8.04.2022, 13:00
Оқылды: 90

"Жайдарман – достық мекені"

Жуырда Сайқында Жайдарман әзілкештер кеші  өтті. "Жайдарман – достық мекені" атты шараны "Нарын жастары" ЖҚБ және жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

жайдарман (1)

Бес команда бағын сынаған бұл сайыста әзілі мен шындығы өзара келісім тауып жатты. Кей командалар жемқорлықты астарлап жеткізсе, мәнсіз телебағдарламаларға пародия жасағандар да болды. Өкінішке орай, өз ұлтын даттағандар да болды. Осы ретте, жастар

«Қазақты жамандама, қазақ бала!

Халық қой қазақ деген аз-ақ қана,

Мәңгілік Ай астында, Жер үстінде,

Қазақтың жанашары қазақ қана» - дегенді ескерсе екен деп тіледік. Айталық, бұл сахнада бөкейліктердің бас ауруы болған жол мәселесі де балаларды да толғандыратыны байқалды. Таныстыру және үй тапсырмасынан тұрған екі бөлімде, жасыратыны жоқ, тақырыптан ауытқыған команда да, «2022 – Балалар жылы» атты алғашқы турда өтімді әзілімен бірден суырылып алға шыққандар да болды.

жайдарман (2)

Нәтижесінде Саралжын ауылының намысын қорғай келген "Саралжын серілері" талассыз жеңіске жетіп, кубокты еншілесе, бисендік бозбалалардан құралған "Дәл қазір" командасы екінші орын алды. Ал үшінші жүлде құрамы жаңартылған ханордалық "Тіпті керемет" командасының қанжығасына байланды. М.Мәметова атындағы орта мектептің ұстазы мен шәкірттерінен құрылған «Қалай қарайсың?» тобы мен М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің 12 жасар шәкірттерінен құрылған «Жұрттың балалары» атты команда белсенділігі үшін марапатталды. Әділет Ербайұлы "Үздік ойыншы" атанды.

– Командалардың дайындығы жақсы деуге әбден болады. Әрине, кейбіреулерінде өзіндік олқылықтар бар, біреулері асығыстық танытып жатыр. Бірақ әзілдерінен-ақ жастар қоғам өмірінен алшақтамағанын байқауға болады,  ̶  деді қазылар алқасының мүшесі Райымбек Құрманғазиев.

Раушан Аппақова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале