Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданына келді.
Сенаторлар аудандық аурухананы аралап, тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен танысты. Одан кейін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған, көп балалы аналармен кездесті.
Басқосуда сенаторлар «Атаулы әлеуметтік көмек төлеу туралы» заңға енгізілген өзгерістерді толыққанды түсіндіріп, егжей-тегжейлі баяндады. Жиында Жаңақала ауылының тұрғыны Нұргүл Төлегенова пәтер жалдап тұратыны себепті тұрғын үйге тіркеуге тұрға алмағандығын, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай келгенін жеткізді.
Ал жалғыз басты ана Жансұлу Садықова балаларына жәрдемақы төленбейтінін мәлімдеді. Басқа да аналар тұрғын үй мәселесін, атаулы әлеуметтік көмек алудағы кейбір келеңсіздіктерді тізбектеп ашық айтты. Жалпы үй-күйсіз жүрген көп балалы аналар «Тұрғын үйге тіркеуге отыру міндетті» деген шарт жағдайды одан бетер қиындатып тұрғанын жасырмады. Ал тұрғын үйде тіркеуде болмаса атаулы әлеуметтік көмек ала алмайтыны белгілі. Осы жағдайға өкпелі аналар сенаторларға ұсыныс-тілектерін жолдады. Сенат депутаттары аналардың тілегі ескерусіз қалмайтындығын айтып, түрлі түйткілдерді шешу жолында жұмыстанатындарын мәлімдеді.
Бұдан соң халық қалаулылары рухани орталық ғимаратына ат басын бұрып, мұнда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жұмысымен, жақында ашылған «Самғау» коворкингімен де етене танысып, ауданның рухани-мәдени дамуына оң баға берді.
Содан кейін аудандық рухани орталық ғимаратында аудандық бөлім және мекеме басшылары, ветеринария бөлімінің мамандары, ветинспекция саласының қызметкерлері және жастармен жүздесті. Жиында күн тәртібіндегі «Ветеринария саласындағы құқық бұзушылық мәселесін талқылау» мәселесімен қатар, ветеринария саласындағы кемшіліктер, мал ұрлығы, басқа да түйткілдер талқыланды.
Алқалы жиында Нариман Төреғалиев ауданға келгендегі мақсат-міндеттерін тілге тиек етіп, заңдағы өзгерістерді айтып берді. Әсіресе, мал ұрлағандарға, заңсыз аң аулағандарға, ішімдік ішіп көлік жүргізгендерге биылдан бастап жазаның қатал екендігін ескертті. Әрі мұндай қылмысқа барғандарға кешірім жоқтығын хабарлады. Сонымен қатар осы жиында Мұқыр ауылының ауылнайы, аудандық мәслихат депутаты Энгельс Әлмұханов соңғы жылдары аудан көлемінде мал ұрлығының көбейгенін айтып, алдын алу жұмыстары кемшін түсіп жатқандығын көтерді. Келесі кезекте аудандық статистика бөлімінің басшысы Қайырғали Жаймов Бірлік пен Жаңажолдан басқа ауылдық округ тұрғындары мал санын нақты бермейтіндігін, өлген, сатылған малды есептен шығармайтынын жеткізді. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин де ветеринария саласындағы орын алған кемшіліктерді баяндап, ең алдымен ветеринарлар мен құқық қорғау саласының өкілдері мал ұрлығына жол бермеу керектігін тілге тиек етті.
– Парламент депутаттары еліміздің өңірлерін аралап, жергілікті халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдау бағытында кездесулер өткізіп жүр. Аудан аймақтардың әр саласының жай-күйімен танысудамыз. Ауданның ахуалын біліп, сіздердің ой-пікірлеріңізді тыңдайық деген ниетте басқосып отырмыз. Иә, осы жылы көптеген заңға өзгеріс енгізілді. Алдағы уақытта елімізде тәртіп қатал болады. Мал ұрлығымен айналысатындардың жазасы күшейтілді. Мемлекет тарапынан кәсіп ашам, мал шаруашылығын дамытам деушілерге қолдау мен көмек бар. Соны уақытында қолданып, ойлаған мақсаттарын жүзеге асыруға әрекет ету керек, - деді Ерболат Мұқаев.
Ақсұңқар Сәдір
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер