17.08.2026, 15:15
Оқылды: 5

Заң талабы - баршаға ортақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанды құрудың және қоғам дамуының негізгі стратегиялық бағыты. Бұл тұжырымдама заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғауға және қоғамда саналы тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

image-17-08-26-02-13

Ауданда тұжырымдама аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәсіпкерлік субъектілерінің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі  алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу тәртібіне қатысты сауда орындарының иелері мен сатушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру шараларын аудандық салық басқармасы мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп ұйымдастыруда. Кездесулер барысында кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерін өткізу кезінде сақталуы тиіс негізгі талаптар, қолданыстағы заңнама нормалары және оларды бұзған жағдайда көзделетін әкімшілік жауапкершілік жан-жақты түсіндірілуде.

image-17-08-26-02-13 (1)

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабында көзделген талаптарға ерекше назар аударылуда. Заңға сәйкес алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу тәртібін қатаң сақтау сауда субъектілерінің басты міндеттерінің бірі.

Түсіндіру кездесулерінде Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Николай Губенко заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, «Заң және тәртіп» жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат берді.

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына сәйкес алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу талаптарын қатаң сақтау міндетті. Атап айтқанда, 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынады. Сатып алушының жасына күмән туындаған жағдайда оның жеке басын куәландыратын құжатын талап ету қажет.

Сонымен қатар алкоголь өнімдерін заңнамада белгіленген уақыттан тыс сатуға жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Этиль спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан жоғары алкоголь өнімдерін сағат 21.00 ден 12.00 -ге дейін сатуға тиым салынады. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағындағы үш сауда нүктесінің иесі осы бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді полиция подполковнигі Николай Губенко.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір кәсіпкер мен азаматтың ортақ жауапкершілігі екені түсіндірілуде. Әсіресе сауда орындарында алкоголь өнімдерін өткізу кезінде сатушылардың заң талаптарын білуі және оны бұлжытпай орындауы маңызды.

Мұндай түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты кәсіпкерлерді жазалау емес, керісінше құқық бұзушылықтың алдын алып, заң талаптарын сақтаудың қажеттілігін түсіндіру. Себебі белгіленген тәртіптің сақталуы қоғамдық ортадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді.

Заңды білу  жауапкершіліктен сақтанудың алғашқы қадамы. Ал заң талаптарын сақтау қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды кепілі.

 

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале