазарту жұмыстары жүргізілді. ТҚҚ демекші, жыл басынан бері оны шығарып, тазалаумен айналсатын жергілікті «Кабдыкаирова К.Б.» ЖК пластик құтыларды жинап, престеп әрі қарай өңдеуге жеткізу бағытындағы жұмыстарды жақсы атқаруда. Таяуда қоқым шығаруға арналған жаңа көлік алынды. Жалпы бүгінгі таңда аудан орталығында 56 контейнер бар. 20 контейнер алаңы қоршалды. «Кейбір ауыл тұрғындары мұнда күл-қоқымнан бөлек теректің бұтақтарын, құрылыс материалдарының қалдықтарын, көң, шөп секілді заттарды әкеліп төгеді,-деді Алексей Викторович.-Бұл контейнерлердің уақытынан бұрын толуына, тасымал кезде жүктеменің артуына, кей жағдайда арнайы техниканың бұзылуына алып келеді. Осындай деректерді болдырмас үшін контейнерлік алаңдарға 30 бейнекамера қойылуда. Жыл басынана бері әкімдік қызметкерлерімен абаттандыруды бұзу бойынша 102 ескерту берілді. Учаскелік полиция қызметкерлерімен 27 адам жауапкершілікке тартылды. Көшеде жүрген малға қатысты 15 хаттама толтырылды».

Белес ауылдық округінде де осының алдындағы кездесуде көтерілген мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жүруде. Ауыл әкімі Бақытгүл Жүнісованың сөзіне қарағанда, Белеске спорттық кешен салу бойынша «Жайық Петролиум ЛТД» компаниясына ұсыныс жасалған. Қазір зауытпен арада меморандум жасалып, құрылыс жұмыстарды келер жылдың көктемінде бастауға уағдаласылды.

-Биылғы шілде айында Белесте ұзындығы 1 шақырым 20 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы салынды. Округ орталығындағы басты көше болып саналатын А.Құнанбаев көшесіне 75 элетр шамы орнатылды. Басты көшелердегі көлік жылдамдығын азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсізігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды бұдырлық (лежащий полицейский) төселді. Сонымен қатар «Жайықмұнай» компаниясының демеушілігімен ауылдың кіреберіс жолына 2 бейнебақылау камерасы қойылды,-деген Бақытгүл Батырбекқызы көптен күткен ауыл мектебінің күрделі жөндеуден өтуіне атсалысқан аудан басшылығына, осы жердің тумасы, ҚазИИТУ кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімовке, аудандық мәслихат депутаттарына, «Жайықмұнай» ЖШС жетекшілеріне алғысын айтты. Сондай-ақ қайырымдылық акциясына әрдайым жәрдемдесіп келе жатқан кәсіпкерлерге, ауыл азаматтарына да ризашылығын білдірді.

Жиын барысында ауыл тұрғындарымен қойылған сұрақтарға байланысты аудан, ауыл әкімдерімен, құзырлы құрылым өкілдерімен жауаптар берілді.

Қуаныш ҚАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале