10.12.2024, 17:30
Оқылды: 264

«Ызғарлы күндерді, алаң күндерді бастан өткердік» – Гүлнәр Иманғалиева

1986 жылдың 16 желтоқсанынан бері – 38 жыл өтті. Уақыт зымырап өткенімен, ызғарлы сол күндердің халқымыздың жүрегіне салған жарасы әлі сыздап тұр. Халқының егемендігі, қазақтың дербестігі үшін алаңға барып, қудаланып, қысымға ұшырап, жала жабылғандар, зәбір көргендердің тізімін түгендеу, әрине, мүмкін емес. Сол күндердің куәгерлері сұрқай тартқан алаңнан естеліктерін сондай бір ауыр ойдың құшағында, көңілдері жабырқап еске алатындары жасырын емес. Ұлттық намыс алаңға жетелеген намысты ұл, қайсар қыздар бүгінде есейдіЕсейсе де, Желтоқсанның 16-сын ұмытпайды олар. Байтағымыздың түкпір-түкпірінен алаңға шығып, наразылық танытқандардың қатарында Жайық өлкесінің де ұл-қыздары аз болған жоқ. Алаңда өзге замандастарымен иық тірестіре тұрғандардың бірі – бүгінде Ақжайық ауданы Чапаев ауылының Абай атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі болып қызмет ететін Гүлнәр Иманғалиева.

46385031-3a11-40c9-9cf7-60a6df7930b1

Гүлнәр Аққұбашқызы 1984 жылы сол кездегі ел астанасындағы іргелі жоғары оқу орны болып табылатын Абай атындағы қазақ мемлекеттік институтының «бастауышты оқыту педагогикасы мен методикасы» факультетіне оқуға түседі. Демек, көтеріліс орын алған 1986-да курс студенті болатын.

Желтоқсанның сол күні Гүлнәр курстастарымен бірге математика дәрісінде отырған. Сырттан бір шу естіледі. Айқай дейін десе,оған да ұқсамайды, әйтеуірер адамдар бір-бірімен дауласып жатқандай. Дауыстары да өктем-өктем шығады, терезе жабық тұрғанымен, арада тосқауыл жоқтай, анық естіледі. Тақырыпты түсіндіріп тұрған ұстаз да кәдімгідей абыржулы, студенттерге бір, терезеге екіжаутаңдайды. Әлденеден хабардар екені анық.

Барлығымыз тыныш отырайық, сабақ оқиық, – дейді сыбырлап қана. Оны қайдан тыңдасын, 25 студент терезегелап қойды. Үшінші қабаттан сонда Гүлнәрдың көргені – қолдарына ұран ұстаған жастар әндетіп, шерумен өтіп барады. Не болып жатыр? Жастар неге ұрандатып барады? Осыны білмек болып, есікке ұмтылған қыз-жігіттерді ұстазы тоқтата алмады. Ентіге жүгіріп, дәлізбен төмен түскен топ жастардың шеруіне қосылып, «Менің Қазақстаным» әнін жаңғырта әуелетіп кетіп бара жатыр.

Олар орталық алаңға қарай бет бұрды. Алаңның орта тұсына келіп жеткен осы бір топтың жерге тізерлей отыра қалып, ұрандатқандары да есінде Гүлнәрдың...

«Кең байтақ Қазақстанды қазақ азаматы басқарсын,әкелеміз десеңдер, өз елімізде де өзге ұлттар бар емеспе?» деген жастардың сұрағы басым естіледі. Лезде алаңды суық қаруланған жендеттер қоршап алды. Жастарға жауындай қарап тұр. «Бейбіт шерудеміз, сөз бостандығын пайдаланып тұрмыз» деген қыз-жігіттердің заңды талабына қарамастан, кеш бата жан-жақтан салқын су шаша бастады. Міне, осы кезде кімнің кім екенін ажырату қиын, азан-қазан, айқай-шу, сүрініп құлағандары сол жерден тұра алмай жатыр.

23a9ba33-9ad5-4fb6-a2d5-afae6861ae7e

– Алаңда азаматтарымыздың қайсарлығына тәнті болдым. Жігіттер өздерінен әл кетсе де, құлағандарға көмекке ұмтылды. Әсіресе қыздарды қамқорлап, салқын судан денесімен қорғауға тырысты, – дейді кейіпкеріміз.

Су шашып, жастарды қорқытқан солдаттар біраздан соң қолындағы сойылдарымен қарсы шыққандарды ұра бастады. Бас көтергендерін сұлатып жатыр, алаңның ортасы қанға боялды. Ұра жүріп, «Нашақорлар», «Сатқындар, ел арасына іріткі салған оңбағандар» деген айыптауларды да төгіп жатыр. Сол күні соққы көріп, итке таланған курстастар алаңнан қас қарая шығып, жатақханаларына жетеді. Ал жатақхана қызметкерлері бұларды кіргізер емес, тіпті ауладан итеріп шығарып, мүлдем маңайлатпайды. Алматының шетінде тұратын дос қыздарының үйін паналайын деп, солай қарай кетеді. Аман-есен жеткен оларға тар пәтер қорғаныс қамалдай көрінгені шүбәсіз. Әрі тоңды да, таңнан нәр татпаған студенттерге қайдан ұйқы келе қойсын?! «Біздер ештеңе бүлдірмедік, заң бұзбадық, бұл қандай қысымшылық?» – осы ойлармен таңға кірпік ілмей шықты Гүлнәр. Осы сұрақ әлі күнге мазалайды.

Намысты қыздар ертеңіне алаңға қайта оралады. Билік тарапынан қысым кешегіден де күшейе түскен. Сонда дажастардың қарасы қалың, кейін шегініп жатқан ешкім жоқ.Қаруланған топ көліктерден секіріп түсіп, жастарды еріксіз қол-аяқтарын бұғаулап шетінен әкетіп жатыр. Қашпақ болғандарын азулы итке талатуда. Қайда әкетеді? Неліктен ұстап бара жатыр? Қандай айып тағылды? Тағы да сан сұрақ... Еске алуға қорқынышты көріністер...

...Бір-бірін іздеп, жанұшырған қазақ жастарының дауыстарынан құлақ тұнады. Ауыр таяқтан соққы алған кейіпкеріміз топтан сытылып шығып, құрбыларын тауып алып, жатақхананы қайта бетке алады. Кіруін кіріп,орындарына жайғасқанымен, жанындағылардың жақтырмай тұрғанын сезеді, сезбей қайтсын: «Ертең бәріңді оқудан шығарамыз, ауылдарыңа кетесіңдер, сендерге ешқандай жиын мереке жоқ алдағы уақытта, сотталасыңдар,құрисыңдар» деп беттеріне ашық айтса.

Ертесіне бұларды бір-бірлеп шақырып алып, тергеп,тексере бастайды. «Алаңға неге бардыңдар?», «Басшыларыңды көрсетіңдер» – осы сұрақтарға қыздардан мардымды жауап ала алмаған тергеушілер оқу орнының басшыларына көтеріліске қатысқандарды қатаң бақылауға алуды тапсырады. Азық-түлік дүкеніне де екі адамнан жібереді, онда да төрт-бес қарауыл қатар ілеседі.

– Ызғарлы күндерді, алаң күндерді бастан өткердікЖастықтың әсерімен, әрі елде болып жатқан жағдайға бейжай қарай алмағандықтан, біз  екі күн қатарынан алаңда болдық, қуғындалып, бас сауғаладық, жарақаттандық. Қазір ойлаймын мен, осы күні бізге солай алаңға шық десе бармаспыз-ау. Бұл сөзім қорыққанымнан емес, біз қазір жанұяны ойлаймыз, бала-шағаның қамына көп көңіл бөлеміз. Сол күндерден кейін қысым көргенде, анамның айтқан ақыл-кеңесі ойыма орала берді. Ойлаймын ғой: «Мен бұл қалаға оқу оқимын, білім аламын, елім үшін қызмет етемін деп келмеп пе едім, ендігі тағдырым қалай болар екен. Бізді ата-анамыз адалдыққа, жақсылық пен адамгершілікке тәрбиеледі. Сондықтан да шығар, еш жаманат ойламаған, тек елінің ертеңіне алаңдаған жастаройларын еркін айтуға алаңға жиналғаны. Үйдің үлкендері «Бір Алланың қолдауымен» деп жиі айтып отыратын. Ауыр қысым, тергеп-тексеруден соң, Алланың қолдауыменАлматыда қалып, оқуымызды жалғастыратын болдық. Оқудан шығарылып, қудаланған, тіпті темір торға тоғытылған достарымыз да болды. Қазір, шүкір, жұмыс жасап, жанұя шаттығына бөленіп отырмыз. «Батыс Желтоқсан» қоғамдық қоры құрылды облыста, солардың қатарында оннан аса ақжайықтықтар бар. Жыл сайын бас қосып, қаза болғандардың рухына құран бағыштаймыз. Аман-есен жүргендеріміз көрісіп, мәре-сәре болып жатамыз.

Иә, арада сан жылдар өтсе де, жазылмайтын жан жарасы мен тән жарасына ұрындырған сол бір қанды оқиға осыҰрпағымыздың заманы тыныш, берекелі болсын деп, үнемі дұға етемін. Әйтсе де, осы ұрпақ тәрбиесінде Кеңес үкіметінен қалмай келе жатқан олқылықтар да жетерлік. Солардың бірі – ана тіліміздің мәселесі. Үлкен қалаларды былай қойғанда, ауылдағы балалардың тілі орысша шығады.  Жастардың тілі алашұбар қойыртпақ – орысшасы қалып, ағылшыны араласты. Ересектердің де арасында өзара орысша түсінісетіндер де аз емес. Жазылып та,айтылып та жүрген осы мәселеге ұрпақ атүсті қарамаса, ділін, тілін, дәстүрін қадірлесе дейміз. Ата-бабамыз заманынан бері көптеген қақтығыстар мен қиыншылықтар мен келген ел Тәуелсіздігінің бағасын кейінгілер білсе екен дейміз. Ең бастысы, жастардың бойында өз намыс пен жігер болуы керек, – деп әңгімесін аяқтады ауыр күндерді тебіреніспен еске алған желтоқсаншы ұстаз.

Әсет Сағындық

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале