Биыл Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Кенжебек Меңдалиевтің туғанына 110 жыл толды.
Облысымызда жоғары қызметтерде болған ол кезіндегі Чапаев, бүгінгі Ақжайық ауданын да біраз жылдар бойы басқарған. Бүгін Ақжайық ауданы орталығында осы бір азаматты еске алып өткен шараның «Жайықта қалған жарқын із» деп аталуы сондықтан.
Шараға келгендер алдымен Жұбан ақынның ескерткішіне гүл шоғын қойды. Аудандық мәдени-демалыс орталығында жиналғандарға кең қанатты көрме толы дерек ұсынылды.
– Сонау 1956 жылы Кенжебек Меңдалиев басшылық еткен Чапаев ауданы мемлекетке 4,5 млн пұт бидай тапсырып, еңбеккерлердің мерейі асқақтады. Соның нәтижесінде аудан диқандарына ерек құрмет көрсетіліп, Қазақстан Компартиясының облыстық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы табыс етілген. Аудан басшысының тың игеру және астық дайындаудағы қызметі еленіп, Ленин орденімен марапатталды. Бұл Кенжебек Меңдалиев ауданымызды басқарған жылдардан тарихымызға басылған аз ғана дерек, – деген аудан әкімі М.Сердалин осы шараның ұрпаққа ұлағатын атап өтті.
Қоғам қайраткерінің қызмет жолын еңбек ардагері Құрман Бисеғалиев айтып берсе, еңбек ардагері Даулетжан Жақсыбаев, онымен бірге жұмыс жасаған, еңбек ардагері К.Өтеғұлов, еңбек ардагері Аманғали Қайсағалиев те өз естелігін баяндап берді. Текті азаматтың іскерлігі, қайраткерлігі жөнінде экраннан «Еңбегі ерен ер еді» деректі фильмі көрсетілді.
Осыдан соң ақын, жазушы, ардагер-ұстаз, жазушы Дариға Мұштанованың Кенжебек Меңдіәліұлына арнаған «Кенжақаң» кітабының таныстырылымы өтті. Автор балалық шақта есінде қалған жарқын сәт себеп болған кітаптың мазмұны, К.Меңдалиевтің азаматтығы, іскерлігімен қатар қарапайымдылығы, жанашырлығымен көпті өзіне баурап алатын жан болғандығы жөнінде толғанса, ұрпақтарының атынан сөз алған қызы Дина әкесінің туған жеріне, елге қалтқысыз қызметті бір уақ та жадынан шығармағанын тебірене еске алды.
Аудан жұртшылығы атынан Д.Мұштанова мен К.Меңдалиевтің екі қызына сый тарту табыс етілді.
Шара соңы «Ақжайық әсем әнімсің» әнімен қорытындыланды.