19.05.2022, 15:00
Оқылды: 9

Жайығы ұмытпайды қаһарманын

Қаралы қаңтардың ызғарлы күндерінде лаңкестерге қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жан тәсілім еткен қаһармандарымыздың есімдері мәңгілік жадымызда сақталады. Соның ішінде, қандықол лаңкесті тоқтату үшін жанын пида еткен, халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жерлесіміз, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Сәндібек Қайыровтың да ерлігі тарихқа алтын әріппен жазылды.

IMG_5340

Жуырда Ақжайық ауданы Чапаевта еркін күрестен 2008-2009 жылы туған жасөспірім және 2010-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар арасында батырды еске алуға арналған облыстық ашық турнир дүркіреп өтті. Сайысқа Ресей Федерациясының Дағыстан, Шешен, Чуваш республикаларынан және Ульяновск қаласы, сондай-ақ Атырау облысы Индер, Мақат аудандары, Қызылорда облысы Арал қаласынан, Маңғыстау облысы, Орал қаласы, Бөрлі, Жаңақала, Қазталов, Сырым, Шыңғырлау және өзіміздің аудан палуандары қатысты.

Сайыстың ашылу салатанатында аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, облыстық грек-рим еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Мадияр Құрманғалиев, Сәндібек Қайыровтың ата-анасы Ғалимолла мен Жұмағаным Қайыровтар және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Райымбек Таубаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

IMG_5568

–Алматыдағы қанды күндерде мұздай қаруланған террористер қарсы тұрған жерлесіміз Сәндібек Ғалимоллаұлы Қайыров ажал құшты. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Соған батырдың құрметіне бүгін өтіп жатқан турнир дәлел. Еліміз үшін жан беруге дайын осындай патриоттар – отансүйгіштіктің, елжандылықтың шынайы үлгісі. Жарысқа қатысып жатқан жас жеткіншектер,сіздерге сәттілік тілеймін, тек мықтылар жеңсін, – деді Асқар Батырханұлы.

Осыдан кейін Сәндібектің достары оның ата-анасына сыйлық жасап, ілтипат көрсетті.

Иә еліміз тарихында «Қасіретті қаңтар» атауымен қалатын қайғылы күндер көптеген жанның  қабырғасын қайыстырып кетті. Сол қанды оқиғада өлім қаупі төнсе де, рухын жоғары ұстап, қанішерлерден жалтармай, қасқайып қарсы тұрған Сәндібектің қазасы аудан жұртшылығы үшін орны толмас қайғы болды. Бейбіт заманда Отанымызға төнген қауіпте басын бәйгеге тігіп, өз міндетін адал атқарған ол мәңгі ел есінде қалады. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген әріптестері, дос-жарандары, курстас достары С.Қайыровтың жастарға  жол көрсететін, ақыл-кеңесін аямайтын адал, сенімді жан болғанын еске алады.

Сәндібек Ғалимоллаұлы ауданымыздың Жайық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мектепте оқыған кезінен-ақ бозбала жауапкершілік жүгі салмақты әскери қызметті армандады. Арманы алдамады да – 1996 жылы 8-сыныптан соң Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың курсанты атанады. Балғын кезінен Отанын қорғауды тілеген ол мектепті тәмамдасымен  Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түседі. Кейін офицер біліктілігін Ұлттық қорғаныс университетінде арттырады. Қарулы күштердің қатарында ақжайықтық азамат взвод командирінен десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

Ал енді турнирге оралайық. Сайысқа қатысушылар жас болса да, жүлдені қолдан бермейтіндей тыңғылықты дайындалып келгендері байқалды. Негізі спорттың қай түрі болмасын, жеткіншекті тек физикалық тұрғыда емес, сонымен қатар ақыл-ойына, ерте есеюге әсері бар екені бұрыннан белгілі. Өйткені жас палуандар шаршы алаңға шығып, бір-бірімен алыса кетіп, өздерінің бар күшін салып, жеңбей беріспейтінін көрсетіп жатады. Әсіресе жеңілгеніне намыстанып, көз жасын ұстай алмаған өреннің қарсыласы арқасынан қағып, достық ілтипатын көрсеткенде «әп бәрекелді» деп, сыйластық-құрметіне тамсанасың.

Бұл жарыста дағыстандық өрендермен жерлес спортшылардың арасында болған жекпе-жектер өте әсерлі болды. Қалай дегенмен, күреспен аты әлемге танымал тау халқының балуандарына қарсы тұрып, оларды тізе бүктіру оңай емес. Мысалы, сол елдің өрені Ахмат Гамзатов пен ақжайықтық палуан Ержігіт Қайырманов арасында болған «айқаста» жерлестеріне жанкүйер көрермен қиқулап, жекпе-жектің алғашқы кезеңінде ауылдасымыздың мысы басым болды. Соңына дейін теңбе-тең келгенмен, дағыстандық балуанның соңғы сәттерде айласын асырып, жерлесіміздің жеңісті уысынан шығарып алғаны өкінішті.

Сонымен жоғары деңгейде өткен сайыстың қорытындысы келесідей: 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Нұрсат Жалмұхан (Қазталов ауданы, 32 келі), Әбдел Мержан (Атырау қаласы, 35 келі), Елнұр Бегимов (Ақжайық ауданы, 38 келі), Талғат Аймауыт (Атырау қаласы, 41 келі), Магомед Кебедов (РФ, Дағыстан республикасы, 44 келі), Айбын Кенжеғалиев (Ақжайық ауданы, 48 келі),  Кирилл Бурмистров (РФ, Ульяновск қаласы, 52 келі), Мади Таумен (Маңғыстау облысы, +52 келі), 2010-2012 жылы туған  кіші жасөспірімдер арасында Қасымхан Дуатов (Атырау облысы, Индер ауданы, 29 келі), Химич Максим (Ақтау қаласы, 32 келі), Магомед Шамхалов (РФ, Дағыстан республикасы, 35 келі), Мирас Аманғали (Орал қаласы, 38 келі), Бірлік Алмасұлы (Атырау облысы, Индер ауданы, 42 келі), Сүлеймен Ерсұлтан (Орал қаласы, 45 келі), Елнұр Маратов (Атырау қаласы, 50 келі), Қайнар Жеңісов (Ақжайық ауданы, +50 келі) турнирдің жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздармен жүлдегерлер диплом медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Нұрбек Ихсанов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале