29.11.2024, 17:15
Оқылды: 6

Жағдайың қалай, ауыл спорты?

Бүгінде спорт – қоғамның даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Әсіресе, ауылдық жерлерде спортты қолдау – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің және жастардың бос уақытын тиімді пайдаланудың басты құралы. Өкінішке қарай, ауыл спорты көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Бұл мәселені шешу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

1

Қазақстанның ауыл-аймақтарында спорттық инфрақұрылым жеткіліксіз екені жасырын емес. Көптеген ауылдарда спорттық залдар, алаңдар, қажетті құрал-жабдықтар мен жаттықтырушылардың тапшылығы байқалады. Мұндай жағдай жастардың спортқа деген қызығушылығын төмендетіп, ауыл тұрғындарының белсенді өмір салтын ұстануына кедергі келтіреді, әрине... Осы тұста ауыл спортының маңыздылығын жалпақ жұртшылыққа тағы да баяндау қажет шығар. Ұлт денсаулығы десек, ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануы олардың денсаулығын жақсартып, түрлі аурулардың алдын алатынын айтпай өтуге тағы болмас һәм спорт ауыл жастарының басын біріктіріп, олардың ынтымақтастығын арттыратыны сөзсіз. Бұл жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаюына және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Көптеген талантты спортшылардың ауылдан шығатыны да белгілі.

Олардың қабілетін ашу үшін қолайлы жағдай жасау керек-ақ. Тағы да айта кететін жайт, біз өңір намысын қорғап, түрлі додаларан оралған спортшыларды құрметтеп, әуежайдан, пойыздан қарсы алып жатамыз. Бірақ ауылдың жастары жүлдегер атанса, оған қолдау танытқымыз жоқ. Қолдау былай тұрсын, арқасынан қағып, қаражат қажет етпейтін шабыт беруге де құлықсызбыз. Шынтуайтына келгенде, әлемдік деңгейде туымызды биіктеткен спортшылардың басым көпшілігі алақандай ауылдан шыққан.

Осы орайда біз шағандық спортшы Бексұлтан Тасболатпен пікір алмасып, ойын сұрадық.

Бексұлтан Қайнарұлы 2000 жылы Ақжайық ауданының Тайпақ ауылына қарасты Базаршолан елдімекенінде дүниеге келген. Шағын ғана ауылда жүріп, түрлі спорттық жарыстардың жүлдегері атанған ол дзюдо күресімен шұғылданып, гір тасы және қол күресі үйірмесінің мүшесі болған. Тынымсыз еңбегінің арқасында гір тасын көтеруден аудан, облыс чемпионы атанды.

3

– Дзюдо, қазақша күрестен де жетістіктерге жетіп, ауылдың атын шығарып жүрдім. 2016 жылы 9-сыныпты аяқтап, Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалык колледжінің «Спорт жаттықтырушысы және оқытушысы» мамандығына оқуға түстім. 2016 жылдан бастап, жекпе-жектен облыстың аға жаттықтырушысы Айдын Ихсановтың қол астында жаттығу жасадым, - деген жас спортшы сол кездің өзінде жекпе-жек және грэпплинг күресінен облыстың құрама командасына қабылданған.

Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес деген шаңырағының тәлім-тәрбиесінің жемісі болар деп топшылаймыз.

Нақтырақ айтсақ, кейіпкеріміз бір ғана спортпен шектелмеген. Студенттер арасында өткізілетін колледж лигасында оқу орнының намысын футбол, волейбол ойындарында қорғай білген.  Десе де, аңсары ауған грэпплинг күресіне басымдық беріп, 2018 жылы Батыс Қазақстан облысының чемпионы атанды. Спорт саласында кәдуілгі маман ретінде қалыптасқан Бексұлтан 2020 жылы колледждегі студенттік қызықты да, керемет кезеңді тәмамдап, Жаңаөмір ауылындағы Шаған жалпы орта білім беретін мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалім қызметіне орналасады. Ұстаздық қызметті абыроймен арқалай білген жас маман білімін жетілдіру мақсатында ізденіске толы жылдарын өткізеді. Сөйтіп 2023 жылы жоғары оқу ордасының «Бакалавр» дәрежесін алып шығады.

– 2020 жылы дене шынықтыру мұғалімдері арасында өткен Президенттік көпсайыстан Қазақстан чемпионы атанып, «Спорт шеберлігіне үміткер разрядын» орындадым. Сол жылы «Білім нұры» республикалық ғылыми әдістемелігінің шешімімен «Үздік жас маман» төсбелгісімен марапатталдым. 2022 жылы Алматы қаласында өткен жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған алтыншы республикалық «Үздік жас маман» олимпиадасында 2-орынға ие болдым, - деді ол сол сәттердің шабыт сыйлағанын тілге тиек етіп.

2

Өзін жетілдіруден бөлек шәкірт тәрбиелеп, білгенімен бөліскен мұғалім 2021 жылы Шаған мектебінде грэпплинг күресінен үйірмесін ашқан екен. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, осы аз ғана уақыт ішінде аудан намысын облыстық, республикалық, әлем чемпионаттарында қорғап жүргендерінен сырт айнала кету жөнсіз болар. Шәкірттері Нұртілек Ақымов, Нұргелді Хайрош, Ақылбек Мұхит Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионытында жүлделі 2, 3-орындарға қол жеткізген. Сондай-ақ Ақылбек Мәскеуде өткен әлем чемпионатына қатысып,  грэпплиннг күресінен «Спорт шеберлігіне үміткер» разрядын орындаған. Бұл – аталмыш спорттан осындай деңгейге жеткен ауданымыздан шыққан тұңғыш спортшы. Бұл – Бексұлтан Тасболаттың шәкірті.

Мұның барлығын не үшін айтып отырмыз? Иә, Бексұлтандай жастар барда спорт та, өнер де өлмек емес. Осы қарқынмен жалғаса беретініне де сеніміміз мол. Олар жасаған істерін бұлдамайды да... Құштарлықпен жүзеге асқан жұмыс әрдайым нәтижесін бере бермек. Бірақ әлемдегі барлық тіршілік атауы қолдауға зәру екендігін естен шығармаған жөн. Қарапайым гүлдің өзіне уақытылы су құйып, баптап, күте білмесең, ғұмырын тоқтатады. Бұл ретте ауылдағы спортқа деген көзқарастың оң болмауы алаңдатады. «Осылай жалғаса берсе, тәжірибелі мамандардың өзі көшіп, спорт құлдырап кетпей ме?» деген қауіп те жоқ емес. Тінін тарқатсақ, Жаңаөмір ауылында бірнеше жылдан бері қажетті құрал-жабдықтарды айтпай-ақ қойғанда, балалар жаттығатын залдың өзі өзекті. Қазір Бексұлтан Қайнарұлы ескі, есік пен терезесі «көнеден сыр шертетін» «ғимаратта» шәкірт тәрбиелейді. Бүгінгі таңда аталған залдың көзін көргендердің өзі марқұм болды-ау, шамасы...

– Бұл залда 30-дан астам оқушы жаттығады. Есіктен жел гулеп, терезе тербеліп тұрады десе де болады. Жаттығу кезінде еден сықырлап, әбден мазаны алады. Оқушыларға айтарлықтай кедергі келтіреді. Жаттығу аяқталған соң оларға өзімше шабыт беремін. Қамшылап аламын. Әйтпесе, осы ғасырда қандай оқушы осындай залда жаттыққысы келеді? Оның үстіне қалаға жақын тұрамыз. Балалар қаладағы, іргелес ауылдардағы ғимараттарды көріп, қызығатындары жасырын емес. Спорт кешені салынады деген сыбыс бар. Оның қашан, қай уақытта жас спортшылардың игілігіне берілетіні белгісіз. Оған дейін осы сұрықсыз залда жүруге тура келеді, - деді өз сөзінде Бексұлтан Тасболат.

Айталық, кейіпкеріміздің шәкірттері, өзі де талай жарыстарға ата-аналардың демеушілігімен, өз қаражатымен барып жүр. Оған өзі шамадана қоймас. Әйтсе де, ауыл әкімдігінің, шағандық атымтай жомарттардың жас буынға деген сенімі, қолдауы аздық етпес. Ауылдағы мектептің директоры Юлия Шыныбекова спортшылардың жетістігінен бөркін аспанға атудан шаршаған емес. Бексұлтанның айтуынша, чемпионттардан, түрлі жарыстардан келгенде көлікпен қамтамасыз етіп, барынша қарсы алып, төгілген маңдай терді ұмыт қалдырмайды. Бірақ бір ғана директор Жаңаөмірдегі спортты құлпыртып жібере алмайтыны – ақиқат. Оған аудан, ауыл әкімдігі де мүдделі болуға тиіс.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале