18.08.2020, 17:31
Оқылды: 53

Жағдайың қалай, жағалау?!

Пандемия кезінде облыс және аудан орталықтарындағы ойын-сауық мекемелерінің жұмысына шектеу қойылған соң «онлайн» тірлікке көшкен халық бой сергітудің түрлі жолдарын іздей бастады. Бірі паркпен алаңқайларды серуендесе, бірі өз ауласында кәуап пісіріп, бірі өзен-көл жағалап кетті.

Jagalau (2)

«Үйіңде бол» деп ұрандатқанмен, бәрінің күн тәртібін біліп, оны қадағалау әсте мүмкін емес. Серуендеу мен күйбең тірліктен демалу жөн де шығар, алайда біз тәртіп пен тазалық дегенді ұмыт қалдырып барамыз.

Әр адам өз үйін таза ұстауға тырысады. Шашылып жатқан бұйымды жинайды, шаң басқан сөрелерді сүртеді, бұзылған топсаны жөндейді, еденде ешқандай басы артық нәрсенің жатқанын қаламайды. Бір сөзбен айтқанда, барынша тазалық сақтайды. Ал сол үйінен аттап басып, көшеге шықса болды, әлгіндей ұқыптылықтан жұрнақ та қалмайтыны неліктен? Өзі тұрып жатқан ауланы, жалпы қаланы, даланы, ауылды дәл солай таза ұстауға не кедергі? Ол да – біздің ортақ үйіміз емес пе?

Өзен-көл демекші... Аудан орталығын айнала бірнеше өзен ағып жатыр. Жайық бар, Барбастау бар, Теректі бар, оған халық арасында «Корейский» деп аталып кеткен тоғанды қосыңыз. Айналамыз жұмақтың өзіндей. Бірақ, осы өзендердің жағасы қандай күй кешіп жатыр? Көрдік. Көріп жағамызды ұстадық.

Жағалаудың дәл қазіргі хәлі қоқыс полигоны секілді. Бұл жерден бәрін табуға болады. Түрлі ішімдіктердің құтылары, баланың жаялығы (памперс), тіпті ұят та болса айту керек, ішкиімдерге дейін самсап жатыр жағалауда. Сонда адам соншалықты азып бара ма? Өзінің демалған жерін қоқыстың ордасына айналдыру ақымақтық емей  немене? Карантинге байланысты сенбіліктердің өтпеуі, «Таза жағалау» акцияларының ұйымдастырылмауы жағалаулардағы ахуалды күрт нашарлатып жібергені ақиқат.

Бұл жабайылықтың бәрін аудан тұрғындары жасайды деу әбестік, әрине. Алайда демалушылардың дені теректіліктер. Рас, қазір адамдардың бәрі ақылды. Ешкім де басқа біреудің айтқанын құлағына ілгісі келмейді. Жай ғана «Мынауыңыз дұрыс емес сияқты...» деп көріңізші, бірден «Ақылыңды басыңа шайнап жақ!» деп шап ете қалады. «Шырағым, әуелі өзіңді түзеп ал, менің өз ақылым өзіме жетеді» дейді. Бірақ сол бәріне жеткілікті ақылының неге дәл қоқысты тиесілі орнына апарып тастауға келгенде жетпей қалатыны түсініксіз.

Jagalau (4)

Өкініштісі, өзіміз мекен етіп отырған жердің келбетін көп жағдайда өзіміз осылай бұзып жатамыз. Сөйтіп, табиғат адамдардың қолдан жасаған қиянатынан зардап шегіп отыр. Бұл жауапсыздық экологиялық ахуалды одан сайын бұзуда.

Бұл ахуалды қалай түзеуге болады деген орынды сауал туады. Ол әр адамның санасына байланысты. Ал сананы тұрмыс билейтінін ұмытпаңыздар. Яғни жергілікті әкімдік арнайы рейд жүргізіп қоршаған ортаға зиян келтірген тұрғындарды анықтау керек. Бір ескертуден соң сол іс қайталанса айыппұл салуды бастау қажет. Қалтасына күш түскен тұрғын амалсыздан тазалыққа бет бұра бастайды.

Мысалы, дамыған шет мемлекеттерде тазалық мәселесі қатаң қадағаланады. Бейжіңде (Қытай), мысалы, көшеде түкіргені, қоқыс тастағаны, тіпті итінің бүлдіріп кеткен «әлеметі» үшін арнайы айыппұл салынады екен. Сингапурде сағыз шайнамақ түгілі, оны сақтауға, бір-біріне таратуға болмайды. Ол есірткімен теңестірілген және бұл үшін үлкен айыппұл (1000 АҚШ доллары) салынады.  Сондай-ақ тасталған қоқыс үшін 500-ден 1000 долларға дейін  айыппұл қарастырылған. Мұндай салақтық үшін Ұлыбританияда 90 фунт стерлинг айыппұл белгіленген.

Аталған мемлекеттердің көпшілігі – заң талабына мойынсұнатын елдер. Соның өзінде тұрғындардың жауапсыздығы, мәдениетінің төмендігі ішінара байқалып қалатынын аңдап отырмыз. Бізде неге жағдай өзгеше? Демек, бізде де қоршаған ортаны ластаушыларға, отырған орнына шашылған қоқыс тастап кете беретін салақтарға деген қадағалауды күшейтіп, жаза қолдануымыз керек.

P.S. Жағалауды суретке түсіріп жүргенімізде көпір астында сыралатып тұрған үш жігітті көзіміз шалды. Шаруаларын түгесіп, бізге бір көз тастады да, босаған құтыларын жинап, көлікпен жанымыздан шу етіп өтіп кетті. Бұл жауапкершілік пе, әлде журналистердің көзіне һәм сөзіне ілікпеу ме? Қорытындысын өздеріңізге қалдырдық.

 

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале