27.01.2022, 17:00
Оқылды: 56

Халқына қадірлі Қадірәлі ата-Бекмағамбет халфенің шәкірті

Бөкей ордасы ауданына аңыз адам, қасиеті кеңге танылған  жан атанған қарапайым шаруа Қадірәлі Бекқазыұлы 1891 жылы Бисен кеңшарына қарасты "Бесінші" ауылында дүниеге келді. Екі-ақ сыныптық білімі бар бала Қадірәлі жастайынан арабша әріп танып, Құран сүрелерін оқуға ынтық болып өскен. Уфада білім алып, халфе атанып келген Бекмағамбет халфенің алдын көрген жан. Бекмағамбет халфенің 15 шәкіртінің бірі – Қадірәлі зерек, алғыр болды. Кейін 16 жасынан бастап еңбекке араласты. №88 түйе зауытында жұмыс жасап, бригадир болды. «Ақкөл» учаскесінде еңбек еткен. Өте қайратты, жұмыскер, батыл, батыр тұлғалы адам болған деседі.

17

«Бекқазының бес қасқыры»

Қадірәлі ата бауырларымен ел аузында "Бекқазының бес қасқыры" атанған. Өйткені  Қарасай, Қазы, Әзиәлі, Нәдірәлі, Шман атты бауырлары жан-жақты болған жандар. Олар өнерлі, білімді, палуан, шабандоз, ұста, шебер, мерген,  домбырашы болған азаматтар екен.  Жалғыз Жібек атты  қарындастары да ақылына көркі сай ару болған. Мәселен, Қази атты бауыры көпте танымал домбырашылар әкелі-балалы Ермек пен Асылхан Қазиевтердің аталары болса, Қадірәлі ата өзі мінетін тұлпарлардың ат әбзелдерін өзі жасаған ұста еді. Ата 1932 жылы коммунистік партия қатарына өтіп, мінсіз қызмет атқарды. 1952 жылы полигон аймағына өтуіне байланысты ауыл адамдары жан жаққа көшірілгенде, Қадірәлі атаның отбасы да елмен бірге Жаңақала ауданына қарасты Пятимарға көшеді. Пятимарда «Буденный» жылқы зауытына жұмысқа жіберіледі. Кейін аға шопан болған. Адал еңбек етіп, ауылдастар алғысына бөленді. Өмірлік зайыбы Тұрсын әже екеуі тату тәтті ғұмыр кешті. Тұрсын әже – 14 құрсақ көтерген батыр ана. Тұңғыштары Ұрқиядан соң бала тұрмаған соң, өмірге түйе күзейтін кезде келген ұлының есімін Күзембай деп атап, қазақтың жоралғыларын жасап, ырымдарын орындап, өсірген. Одан кейін Төлебай ( беріректе қайтыс болды), Роза есімді қызы дүниеге келген.  Роза апа бес жасқа толғанда, ғазиз жан Тұрсын әже өмірден өтті.  Қадірәлі ата балаларына қамқор болады-ау деп Жаңылғаным әжеге үйленеді. Жарын жаңылмай тапқан Қадірәлі атаның үміті ақталды. Жаңылғаным әже балаларды өз анасындай мейірімге бөлеп, қамқорлады. Балаларынан тараған немере- жиендерін де арқалап өсіріп кетті. 1962 жылы  ата отбасымен  туған ауылға оралады. Туған топырағының маңынан, нақтырақ айтсақ, №4 ферманың «Қанатқали» деген елді мекенінде қой бақты. Ерен еңбегі бағаланып, ауданнан марапатқа ие болды. 1966 жылы «Бегәлі» пунктіне келіп, сиыр бақты. 1982 жылы «КПСС қатарында 50 жыл» атты төсбелгімен марапатталды.

Сол марапатты 1982 жылы марқұм Чарльз Қойшыбаев екеуіміз үйіне апарып бергеніміз есімде. Ол кезде  Чарльз Қойшыбаев  Бисен кеңшарының партия комитетінің хатшысы болған еді. Ал Қадірәлі ата зейнеткер әрі осындай төсбелгіге ие болған бірегей адам еді. Ол кісіні бала кезімізден танимыз ғой. Өзі ірілеу, аппақ сақалы бар, сабырлы да қарапайым жан еді. Айтар әзілі де болды. Сонымен қатар ол молда болды. Құрбан айт кездерінде үлкен адамдар бір-бірінің үйіне барып аралап жүргенде «Партия да, дін де адамды адал еңбекке үйретеді» деп жиі айтып жүретін. Айтқанымдай, ол арабша танып, құран оқыған адам болды, ол кезде атеизм басым болғанмен Қадірәлі атаға барып, біреуі «дініңді насихаттама!» деп айтуға бата алмайтын.  Өйткені ол үнемі жақсылыққа жол нұсқап жүретін. Тіпті құран кәрімді білемін деген жанға үйреткені де есімде. Бисендік Темірхан Әжіханов сол адамнан дұға мен мәйітті соңғы сапарға аттанудың салт-жоралғысын үйреніп, кейін күллі ауылға молда болды. Мал бағудағы бабалар тәжірибесін балаларына айтып, малды қайда жайып, қай жерді демалдырту қажеттігін ескертіп отыратын. Бір сөзбен айтқанда, Қадірәлі атаның қасиеті қазық болды, өсиеті азық болды, – деп еске алады жерлес ақсақалды Тілеген Арыстанбеков.

Ерен еңбек иесі еселі  еңбек ете жүріп, өнерді де тастамады. Домбыраны солақай шертіп, суырып салма өлеңдер айтатын. Тамылжыта ән салатын-ды.

Жаратқанға сыйынып өтті

Алла жолында да көңіліне дақ түсірмей, бір Жаратқанға сыйынып өтті. Зейнеткерлікке шыққасын дін жолын қатты ұстанды. Құран ашып, алдына ем іздеп  келген адамдарға шарапатын тигізе бастады. Емі жоқ деп дәрігерлер алдынан қайтқан талай  науқастар Қадірәлі атаның оқыған дұғаларынан, емінен аяққа тұрып кетіп жатты. Үлкен кіші демей, ауру түріне қарамай,  алдына келген адамдарға жылы сөзімен дем беріп, Құран оқып, шипасын дарытты. Қазақша айтқанда шайтан қаққан, жел тиген, ішіне жын кірген адамдарды да үш күн, үш түн Құран сүрелерін оқып, құлан таза айықтырып, сау  адам қатарына қосқан.

Бірінде бір ана  қояншық ауруымен ауыратын ұлын ертіп келіпті. Бармаған дәрігері, қаралмаған бақсысы болмапты. Бар үміті атада екен. Ата сөзге келместен “үйіңнен қара ешкі алып кел” депті. Қара ешкіні алып келіп, ортаға ауру баланы отырғызып, қара ешкіні өзінің немересі Қанағатқа жетектетіп, баланы айналдыра беріпті. Өзі іште сарнатып Құран оқып отырыпты. Бірер сағат өткеннен кейін ауру бала ұйықтап қалады. Содан соң ата үйден шығып, ешкіні босатып жібереді. Қара ешкі орнында бірнеше рет айналып, айналып отарға қосылып жүре беріпті. Ұйқыдан тұрған ауру бала сап сау боп айғып тұрыпты. Қазір ауылда ұрпақ өсіріп, бақ қуатты өмір сүріп жатыр.

Бір ауылдасын бүйе шағып, шаққан жері күп боп ісіп, атаның алдына келеді. Қадірәлі ата әлгі адамды бір отар қойдың ортасына отырғызып қойып,  өзі сыртынан Құран оқи бастайды. Жайылып жүрген қойлардың бірі ана ауру адамды иіскегенде, сол қойды табан астында сойып, шикі өкпесімен әлгі шаққан жерді қағады екен. Қақан кезде ісіп тұрған жерлер тесіліп, бүйенің уы шығады екен.

Атаның алдына  баланы сүндетке отырғызу, көз тиген баланы емдеу үшін алыс-жақыннан арнайы келетін болғ ан. Барлық ауруды емдеген. Тілі шықпаған, дәреті жүрмей қалған балаларды Құран оқып, ішірткі дайындап беріп емдеген. Тек арақ ішкен адамдарды емдемеген. Адамға ғана емес, ауру малға да ем жасаған. Мұсылмандық құлшылықтарды  орындап, бес уақыт намазын, оразасын қаза қылмай, Алла алдындағы міндетін адал өткерген жан.

Емшілік қасиетіне қоса көріпкелдігі де бар еді. Кеңес кезінде  дала қызықтары жиі ұйымдастырылып тұратын. Жеңіс күніне, еңбеккерлер күніне, сабантой, т.б. мейрамдарда дала қызықтары өтіп, ат бәйгесі, күрес, ұлттық ойындар өтіп, Бисен ауылы, үш фермасы, көрші ауылдар келіп қатысады екен. Сол дүбірлі ат бәйгесінде Көктерек елді мекенінде тұратын бір отбасының жүйрік жылқысы болыпты. Бәйгенің алдын бермейді екен. Сол дүлдүлге кеңшар әкімшілігі қызығып, кеңшардың меншігіне алғысы келеді. Бір күні әй- шәй жоқ: «Жүйрік жылқыны кеңшарға тапсырасың, бәйгеге кеңшардың атынан қатысатын болады. Дайындап қой, ертең алып кетеміз»,- деп кеңшар қызметкері шығып кетеді. Өзі баптаған жүйрігінен айырылғысы келмеген бапкер лажсыздан ақыл сұрап Қадірәлі атаға келеді. Қадірәлі ата «Сұраса бер, қарсыласпа,  тек жалынан, құйрығынан екі тін кесіп алып қал»-, деп ескертіп, басу айтып шығарып салыпты. Келесі жылы кеңшардың атынан шыққан жүйрік бәйгеден жүлде алмапты. Келе келе шабысы да азайып, додаға қатыстырылмапты. Кейін бір қойшыға мінгі ат етіп беріп жіберген екен.

18

Қасиеті кейінгіге қазық болды

Ұзақ жылдар адал еңбек еткен Қадірәлі ата мен Жаңылғаным әже мал шаруашылығын, аса таяғын ұлдары Күзембайға  табыстап, аудан қайта құрылып, зейнет жасына жеткенде Бисен орталығына көшіп келді. Ауылға келгенде де қолынан Құранын тастамай, ауыл адамдарына қолынан келген көмегін аямайтын. Аты аңызға айналған Қадірәлі ата 1982 жылы 16  желтоқсанда, Жаңылғаным әже 1987 жылы қарашада дүниеден өтті.  Қадірәлі атаның басына зиярат етушілер толастаған емес. Қорымда жерленген жақындарына Құран оқуға  келген жандар алдымен атаның зиратына келіп, рұқсат сұрайды. Жолға шыққан жолаушылар ақтықтарын байлап, емге шипа іздеп келген адамдар су, сабындарын қойып шын көңілден ниет етіп  келіп кетеді. Оның қасиеті дүние салған соң да көрініс тапқан.

Бірде атаның баласы малын жоғалтып алып, мал сатушы азаматтан күмәнданады да одан жоғын сұрап барады. Әлгі ер адам оның малын тіптен көрмегенін айтып, ақбезер де көкбезер болады. «Алған болсаң айт, әйтпесе атамның аруағы жібермейді» деп ескертеді. Айтқанға құлақ аспаған ауылдасы малын көлігіне тиеп бара жатқан келесі сапарында ауылдан екі шақырып жердегі зираттан аспай көлігі тас төбесіне төңкеріліп түседі. Дәл сол зиратта Қадірәлі ата жерленген еді. Содан әлгі азамат ауылдан жер аударылып кетеді.

Қадірәлі атаның ізін ұлдары мен ұрпағы жалғастырса, діни жолын қызы Роза апа мен Төлебай атты ұлының баласы Әділжан деген немересі ұстанып келеді. Әділжан қазір Қаратөбе аудандық мешітінің имамы.

Халқына қадірлі болған Қадірәлі атаның қасиетін ауылдың шежірешісі Есқайрат ата Өтепқалиұлы барда, ұрпағына айтып отырар, атаның қызы Роза Қадірәліқызы барда ұмытылмайды.

Екатерина Мөкешева,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале