10.07.2018, 10:12
Оқылды: 157

Хан ордасында Ғайсағали ақынның жыр кеші өтті

GaisagaliҚазақстан Жазушылар және Журналистер одағы мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Т.Айбергенов, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары, «Қазақпарат» халықаралық агенттігінің БҚО бойынша меншікті тілшісі, ақын Ғайса-Ғали Сейтақ асқаралы алпыс жасқа толды. Туған жердің туын биікке көтерген ақынның мерейжасына орай кіндік қаны тамған Хан ордасы ауылында «Өмірім – өлеңім» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеште аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Ғайса-Ғали Самиғоллаұлын құттықтап, иығына шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды.


Ардақты азаматтың әдеби кешінің шымылдығы «Шілдеде біз туғанбыз...» туындысымен түріліп, ақын өмірінен сыр шерткен фильм көрсетілді.

Gaisa (1)Кіндігі Нарынның топырағында кесілген тұңғыш немересі Нарұл атасының әдеби төлқұжатына айналған «Нарынның нар ұлдары» өлеңін нақышына келтіре оқып берді.

Кеш барысында жас толқын Әлфия Төлегенова, Аружан Нұржанқызы мен Айдос Қадірәлі ақын жырларын жатқа айтса, Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған (сазы Еркін Нұрымбетовтікі) «Асқақтай бер, Астана!» әнін Эльдар Құдабаев қалықтатты.

Ақын қаламынан туған шығармалардың дені тарихи тұлғаларға, қасиетті орындарға, әсіресе, өзіміздің өңірдің елеулі оқиғаларына негізделген. Мәселен, «Бөкей ханның бейіті», «Жәңгір ханның жазуы», «Сексен сарбаз», тіпті, жерлес Нұрғаным Байсейітованың үйінде ілулі тұрған Орданың жусаны да «Орданың бір түп жусаны» өлеңіне арқау болған. Өңіріміздің өткені мен бүгінгісін бір туындының ішіне сыйдырған «Павел патшаның соңғы күні», «Егер Бөкей көшпесе...» шығармаларында өлкеміздің тағдыры шешілген сәтті дөп басып суреттеген.

GaisaКеш барысында сөз алған құрметті мейман, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы мүшесі, ақын Амангелді Шахин қарағайлары көкпен таласқан қасиетті топырақта дүниеге келген әріптес інісін туған күнімен құттықтап, «Құдіретің құм Нарын» толғауын оқыды.

Қара домбырамен термелеткен ақын ағаның құрбысы Тілектес Байқадам жұбайы, белгілі хирург Хамит Ералиннің ыстық тілегін жырмен жеткізгендей болды. «Өксіген өз елінде ана тілдің жалауын желбіретер уақыт келді» деп елдік мәселені көтерген досының үніне үн қосқан мерейжас иесі Тәуелсіздік туын көтеруге шақырған «Жоқ шығар бұдан асқан азап бүгін» өлеңін оқыды. Сонымен қатар жақында жарық көретін «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағына енетін бірнеше туындыларымен де таныстырды.

Zhansaya Talgat«Батыста шекараны қорғап тұрған батырдың ұрпақтары барсыңдар ма?» деп ел-жұртының есендігін сұрай сөзін сабақтаған ақын қызымыз Жансая Мусина мен оның қарсыласы, тумысы саралжындық айтыскер Талғат Мықи да қалжыңдаса айтысып, өмірдегі һәм өлеңдегі ақылшы ағаларына шалтты да шабытты ғұмыр тіледі.

Өз кезегінде көршілес Жәнібек ауданынан арнайы келген бисендік Назгүл Кәрімова да ақын ағасы өз өлеңімен Бөкей даласының картасын сызды десе, ордалық Рахметолла Ғұмаров сыныптастарының жылы сөзі жазылған құттықтау хат пен сый-сыяпатын табыстады.

Әдеби кеште Ғайса-Ғали аға ұстаздары Шолпан Жұмашева, Роза Әділәлиева, Сисен Байзонов, Әлима Қабдірахимова, Рәзия Жаманғарина, сынып жетекшісі Қалқаман Хайретдинов және өнердегі пір тұтар жерлесі, ұялылық арқалы ақын марқұм Жанғали Набиоллиндердің есімдерін аса құрметпен ауызға алды және елеген еліне, қадірлеген жұртына, ұйымдастырушыларға, аудан аумағына аяқ басқаннан құшақ жая қарсы алған ауданның атқамінерлеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін көрме жасақтаған  Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне қазақтың танымал ақындары Қадыр Мырза Әли мен Жанғали Нәбиуллин ұстаған қасиетті қалам мен өзі тұтынған өзге де дүниелерді тарту етті.

Раушан БАҚЫТОВА

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале