БҚО гір спорты мен қол күресі федерациясының президенті, облыс орталығындағы облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы, жерлесіміз Мұрат Ибатов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аталған спорт түрінен «Халықаралық дәрежедегі спорттық төреші» атағын алғандығы жөнінде жариялады.
БҚО аға жаттықтырушысына бұл атақ 2022 жылдың қараша айында берілгенімен, құжат 2023 жылдың 24 тамыз және 03 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өткен жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасындағы 44-ші әлем чемпионатында табысталды.
Мұрат Ибатов 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін Орал қаласындағы №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қол күресі үйірмесінің жаттықтырушысы қызметін атқарды. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде қызмет атқарып келеді. 2015 жылы алғаш рет Малайзияда өткен әлем чемпионатына екі спортшыны апарып, екеуі де өз салмақ дәрежелерінде 4 орынға тұрақтаған. Спортшылардың жетістігі жаттықтырушыны жігерлендіріп, ол шәкірттерінің жеңіс тұғырынан көрінуін мақсат етті. Сөйтіп 2016 жылы қол күресінен Болгарияда өткен әлем чемпионатында қыздар арасында шәкірті Әсел Жұмағамбетова күміс жүлдеге ие болса, Кенжеқыз Қаупенова қола жүлдені иеленіп, 2017 жылғы Венгриядағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Ал тағы бір шәкірті Меруерт Байниязова 2021 жылы Румынияда, 2022 жылы Түркияда қол күресінен өткен халықаралық додада алтынға ие болды. 2022 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатында Алинура Маратова алтыннан алқа тақса, Жанна Қазтуғанова қола жүлдеге ие болды.
2023 жылдың 24 тамызы мен 3 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасында 44-ші әлем чемпионатында да 55 келі салмақ дәрежесінде Жанна Қазтуғанова күміс жүлдені иеленсе, 45 келі салмақ дәрежесінде Гүлсезім Төлеген алтынға ие болып, еліміздің көк байрағын желбіретіп, халықаралық додада әнұранымыз шырқалды. Бұл әрине жаттықтырушының және спортшының ерен еңбегінің ақталғаны.
Еліміздің спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін Мұрат Ибатов 2022 жылдың 5 желтоқсанында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің №406 бұйрығымен «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды. Ал 2016 жылдан бастап, елдегі чемпионаттарда төрешілік етіп келеді. Бүгінде «Халықаралық дәржедегі спорттық төреші» атағына ие болып отыр.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz