6.11.2020, 18:58
Оқылды: 111

Хорлан Шәмелова: «Өнерге іңкәрлік әке қанымен, ана сүтімен берілген бекзада болмыс» 

Хадиша Бөкеева атындағы драма театрдың қабырғасында талай дарабоздар қалыптасып, есімдері елге танылды. Солардың арасында құм Нарыннан түлеп ұшқан бөкейліктер де еңбек етіп жүр. Хұсни өнерге іңкәрлігі бар болмысынан, дауысы, сөз саптауынан көрініп-ақ тұратын танымал актирса Хорлан Шәмелова біздің елдің тумасы, Бөкей жұртының атын шығарған мақтаулының бірі. Айтулылар мен мақтаулылар өмірін тақырып қылған «Айбоздың» бүгінгі қонағы – Асфандиярдың Хорланы.

 1D9ED039-94F2-4E5A-8339-C6362CBBD409

 Құмды ауылдың төсінде еркелеп өскен Хорлан Шәмелова кімге еліктеп актриса болды?  

– Менің театр әлеміне келуімнің өзі заңдылық деп есептеймін. Көзімді ашқалы қазақтың төл өнеріне, сырлы поэзия әлеміне сусындап өстім. Өйткені әкем мен анам өнерден қара жаяу адамдар емес, көркем әдебиетке өте құмар еді. Анамның дауысы «клавиатурная сопрано», яғни ең жоғарғы жіңішке дауыс иесі. Кезінде Орда оркестрінің солисі ретінде өнер көрсеткенін бөкейлік ағайын әлі де ұмыта қоймаған болар. «Сенің анаң ән салғанда айналасы сілтідей тына қалатын» дейді әлі күнге көзкөргендер. Біздің үйдің қонақтығы да ерекше өтетін. Әкем екеуі  интермедиялық комедиялардың сценарийін жазып, меймандарына ұсынып, жиын көрігін әп-сәтте қыздырып жіберетін. Ақындардың өлеңдері оқылып, шығармалары турасында әңгіме өрілетін. Кішкентайымнан өнердің сырлы әлеміне әбден қанып өскесін бе келешегімді осы саламен байланыстыратынмын. Өнерге іңкәрлік әке қанымен, ана сүтімен берілген бекзада болмыс деп нық сеніммен айта аламын.

-Керемет! Демек, актриса ретінде қалыптасуыңызға әкеңіз бен анаңыздың тарапынан қолдаудың кемшін болмағаны ғой?

– Мамандық таңдауға қатысты мүлдем басқа сценарий өрбігенін қайтерсіз?! 1992 жылы мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң  ару қала Алматыға көз тіге бастадым. Ол кезде Алматыдай алып шаһарда білім алу қол жеткізбестей арман еді. Ата-анам ауылдан тым жыраққа жалғыз өзімді жібермейтіндерін кесіп айтқан соң сол кісілердің таңдауымен Оралдағы пединституттың филология факультетіне құжат тапсыруға тура келді. Алайда, менің қуанышыма орай оқуға түсе алмадым. Иә, сыннан сүрінгеніме кәдімгідей қуандым, өйткені бұл менің арман-мұратыма мүлдем кереғар жол еді. Тура бір жылдан соң Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы Өнер институтының филиалы ашылып, еш ойланбастан құжаттарымды соған тапсырдым. Бұл жорығым сәтті болып, режиссура мамандығына оқуға қабылдандым. Сондай-ақ театрдың жанынан ашылған актерлерді дайындайтын арнайы бөлімде де білімімді жетілдірдім. Бір айта кетерлігі актерлерді дайындайтын экспериментальды бөлімге 21 студент қабылдансақ, бесеуіміз ғана театрға тікелей жолдама алдық. 1997 жылдан  күні бүгінге дейін облыстық драма театрда қызмет етіп келемін. Осы орайда мына бір жайтты да айта кетейін. Әкем мен анамның ата-аналары да ұл-қызының өнерге баруларына қарсы болыпты. Үлкендердің сөздеріне қарсы келмеген әкем физика-математика, анам қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Алайда, марқұм әкем зейнетке шыққанға дейін құқық қорғау саласында қызмет етті. Анам Бисендегі білім ордасында ұстаздық қылды.

– Есіміңізді Хорлан деп қойылуы да тегін емес секілді...

– Әйгілі Естайдың сүйіктісі Хорланның құрметіне қойыпты. Туған апам Анжелаға американдық құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Анжела Дэвистің есімін ырым етіп қойған екен.  

–Театр әлеміне қадам басқалы кімнің тәлім-тәрбиесін көрдіңіз?

–Театр әлеміне алғашқы қадамымымды жасқана бассам да өнерге деген шын ынтазарлығымды байқаған  облыстық театрдың іргетасын қалаушылардың бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері марқұм Амантай Сұлтанғалиев, М.Әуезов театрының марғасқа актрисасы, халық әртісі Гүлнәр Жақыпованың, аталмыш театрдың бас режиссері Жамбылтай Бисенбеков есімді аға-апаларымның қолдауларын шын сезіндім. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың режиссері Мұрат Ахманов, Ю.Лермонтов атындағы орыс театрының актері әрі режиссері Сергей Поповтарды да өзіме ұстаз тұттым. Өнердің қазанында қайнап, театр сахнасына төселіп, шыңдалып, актриса ретінде қалыптасуыма осы кісілер көп септігін тигізді. Оқушы кезімізде көгілдір жәшіктен тек орыстың бір-екі каналы ғана көрсетілетін. «Любовь и голуби», «Сибириада», «Я шагаю по Москве» сыңды кеңестік фильмдердің жұлдыздары Людмила Гурченко, Никита Михалковтардың шеберліктеріне, харизмаларына ерекше тәнті болатынмын.  

– Осы кезге дейін еншілеген рөлдеріңіздің қайсысы жан дүниеңізбен үндес? Арманыңыздағы рөлді сомдай алдыңыз ба? Сізді қандай рөл өсірді?

-Мен 50-ге тарта рөлді сомдаппын. Соның ішінде И.Ғайыптың «Қорқыт» драмасындағы Сарын ару, Ф.Бөлековтың «Күйеу іздеген кемпірлер» трагикомедиясындағы – комендант, Б.Ұзақовтың «Мезгілсіз келген махаббат» мұңды драмасында – Торғын, М.Шевренің «Күтпеген қайырымдылық» драмасындағы – Маривон, В.Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасындағы Нелли, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасындағы – Райхан, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасындағы – Гүлбаршын, М.Хасеновтың «Пай, пай, жас жұбайлар» комедиясындағы – Бану, М.Байджиевтің «Құдалар» драмасындағы – Әсел, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясындағы – Сайра, Г.Хугаевтің «Қиқарлар» комедиясындағы – Кошер, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» драмасындағы – Бекей, А.Цагарелидің «Ханума» сазды комедиясындағы – Текле, С.Ахмадтың «Супер келін» мұңды комедиясындағы – Бустан, Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» комедиясындағы – Сылаң қыз, Н.Птушкинаның «Тастама мені» мұңды комедиясындағы Катя, Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» этно-символикалық драмасындағы – Кербез, У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы – Гертруда, М.Омарованың «Жолаушы» фантазия-комедиясындағы – Жұмагүл, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» – Нұрғаным бейнелерін сахнаға алып шықтым. Әрқайсысын бір бірінен бөле-жарғым келмейді. Әр рөлімді жан-тәніммен жақсы көремін. Әр рөлімнің берері бар. Әр рөлімнен ой түйдім, өстім-өндім... Ақиқатында адамның ішінде түрлі мінез, сан алуан қасиет жатыр... Бұйырған рөлдерді сомдап келемін. Жас кезімде Қыз Жібекті, Джульеттаны ойнағым келген-ді. Әттегенайы, ол кезде аталмыш спектакльдер қойылмады.  

376BBADC-9A7E-44B6-A01B-5E8DAE7F33AB

Сонда қандай жанрда ойнағанды құп көресіз?

Психологиялық образдармен қатар комедиялық, драмалық рөлдерді де ойнай беремін, дегенмен драма жанры оң жамбасыма келеді деп есептеймін.

–Жүктелген образды толыққанды ашуда актерлер қалай дайындалады, сол образдағы қандай детальдарға мән береді? Өз болмысыңызда жоқ мінезді қалай нанымды ғып бересіз?

– Болат Атабаевтың  «Театр дегеніміз – режиссер және труппа» деген сөздері бар, яғни режиссер де, актерлік құрам да қойылымның келбеті, бейнесі болып табылады. Көрермендерімізге дайын дүниені ғана ұсынатындықтан олар біздің бір рөлге бола қалай жанкештілікпен еңбектенетінімізді біле бермейді. Мәселен, «Күтпеген қайырымдылық» драмасында Мариван Дюпренің образын сомдауда ішкі дүниемде түсініксіз алай-дүлейлер орын алатын. Табиғатымнан тура, бірбеткей адам болсам да еркекшора, намысшыл, сұм соғыстың зұлматында әбден қайралған Дюпрені сомдауда түсініксіз сезімдер қатар жүретін. Дюпренің рөлін шынайы, нанымды алып шығу үшін соның заманына ойша сапар шегіп, ол көрген қиыншылықтарды өн бойымнан өткізуге тырысып бағамын. Дюпре - қанды майданды көрген, ерлермен иық тіресе  тұрмыстың ауырпалығының ауыр жүгін көтерген, қайратты, қайсар әйел. Дюпре – жаратылысы әйел болғанымен, еркектің прототипіне көбірек келетін тұлға. Осындай осындай ұсақ-түйекке дейін ізденіп, зерттеп, сценарийді сүзгіден өткізіп, образға әбден еніп кетуге барымызды саламыз.  

-Сонау 97-ден бері театрдың ыстық-суығына төзіп, еңбек етіп келесіз. Актриса ретінде, театрдың байырғы маманы ретінде сізді не толғандырады?

-Театр актерлерінің әлеуметтік-материалдық мәселесі әлі күнге дейін жүйелі шешімін таппағанына қынжыламын. Соңғы бірнеше жылда байырғы актерлердің негізгі жалақыларына үстемақы қосылды. Алайда театр табалдырығын енді аттаған жастарға өте қиын. Жалақының аздығы, қызметтік баспананың берілмеуі секілді тұрмыстық мәселелер кез келген маманды есеңгіретіп жіберері сөзсіз.  Театр актерлерінің сахнада бейне жасаудағы шеберліктерін ұдайы жетілдіріп отыру қажет, бір рөлді екіншісіне ұқсатпау деген сықылды дүниелер де жиі айтылып жүр соңғы кезде. Сол себепті актердің білім-білігін арттыратын шеберлік сағаттары, өзге де шаралар көптеп өткізілсе артық етпейді деп білемін. Шығармашылық адамын бір жерге байлап-матап ұстау барып тұрған ессіздік. Өнер адамына еркіндік ауадай қажет. Әйтпесе, шығармашылық тоқырауға ұшырауы әбден мүмкін. Шетел асып, шетелдік әріптестермен тығыз  қарым-қатынас орнату секілді мәселелерге әрдайым баса мән берілсе деймін.  

-Театр қызметкерлерінің шығармашылық шабытын еселейтін не? Өшіретін не?

-Шығармашылық адамы, соның ішінде театр қызметкерлері – өте эмоционалды жандар. Біздің шабытымызды еселейтін адамның шын сөзі, ниеті, пейілі, көрерменнің риясыз көңілі, қошеметі... Өнерге деген немқұрайлық, қатігездік, іштарлыққа толы әрекеттер шабытымызды еселемейтіні хақ...

Елге еткен еңбектің дер кезінде еленуі де шығармашылық тұлғаларға шалқар шабыт сыйлайды емес пе?

– Әлбетте! Бірнеше рет театр фестивальдерінің арнайы дипломдарына ие болдым. 2001, 2004 жылдары облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында I орын алсам, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің VII республикалық байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталдым. 2011 жылы ҚР мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасына, 2013 жылы Қазақстан театрлар қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың атынан Құрмет грамотасына, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхаттарына да ие болдым.  Актриса ретінде 2014, 2018 жылдары облыс көлемінде «Ең үздік әйел адам бейнесі» және «Ең үздік актриса» аталымы бұйырыпты. Сондай-ақ 2014 жылы төл мерекеміздің қарсаңында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тағылды. Аталмыш марапаттар мен сый-сыяпатта тұрған дәнеңе де жоқ десек те, еңбегіңнің еленгені көңіліңді тасытып, мерейіңді өсіреді екен...

Туған жеріңіздегі қандай жаңалыққа ерекше қуанасыз? Кіндік қаныңыз тамған мекеніңізге қаншалықты жиі келесіз?

– Жырақта жүрсек те елдегі жаңалықтарға құлақ түріп отырамыз. Ауылдағы ағайын бұрынғыдай көмір жағып, сырттан су тасымайтындай жағдайға жетті. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында әр үйге су кіріп тұр, көгілдір отын, электр жарығы қосылған. Жетістік демей немене? Қаламен қатынайтын күре жолымыз жөнделетінін естігенде қуанғаннан төбеміз көкке бір елі жетпеді. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жай-күйі жыл санап реттеліп келеді, ауылдарымыз анағұрлым көркейді. Саябақтар, балалар алаңқайлары ашылыпты, ескерткіштер тұрғызылуда, жаңадан спорт кешені салынып жатырғаны туралы да естідім. Бәрі де оңынан болғай. Ауылыма жылына бір келіп, ағайын-туыспен жүздесіп, арқа-жарқа болып қаламын. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген осы екен...

Бүгінде кино саласына түбегейлі ауысып жатырған әріптестеріңіз баршылық. Сіз үшін театр мен киноның қандай айырмашылығы бар?

– Өз арамызда «танымал болғың келсе – актер немесе әнші бол» деп қалжындайтынымыз бар. Бәлкім, кинодан театрды артық көргенімнен шығар кастингтерге фотоларымды жібермеген екенмін. Театрда бәрі де жанды, табиғи. Марқұм Әмина Өмірзақова апамыз кезінде «Мені халыққа танытқан кино. Кино десе мен жанымды да беремін» деген екен. Сол сияқты мені облыс жұртшылығына танытқан театр. Театрдан қол үзгім жоқ. Аманат Рзағалиев есімді режиссердің шақыртуымен бірнеше рет қысқаметражды фильмдерде ойнағанмын. Кино саласына бағыт алған әріптестеріме әрдайым тілекшімін.

Актерлік салаға қызығушылық танытқан  іні-сіңлілеріңізге қандай кеңес айтасыз?

– Актерлік өнер – ыржақайлық пен немқұрайлылықты көтермейді. Актер болғың келсе – талант пенен еңбекқорлықты ұштастыра білуің қажет. Сөздің қадірін, парқын түсіну де аса маңызды. Актердің жұмысы сырт көзге дайын мәтінді жаттап алып, боянып-сыланып, сахнаға топ етіп шыға салатын жеңіл дүниедей көрінуі мүмкін, алайда іс барысында театрдағы тірлікті оңай деуге аузым бармайды. Театрды жан-тәнімен жақсы көрген адамнан тәуір актер шығады.

-Театр актерлері ырымшыл дейді. Сіз де ырымға сенесіз бе?

-Театр сахнасы тылсым мен қасиетті тоғыстырған ғажап жер. Осыны өң бойынан өткізіп, сезіне білген актерлар қалайша ырымшыл болмасын?! Сонау Станиславский кезінен қалыптасқан үрдіс бар. Дайындық кезінде сценарий мәтіні жазылған қағазды байқаусызда жерге түсіріп алсаң, бірден көтермей қағаздың үстіне отырып барып қолға алу керек деген. Бұл әр актер үшін бұлжытпас қағида іспетті. Ұстазым Сергей Попов та маған осыны үйреткен-ді. Спектакль алдында шашымызды қимауға тырысамыз. Кей әріптестерім қойылымның алдында айнаға мүлдем қарамауға тырысады.  

-Армансыз пенде болмайды, болдым, толдым десе де... Арманыңыз бар ма?

– Осы жасыма дейін «төрт құбылам тең, маған бәрі де жетеді» деген адамды кезіктірген жоқпын. Пендәуи тірлігімізді ел қатарлы атқарып келеміз ғой, бар тілерім бастың амандығы, бауырдың бүтіндігі. Актриса ретіндегі арманыммен бөлісейін. Әлі де талантымды тап басып, 180 градусқа өзгертіп, мүлдем басқа қырымнан, басқа амплуада танытатын, режиссерлік шешім-толғамы өзгелерге ұқсамайтын, тың ойлайтын маманмен жұмыс жасағым келеді.

– Сұқбат бергеніңізге рақмет. Жарқын әрі қайталанбас рөлдерді еншілей беруіңізге тілекшіміз.

Сұқбат құрған Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале