7.12.2021, 10:20
Оқылды: 41

Жақсылыққа ұйытқы басылым

– Таяуда өткен «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы жас ұрпаққа үндеу жолдап, жаңа дәуірде қазақстандықтарға бағыт-бағдар беретін «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатын ұсынды. Онда «Мәңгілік ел» мұратына жетудің жеті тұғыры тәуелсіздік, бірлік пен ынтымақ, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм деп көрсетілген. Елбасы «табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде» екенін үнемі айтып келеді. Осы аталған құндылықтар әрбір жастың жетістікке жету, қоғамға пайдалы адам болып, өнім беру жолындағы басты темірқазығына айналуы тиіс.

нуржамал

Әрине, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде мектеп пен ата-ананың еңбегі елеулі. Біздің мектеп ұжымы балаларға терең білім мен саналы тәрбие беруде қал-қадірінше қызмет етуде. Жетістіктеріміз де баршылық. Мектебіміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мүғалімі Қамажай Илиясова аудан мектептері бойынша бірінші болып «Шебер мұғалім» атағын алып, педагогикалық ұжымның мәртебесін тасытты. Соңғы үш жылда үш мұғалім Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, сегіз мұғалім аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Балалар туризмі (жетекшісі Марат Қолғанат), өлкетану, экологиялық (жетекшісі Дәурен Тапаев) бағытындағы қосымша білім беру үйірмелері арасынан республикалық жарыстарда биіктерден көрінді. Өткен жылы «Ақбота» республикалық марафонынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Зарина Нұртасқызы, Сағын Мәлика ІІ орын алды. «Intel-junior-2021» бастауыш сынып оқушыларына арналған қашықтық олимпиадасында Ақбота Орынғали ІІ орын иемденді. Сондай-ақ мектебіміз VІ облыстық «Хрусталь шоқыр» жүлдесі байқауында мектептер арасынан «Туристік-өлкетану қызметін үздік ұйымдастырғаны үшін» аталымында І орын алды. Биылғы оқу жылын 14 мектеп түлегінің біреуі «Алтын белгіге», бір оқушы «Үздік аттестатқа» бітірді. Одан бұрынғы жылы екі шәкіртіміз «Алтын белгіге», бір оқушымыз «Үздік аттестатқа» ие болды. Түлектердің алтауы мемлекеттік грант иеленді, екеуі ақылы жоғары оқу орнына, төртеуі арнаулы грантпен оқуға түсті. Жаңа форматта 1 шебер-мұғалім, 1 зерттеуші, 10 педагог-сарапшы, 6 педагог-модератор бар. Өткен оқу жылының қорытындысы  бойынша  білім   сапасы  61%-ды  құрады.

Қазіргідей электронды  басылымдар, интернет ресурстары қолжетімді заманда  қағаз басылымдарға күштеп жаздырту қиын. Әйтсе де Ақ Жайық өңірінің өсіп-өнуі, рухани дамуы, мәдениеті мен экономикасы жайындағы материалдарды облыстық «Орал өңірі» газетінен ұдайы оқимыз. Түйткілді мәселелерді шегіне жеткізе жазып, қарапайым оқырманмен санасып, олардың ой-пікірін, ұсынысын паш ететін, ел-жұртты толғандыратын мәселелерге құлағы түрік басылымнан қол үзгіміз келмейді. Білім саласындағы озық әдістер, жаңа технологиялар, бала тәрбиелеудегі өнегелі іс-тәжірибелер газет бетінен көрініс табуда. Тарихи тақырыптарды қаузайтын мақалалар да көзі қарақты оқырмандарды ойлантып тастайды. Әрине, бүгінгідей қымбатшылық қыспаққа алған, мектеп ғимаратының жөндеуі кешігіп, көңіл күйімізді түсірген тұста да баспасөзді қолдау – маңызды іс деп санаймыз. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» демекші, ұлт ұрпағын тәрбиелеушілерге рухани байлық бәрінен қымбат. Тәуелсіздігімізді мәңгі ету жолында ұлттың ұйысуына, тіліміздің босағадан «сығаламай» төрге озуына қызмет қылатын «Орал өңірі»  басылымына ұжымдағы 30 мұғалімнің 28-і жазылды. Ендеше, рухани азық болатын үнқағазға жазылуға асығыңыздар, әріптестер!

Нұржамал Өтепбергенова,

Ақжайық ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале