Егіндібұлақ ауылынан соң аудан әкімінің есебі Зеленый округінде жалғасты. Бірнеше жыл бұрын ауылға келер жол төселіп, зеленыйлық ағайынның үлкен мәселесі шешілді. Содан бері ол жерге көшіп келушілер көбейіп, мектептегі оқушылар саны да артты. Ауылдағы ағайын да жасалған жұмысқа разы.
Ауыл әкімі есептік кездесуінде ауыл жыл санап көркейіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Жол келгелі Зеленыйға қаржы құйып, іс бастамақ ниетті кәсіпкерлер де көбейіпті. Бір кәсіпкер ауылда супермаркет салуды көздесе, енді бірі дөңгелек жөндеу орнын, тағы бірі наубайхана салмақшы екен. Осы аталған жұмыстар ойдағыдай аяқталса, ауылда біраз жұмыс орны да пайда болады.
Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер бірігіп, ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге қажетті жобалық сметалық құжаттамасын дайындаған. Былтыр ауылда массаж кабинеті, жаңа дүкен, ателье және сұлулық салоны ашылыпты.
-Бізді мазалап жүрген сұрақтардың бірі – әкімдік ғимаратының тозғаны. 1984 жылы салынған ғимарат осы кезге дейін бір сылақ көрмеді. Алдағы уақытта әкімдікті жөндеудің жобалық сметалық құжаттамасы жасалса екен,-деді өз баяндамасында округ әкімі Ізғали Дәулетов.
Жалпы, Зеленыйда атқарылған іс жетерлік.Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт жақсы жолға қойылған. Әлеуметтік мәселелер де өз шешімін тауып келеді. Жергілікті волонтерлар кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж отбасыларға қолдан келген көмегін көрсетуде.
Біраз ауылда мәселе боп отырған қаңғыбас малмен күресу ісі де ойдағыдай. Өткен жылы малына ие бола алмаған бірнеше қожайынға айыппұл салынған. Қоғамдық кеңес мүшелері қолайсыз отбасы мүшелері мен ауыл қояншықтарын жөнге салу үшін олармен жеке сөйлесіпті. Газ және сумен қамтылу да ойдағыдай.
-Келер жылы ауылда балалар ойын алаңын салу, жаңа жұмыс орындарын құру, Коморов көшесіне су мұнарасын тұрғызу, ауылішілік жолдарды жөндеу сияқты мәселелерді шешуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс ойдағыдай жасалса, көздеген мақсатты орындауға болады деген ойдамыз,-деді баяндамасының соңында округ әкімі Ізғали Дәулетов.
Одан соң аудан әкімі Марат Тоқжанов сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыстарын жіпке тізді. Елде жасалған әр игі істі көріп біліп отырғанын айтқан зеленыйлық ағайын аудан, ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын берді.
Сонымен қатар малды қолдан ұрықтандыру мәселесін көтерді. Аталған сұрақ орынды екенін айтқан ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев алдағы уақытта бұл сұрақтың шешімі табылатынын жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz