Зеленов ауданындағы ақпарат алаңында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жақсылық Мұхамбетжанов пен БҚО кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Әсел Қартқожақованың қатысуымен кезекті баспасөз мәслихаты өтті.
Алдымен аудандағы кәсіпкерлік саласы жайында баяндама жасаған Жақсылық Биғазыұлының айтуынша, ауданда кәсіпкерліктің дамуына негізінен мемлекеттік «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы септігін тигізіп отыр. Аталмыш бағдарлама қолға алынғалы 109 инвестициялық жоба қаржыландырылып, 21 миллиардтан астам қаржы жұмсалған. Биылдың өзінде аудан аумағында кәсіп ашамын деген жандарға үлкен көмек көрсетілген. 2012 жылдан күні бүгінге дейін 15 кәсіпкер қайтарымсыз грандқа ие болған. Осының барлығы ауданда кәсіпкерлік саласының ілгерілеуін көрсетеді.
Баспасөз мәсслихаты барысында Әсел Набиоллақызы да баяндама жасады. Аудандық кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысын саралап, жеткен жетістіктерін жіпке тізген оның сөзінше аудан кәсіпкерлері мен кәсіп ашамын деген жандарға қажетті бухгалтерлік және құқықтық көмек көрсетіліп келеді.
«Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жайын халық арасына кеңінен түсіндіру ісі де жақсы жолға қойылған.
Сондай-ақ кәсіпкерлер ісін өрге домалату мақсатында қолға алынған «Бизнес кеңесші», «Бизнес өсім» сынды тегін курстарға жазылып, біліктіліктерін арттыруда. Биыл бұл курстарды 40-тан астам адам аяқтап шыққан.
Бұдан бөлек кәсіп иелеріне берілер көмекті автоматтандыру мақсатында «Атамекен» «AtamekenServise» атты ақпараттық жүйесінің тиімді жақтарын түсіндірілді.
Баспасөз мәслихатының спикерлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жолдаған сауалдарға жауап қайтарды.
Түгелбай БИСЕН,
Зеленов ауданы