Зеленов ауданында мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл туралы аудан әкімі А. Шахаров пен «Тұрғын-үй ҚұрылысЖинақБанкі» АҚ БҚО филиалының директоры А. Наурызалиеваның кездесуінде мәлім болды.
Тұрғын үй мәселесі - еліміз бойынша күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Үшбу мәселе талқыланған кездесу барысында «Тұрғын-үй ҚұрылысЖинақБанкі» АҚ өкілдері үй салу үшін жер телімін бөліп, қолданыстағы заңға сәйкес құжаттарын жасақтап, қажетті инфрақұрылымын жүргізген жағдайда тиімді бағаға үй салатын құрылыс мердігерін табуға болатынын жеткізді. Егер келісім іске асып жатса, үй кезегінде тұрған, несиені төлеуге қауқарлы тұрғындарға қолайлы бағамен ыңғайлы үй салынбақ.
Жергілікті әкімшілік алдымен халық көп шоғырланған Переметный, Дариян ауылдарынан тұрғын үй салу мақсатында жер телімін бөліп, инфрақұрылым жүргізу жайын қарастырмақ. Егер жоспар жүйелі іске асып жатса кезекте тұрған, тұрғын үй жинағы бар жандарға ауданның өзге округтерінен де үй салынады.
Н.ДҮЗБАТЫР
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz