3.01.2025, 16:05
Оқылды: 42

Заң мен тәртіп үстемдік еткен қоғамда әділеттік орнайды

Иә, уақыт сырғып өтіп, Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардан біртіндеп алыстатып бара жатыр. Әйткенмен 34 жыл – тарих үшін қас-қағым сәт. Әлемдік державаға айналған алпауыт елдерге қазіргі деңгейіне жету үшін ғасырлар қажет болды. Ал Кеңестік одақтың бір бөлшегі болып келген біздің мемлекетіміз осы аз ғана уақыттың өзінде «Орта державаға» айналды, Орталық Азияда өзге елдер үлгі ететін көшбасшылық орынға нық орнықты. Президентіміз бүгін «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтқандай, бұл бір жағынан мақтан етуге тұрарлық, екінші жағынан саяси да, экономикалық та тұрғыдан мемлекетімізге зор салмақ жүктейді.

3c47b89f-e569-4dc9-9e64-096d26aa09d5

Жалпы, осы сұхбатта Мемлекет басшысы еліміздің ахуалы, экономиканы өркендету мен инфрақұрылымды қалпына келтіруден бастап сыртқы саясаттағы дипломатиялық қарым-қатынастарды егжей-тегжейлі баяндағаны көңілімнен шықты. Ештеңені бүгіп қалмаған: теңгенің бағамына қатысты өзінің пайымы, қаржыгерлердің экономиканы нығайтуда әлі де тер төгу қажеттігі, Үкіметтің жұмысын одан да жетілдіру керектігін еш бұлтарыссыз баян етті. Халық алдындағы ашықтық деген осы емес пе?!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көлемді сұхбатында «Заң» сөзін 46 рет келтіріп, «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті қоғам құру міндетіміз екенін баса атап өтті. Мемлекет басшысы демократияны төрге оздырған елде адамдардың құқықтары қорғалып, әрбір қадам заң талаптарына сай жасалуы қажеттігіне бекерден бекер назар аударып отырған жоқ. Заңы солқылдақ мемлекетте тәртіп болмайды, тәртіп болмаған соң, берекет қашады елден. Президентіміз айтып кеткендей, заң мен тәртіптің үстемдігіне қарсы шығып, ұрын тұстан жұртымызға бас салып, қоғамды ішінен іріткісі келетіндер бар арамызда. Олардың көздейтіні бір – дамып келе жатқан мемлекетімізді тоқырауға ұшырату. Ал айтыңызшы, осындай елде өркенді істер орын ала ма?! Бүгінде әлем бойынша өзара қырқысып жатқан мемлекеттер көп, геосаяси ахуал өте күрделі. Қайсыңыз бейбіт, мамыражай тірлік орнаған Қазақсатынымызды тастап, сол елдердің біріне көшкілерің келеді? Дұрыс, ешкім де ұрыс, атыс-шабыс, заңның тәртібі мүлдем жүрмейтін елге барғысы келмейді, керісінше ол елдерден жұрт үдере көшіп жатыр. Ал, осы сұхбатта Президентіміз ашып айтқандай, еліміздегі берекелі тірлік әлемнің алпауыт компанияларының назарын өзіне аударып отыр. Саралап көрсек, былтыр Қазақстанға жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартылған, Бұл – Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Осының бәрі ішкі тұрақтылық, инвестициялық жайлы ахуалдың арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Сұхбатты оқып отырып ұғынғаным – Мемлекет басшысы еселі, сапалы еңбек арқылы елді биікке көтеруде өз халқына зор үміт артып отыр. Осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын айта келіп, адал еңбектің лайықты бағалануы тұрғысында да өз пікірін ортаға салды Президент. Иә, жаһандық бәсекеге қабілеттілікте шешуші фактор, яғни артта қалмаудың кепілі – еңбек. Демек, жарқын тағдырымыз өз қолымызда. Бірлікте болайық, еліміздің даңқы еңбегі еселі жұртымен асқақтасын!

Қаби Қадисов,
еңбек ардагері
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале