Өткен жылдың қазан айында ел үкіметі «Қазақстан Республикасындағы мерекелі күндердің тізбесін бекіту» туралы қаулысын шығарып, бұрында 22 қыркүйекте мерекеленіп келген Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі 5 қыркүйекке ауыстырылды. Әдебиеттанушы ғалым, қоғам қайраткері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған мереке Зеленов ауданында ерекше салтанатпен атап өтілді.
«Тіл – тұтастық туы» атты фестивальмен басталған мерекеге арнайы келген аудан әкімі Асхат Шахаров:
-Тәуелсіздігіміздің негізгі тірегі – ана тіліміз. Біздің көпұлтты еліміздегі татулық Елбасымыздың көреген саясатының арқасында мүмкін болып отыр.
Елімізден тұрақ тапқан әр ұлт өкілі өз тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрін сақтай алады. Сол себепті еліміздің әр азаматы мемлекеттік тілге деген құрметін көрсетуі тиіс,-деді.
Мерекелік шарада мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, ана тіліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген аудан азамат-азаматшалары марапатталды.
Көркемөнерпаздарының концертіне ұласқан фестиваль ұлттық-мәдени бірлестіктер орындауындағы «Достық» блогымен ашылды.
Ауданды мекендеген орыс, украин, татар ұлттарының әндері орындалған блогты «Ақниет» әжелер ансамблі тамаша қорытындылады. Сондай-ақ Полина Сармина, Валентин Сажин, Алтынбек Елеусін сияқты әншілер көрерменге жақсы көңіл-күй сыйласа, Аслан Ғизатов пен Николай Новеньков және «Іңкәр» би ансамблі концерт көркін қыздыра түсті.
Түгелбай БИСЕН,
Зеленов ауданы