11.08.2022, 11:47
Оқылды: 171

«Жақсы келін құт» деген

Қазіргі кезде қоғамда ене мен келіннің түсініспеушілігі басым болып бара жатыр десек өтірік емес. Отбасында келін мен ененің бірін-бірі жақсы көріп, құрметтей білуі сол шаңырақтағы сыйластықтың, береке-бірліктің бастауы. Қазір ене мен келіннің бір шаңырақ астында өмір сүруі аз кездесетін жайттардың біріне айналды. Ал келіннің екі енемен бірге тұруы ең сирек кездеседі.

7

Осындай сирек кездесетін отбасылардың бірі – Бұқарбаевтар әулеті. Ақкерік Сәбитқызы әжеміз  қазірде өзінің келінімен және немере келінімен бір шаңырақ астында  бақытты өмір  кешуде.  Ақкерік анамыз 1956 жылдың  қаңтарында Шыңғырлау ауданының Пятилетка ауылында дүниеге келген. Акушер-гинеколог мамандығында оқып, зейнет жасына жеткенге дейін Шыңғырлаудың ауруханасында жұмыс жасаған. 1976 жылы тұрмысқа шығып, өмірге үш бала әкеліп, өсірген. Өзі де келін болып түскен кезде басында ата-енесімен бірге тұрған екен. Кейін Оралға оқуға түскендіктен, ата-енесі еншілерін беріп бөлек шығарған. Қазірде шөбере сүйіп отырған бақытты әжелердің бірі.

Ақылды аналардың көрегендігі отбасындағы татулықтың, сыйластықтың бірден-бір себепшісі. Ендеше, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның жолдасына деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәрбиесіне байланысты. Өйткені, ене - келіннің екінші анасы. Сондықтан келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Бүгін ол енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді.

Ал екінші ене деп отырғанымыз, бүгінде өзі де енесінен алған  тәрбие бойынша  келін түсіріп отырған аналарымыздың бірі Бұқарбаева Айнұр Қайыржанқызы. Ол 1979 жылдың көктемінде  Шыңғырлау ауданының Қайынды ауылында дүниеге келген. Есепші мамандығын бітіргенімен, қазіргі таңда «Staff Line Service» компаниясында бас аспаз болып жұмыс жасайды. Айнұр Қайыржанқызы он жеті жасында Букарбаевтар әулетіне келін болып түсіп, ата-енесімен 2002 жылға дейін бірге тұрып, кейіннен жұмыс бабымен Ақсайға көшіп келген. Ақсайдан жер алып, үй салады. 2014 жылы ата-енесі зейнетке шыққаннан соң қолдарына көшіріп әкеліп, содан бері бірге тұрады. «Әрқашан ата-енеммен жақсы қарым-қатынаста болдым. Әрине, әр отбасында ыдыс-аяқ сылдырап тұратын кездер болады, бірақ та бір-бірімізге деген сыйластықтың, құрметтің арқасында осы уақытқа дейін тату-тәтті тұрып келеміз. Жақсы отбасына келін болып түскеніме әрқашан алғыс айтамын. Өміріме ешқашан өкінген емеспін. Қазір өзімнің де келінім бар. Балам үйленген кезде қатты қуандым. Ұлым ержетіп, отбасы құрамын деген кезде менен бақытты жан болмаған шығар. Болашақта баласының  жақсы болғанын, жақсы отбасы құрғанын әрбір ата-ана армандайды. Қазірде келініммен тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бір-бірімізді сыйлап, әжесі де, мен де бар білгенімізді үйретіп, ақыл айтып отырамыз. Қазіргі кезде келіндер ата-енемен тұрғысы келмейді, біздің осындай отбасы болып тұруымыздың бір себебі – сыйластықта деп ойлаймын. Кішірейетін кезде сөзге келмей кішірейіп, ененің айтқан ақылын тыңдаймыз. Осы бір-екі жылдықта көршілеріміз де келін түсіріп жатыр. Бәрімізде бір-бірімізбен жақсы араласымыз. Қандай той, қуаныш болсын бәріміз бірге жүріп атқарысамыз. Келіндеріміз де жақсы қарым-қатынаста, қай үйде қонақ болсын біріне-бірі көмектесіп жүреді. Біздің көшеде де енемен тұратын келіндер бар. Бәріміздің баламыз жасты, бірге өскен балалар. Қазір бәріміз немере бағып отырған әжеміз. Қырқынан енді шыққан немерем бар. Соның қызығын көріп, соған тоймай қуанып, бар назарымыз сол кішкентай  ғана сәбиде» - дейді Айнұр Қайыржанқызы.

Отбасында жақсы тәрбие алып, ибалылық пен ақкөңілділікті жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді. «Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда қазақ, яғни сол жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана ауыл-аймаққа қадірі артады. Әрине, өзге ортаға, өзге отбасына бірден сіңісе қою кім-кімге де ауыр соғары анық.

6

Бұқарбаевтар әулетінің немере келіні,  жас ана Абдрахманова Альбина Ерболқызы 1998 жылы Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген екен.  Орал қаласындағы «Орал гуманитарлық колледжін» бітіріп,  №9 балабақшаға тәрбиеші болып жұмыс жасайды. 2021 жылдың  қысында жаңа өмірдің есігін ашып, Бұқарбаевтар әулетіне келін болып түскен.  «Алғаш келін болып түскенде әрине қиын болды, қанша дегенмен бөлек орта, бөлек отбасы. Бірақта отбасы мүшелері жақсы қарсы алып, түсіністікпен қарағасын тез сіңісіп кеттім. Қазір ата-енем, әже-атам бәріміз бірге тұрамыз. Енем әрқашан ақылын айтып, білмегенімді көрсетіп, үйретіп отырады. Білмеген нәрсемді сұрағанда ұрыспай, жәймен түсіндіреді. Енеммен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Жақын құрбылардай сырласып, әңгіме айтып отырамыз. Келін болып түскеннен соң ең бірінші енемен жақсы қарым-қатынаста болу ең маңызды деп санаймын. Енем үй жинасам да, тамақ пісірсем де көмектеседі. Екеулеп жүріп барлық жұмысты тез атқарып шығамыз. Осындай ененің болғанын әрбір келін армандайды» - дейді Альбина Абдрахманова.

Бүгінгі күні әр отбасындағы өзекті проблемаға айналған ене мен келін арасындағы қарым-қатынас. «Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Келіннің жақсы болуы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші болса керек.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале