Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылындағы Талғат Бигелдинов атындағы білім ордасы оқушылары әкелерінің қолдауымен «Балықтарға өмір сыйла!» акциясын оздырды.
Акцияға мектептің де, ауылдың да қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүретін Айдос Жұмабаев, Мирас Шамашев, Мұрат Кадеров, Айтжан Молдашев, Замир Гумаров, Ерхан Батыргазиев, Райым Кәрімов және оның ұлы Ертілеу Кәрім сынды азаматтар атсалысты.
Қатысушылар, шара барысында ауылдың іргесін бойлай ағып жатқан ескі Жайық өзеніне барған. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, олар өзен бойынан ұзын саны қырыққа жуық ойық ойыпты.
Сонымен қатар жиналғандар өзен суының бұзыла бастағанын байқап, судан шыққан жағымсыз иісті де сезген.
-Өзен бойындағы ойықтарды дер кезінде ойған сияқтымыз. Енді сәл кешіксек тазармаған су балықтардың қырылуына әкеліп соғатын еді. Бұл ауылымызға емес, ең алдымен, өзімізге жасалған көмек. Бұндай шараларға барынша белсенділік танытуға тырысамыз,- деді жиналғандар.
Табиғаты тамаша өлкеміздің су асты тіршілік иелеріне де көңіл бөліп, өмір сыйлаған ауыл тұрғындарына мектеп әкімшілігі де үлкен алғысын білдіреді.
Назерке Сыйлыбай,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz