22.03.2025, 21:30
Оқылды: 55

Янайкин ауылында Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті

Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мейрамы. Ұлыстың ұлы күнін Янайкин ауылы да жоғары деңгейде атап өтті.

IMG-20250322-WA0019

Ауылдың мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылған шара Қыдыр атаның батасы мен Жер ананың дүниені аластауынан басталып, мерекелік думанға ұласты. Салтанатты жиында ауыл әкімі Сәуле Аққайырова жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

IMG-20250322-WA0018

– Құрметті ауылдастар, қадірлі қонақтар! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында сіздермен жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын. Бұл мейрам – жаңару мен жасампаздықтың, бірлік пен берекенің бастауы. Көңілге қуаныш ұялатып, жүректерге мейірім нұрын сепкен осынау айтулы күнде әр шаңыраққа амандық, құт-береке, ырыс пен молшылық тілеймін. Наурыз – халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін жаңғыртып, бауырластық пен татулықты нығайтатын ұлы мереке. Бүгінгі той – елдігіміздің, ынтымағымыздың айқын көрінісі. Ақ дастарханымыздан береке кетпесін, татулығымызға сызат түспесін! – деді ауыл әкімі.

IMG-20250322-WA0024

Аталмыш шарада өнер мен спорт қатар өрбіді. Мерекелік шара үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылса, екінші бөлімде Богатск және Скворкин ауылдарының тұрғындары өз өнерлерін ортаға салды.

IMG-20250322-WA0030

Ал үшінші бөлімде спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

photo-output
Концерттік бағдарламада Айымжан Қуаныш «Наурыз думан» әнін, Жанғазы Кенжебаев «Туған жер» әнін орындады.

IMG-20250322-WA0026

Сонымен қатар, мектеп ұжымы «Илигай» әнін шырқаса, Мирас Шамашев «Шілдехана», Омар Ғазиз «Ұлы дала» әндерін тарту етті. Бишілер «Қазақ биі» және «Бәйге» билерімен көпшілікті тәнті етті.

Екінші бөлімде көршілес ауыл өнерпаздары да ерекше дайындықпен келген. Скворкин ауылының тұрғыны Арайлым Мерғалиева «Шақырады көктем» әнін орындаса, «Әдемі ай» би тобы «Калинка» биін, ауылдық әкімшілік ұжымы «Татар» биін, әлеуметтік қызметкерлер «Беларусь» биін, мектеп ұжымы «Украин» биін биледі. Богатскіден келген Ихсановтар отбасы «Келін түсіру», «Кимешек кигізу» дәстүрлерін сахналап, көрерменнің ықыласына бөленді. Мерекеде ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар ұйымдастырылды. Қол күрестен ересектер арасында Абдол Дошимов жеңімпаз атанса, оқушылар арасында Омар Ғазиз бірінші орынды иеленді. Гір тасын көтеруде Аманжол Төлешқалиев үздік шықса, қой көтеру сайысында Ільяс Үмбеталиев жеңіске жетті. Арқан тартыста «Ауыл ағалары» командасы топ жарды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

IMG-20250322-WA0021
Мерекелік шара ауыл тұрғындары үшін ерекше есте қалды. Орал қаласынан арнайы келген қонақ Эльдар Қажетов бұл күннің маңыздылығын атап өтті.

– Біз 2003 жылы осы ауылға көшіп келдік. Қазір Оралда тұрсақ та, Наурыз мейрамын жыл сайын осында қарсы аламыз. Көршілес ауылдардан келген халықтың өнерін тамашалап, ұлттық ойындарға куә болғанға не жетсін! – дейді ол.

IMG-20250322-WA0028
Янайкин ауылындағы бұл Наурыз мерекесі елдің бірлігін нығайтып, дәстүр мен өнерді дәріптеген нағыз халықтық мереке болды.

IMG-20250322-WA0027
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале