23.07.2021, 11:12
Оқылды: 36

Харекеттің 483-інші пәтері дарияндық отбасыға берілді

Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Харекет» қайырымдылық қоры Дариян ауылдық округі Озерный ауылының тұрғыны, жалғызбасты әке Жамбыл Садуевқа баспана алып берді.

baiterek (3)

Ол біраз жыл бұрын ауданға Маңғыстау облысынан қоныс аударыпты. Балнұр, Назгүл, Әйбек, Ақнұр және Ерсұлтан атты бес баланы тәрбиелеп отыр. Осы кезге дейін пәтер жалдап келген Жамбыл Садуевтың жолдасы 2017 жылы өмірден өткен. Содан бері ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп келеді. Балаларының алды колледжге оқуға түсіп жатса, кішісі екінші сыныпта.

Өмірдің қандай қиындығы болса да балалары үшін барлығына төзген әкенің қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов, «Харекет» қайырымдылық қорының өңіріміздегі өкілі Демежан Меңдешев, аудандық жасармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашева, аудандық мәслихат депутаты Ұлданай Сейітқалиева, ауылдық округ жастарының жетекшісі Марзия Конусбаева және ауыл тұрғындары қатысты.

baiterek (1)

Демежан Меңдешевтің айтуынша, дарияндық отбасыға табысталған баспана еліміз бойынша беріліп жатқан 483-ші үй екен. Ал облысымыз бойынша берілген 17-ші баспана. Оның екеуі бәйтеректік отбасыға бұйырыпты.

-Ел жастары асарлатып мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып жататыны қуанатын жайт. Акция ұйымдастырып, елді игі іске жұмылдыра білген «Харекет» қорына және аудан жастарына алғысымыз шексіз. Шын мұқтажға үй алып бергеніміз аудан халқының бірлігінің, көмекті қажет ететін жанға демеу бола алатын татулығымыздың көрсеткіші. Елім деп еміреніп, халқым деп қамдана жүретін жастарымыз көп болсын. Жаңа үйге қоныстанған отбасыға бақыт тілеймін. Осы кезге дейінгі қиындықтың барлығы артта қалсын. Үй іші береке мен шаттыққа, балаларымыздың риясыз күлкісіне толсын, - деді салтанатты жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

baiterek (2)

Одан соң Жамбылдың анасы Тұрғанай Садуева қайырымды жандарға аналық алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

-Өзім жұмыста болған соң Ақтаудан анамды алдырған едім. Ол да менің қуанышыма куә болды. Оның үстіне үйді ұлым Әйбектің туған күнінде алып отырмыз. Осы берекелі істің басы-қасында жүрген Жанар Асылбекқызы мен Демежан Шынболатұлы, Ұлданай Максимқызына алғысым шексіз, - деді Жамбыл Садуев.

«1000 теңгеге баспана» акциясы аясында мүмкін болған игі іс әлі де жалғасады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале