Зеленов ауданына қарасты Рубежин ауылдық округінің тұрғыны Нұржауған Бауеденова ғасырға таяған қазақтың киелі аспабы домбыраны көздің қарашығындай сақтап отыр.
Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылының тумасы боп келетін Нұржауған апай төрінен бір елі түспеген қара домбыраның қасиеті, тарихы турасында тереңнен ой толғады.
- Бірден айтайын, бұл домбыра - өз заманында бақуатты өмір сүрген, атағы Қаратөбе өңіріне кең жайылған Құрманқожа байдың қызы Бәтимаға сыйға тартқан дүниесі.
Домбыраның нақ иесі - енем Қасымова Бәтима Құрманқожақызы (суретте ортада) 1912 жылы туған. Руы Барамықтың Жиенқұлы, ал келін боп түскен жері Барамықтың Сырлыбайы. Енемнің әкесі Құрманқожа заманында өте ауқатты бай болған дедім, анасы Жәмилә туралы деректер жоқтың қасы.
Құрманқожа бай енем он жасқа толғанда осы домбыраны шеберлерге тапсырыс беріп, жасатқан. Енем марқұм мықты домбырашы болды. Той-топырда тамылжытып тұрып ән салатын, жарықтық!
Енем 1928 жылы тұрмысқа шыққан. Сонау кәмпескілеу жылдарында Құрманқожа бай да қуғынға ұшырады. Енем 1928 жылы 16 жасында қу кедейге тұрмысқа шығып, солақай саясаттың зардабынан аман қалғанға ұқсайды.
Ол 1979 жылы көз жұмды. Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылы маңында жерленген. Бейіті де ерекше. Пирамида іспеттес, - деп домбыраны қолына алып, бір күрсініп алды да, ойын әрмен қарай сабақтады.
- Домбыра – қазақтың киелі аспабы. Ал менің қолымдағы дүние – енемнің көзі. Енемнің бұл домбыраны қалай баптап күткені есімнен кетер емес. Қой сойғанда жиі шегін ауыстыратын марқұм. Үні сондай әдемі, құлаққа жағымды естіледі бұл домбыраның. Бұл дүние қаншама жылдар өтсе де, төрімізден түскен емес.
1922 жылы емен ағашынан жасалынған жиналмалы домбыраның биікті 90 см. Басын бөлек алып есептегенде, 40 см құрайды.
Менің де осы әулетке келін боп түскеніме жарты ғасырдан асты. Жасым болса, 70-те. Кезінде енемнің тәрбиесін көре қалдым. Ол кісіге құрметім ерекше. Сол себепті енемнің көзі домбыраны қадірлеп ұстау – менің және де ұрпағымның борышы. Киелі домбыраны ешкімге беруге қақым жоқ, - деп ой түйіндеді баба мұрасын сақтаушы Нұржауған Бауеденова.
Ертай БИМҰХАНОВ
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz