15.08.2022, 20:21
Оқылды: 41

"Халық көтерген мәселе орындалды ма?"

Сырым ауданы орталығындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев аудан орталығының тұрғындарымен кездесті.

1660566327423

Кездесу жиынына аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудан әкімі аппаратының басшысы Медет Мырзаш, аудан прокуроры Нартай Байменов, мекеме басшылары қатысты.
Ауылдық округ әкімі Мейрам Қайырғалиев аудан орталығында атқарылған жұмыстарға, кейбір шешімін табуға тиісті мәселелерге тоқталды.

1660566327440

Мәселен, ауыл әкімінің айтуынша, ауыл тазалығы, малды жұқпалы індеттерге қарсы екпеден өткізу, жабайы ит, мысықты жоюда жұмыстар атқарылса да, әлі де шешімін табарлық жұмыстар бар. Яғни, аудан халқының игілігі мақсатында 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынбақшы болса, ол жұмыстар Өлеңті және Жымпиты ауылы орталығында қолға алынбақшы. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру мақсатында Жымпиты ауылы орталығында 4 электр шамы, Өлеңті ауылында 2 электр шамы қосымша ретінде орнатылмақ. Ал аудан орталығының шетінде орналасқан зиратты қоршау жөнінде тұрғындардың көтерген мәселесіне орай атқарылар жұмыстың қаражат көлемі анықталып, жобасы жасалмақ.
Бүгінгі өзекті мәселе – бақташының тапшылығы. Әсіресе, ауыл ішінде үйірімен жылқылар жүретін болды. Бағусыз жүрген жылқы, ірі қара малының иелеріне жергілікті полиция өкілінің қатысуымен айыппұл салынуда. Бірақ мал иелері бұған пысқырып қарар емес. Қырлық алқапта жылқы бағатын бақташылар бар. «Жылқы иелері осы бақташыларға неге малдарын қосып баққызбайды?» деген сауалдың көкейде тұрғаны бар.
Кездесу жиынында зейнеткерлер Сәлімгерей Тәжібаев, Гүлбақша Ерғалиева, Әнуарбек Ғалымов жылқы бағымы, ауыл тазалығы ауыл шетіндегі зиратты қоршау сияқты мәселелерді көтерді.

Көтерілген мәселелерге ауыл әкімі тұшымды жауаптар беріп, атқарылар жұмыстарға тоқталды.
Кездесуді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
– Тоқсан сайын өткізілетін тұрғындармен кездесу ашық, еркін деңгейде болуы тиіс. Бастысы халық көтерген мәселе орындалды ма? Міне, кездесуде осыған назар аударуымыз қажет. Әрине, қаржы қиындығы қолбайлау болуда екендігі рас. Соған қарамастан, жолдарды тегістеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, ауылды абаттандыру сияқты жұмыстар жалғасуда. Бүгіндегі өзекті мәселе – жылқы, ірі қара малының бағусыз, көшелерде еркін жүруі. Тіпті, кешкілікте саябақтың есігін ашып, сиырларын жіберіп қоятын тұрғындар да бар. Бұл, әрине, саналы адамды ойландыратын жәйт болуы тиіс. Ауданда қоршаусыз тұрған 47 трансформатор болса, соның 10-ына ғана қаражат көзі қарастырылған. Адам өмірін, әсіресе, балаларды электр қуатынан қорғау үшін бұл жұмыстары да қолға алып, тындырған жөн. Бастысы – негізгі мақсат, мүдденің орындалғаны абзал. Мемлекет басшысы да жергілікті билік өкілдерінен осыны талап етуде, - дейді аудан басшысы.

Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zahikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале