12.05.2024, 15:30
Оқылды: 8

Жалпақтал түлектері арасында жеребе тарту рәсімі өтті

Кеше Жалпақтал ауылының мәдениет үйінде әр жылғы мектеп түлектері «Түлектер спартакиадасы» ойындарының ашылу салтанаты мен жеребе тарту рәсімін өткізді.

IMG-20240511-WA0019

Мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін спорттық шаралардың ашылу салтанаты мен жеребе тарту рәсіміне арнайы қонақтар шақырылып, әнұран орындалып, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғәділбек Әлібекұлы мен ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғилым Шәріпұлы құттықтау сөз сөйледі.

Бүгінде Жалпақтал ауылының көркеюіне атсалысып жүрген түлектер қатары аз емес. Сонау 2013 жылдан бастау алып, жыл сайын әр жылғы түлектер өз қаражаттарымен  көптеген сәулетті нысандарды тұрғызып, туған ауылына тарту ретінде тегін сыйға беруді дәстүрге айналдырып келеді. Осы дәстүрді үзбей жалғастырып келе жатқан Жалпақтал түлектері жыл сайын түрлі спорттық шараларды да тұрақты ұйымдастырып, ауылдың жастарына үлге-өнеге болуда. Оған әр жылғы түлектер арасында оздырылатын  волейбол, футбол, баскетбол, арқан тартыс және қазақ күрестерінен өтетін түлектер спартакиадасы айқын дәлел. Мектеп түлектерінің осындай ауызбірлігін өзінің от жырларына арқау еткен ауылдың танымал ақыны Қыдыр Харесұлы «Жалпақталдық түлектер» деген өлеңінде:

Мықты болса тіректер,

Шыңдалады білектер.

Пір тұтады өз елін,

Жалпақталдық – түлектер!

Жырға тұнып – жүректер,

Тамсанардай түлепті ел!

Патриот қой расында,

Жалпақталдық — түлектер!

Бос тұрмай-ақ — күректер,

Ақталуда тілектер.

Жасай берсін – жасасын,

Жалпақталдық — түлектер!» деп әдемі жырлаған болатын.

Ауылдағы түлектер арасында тұрақты өтетін  спорттық шараларды осыған дейін 15 жылдықтар волейбол, 20 жылдықтар шағын футбол, арқан тарту жарыстарын өткізсе, биылғы 2024 жылдан бастап спорттық шаралар қатарына мектеп бітіргендеріне 10 жыл толған 2014 жылғы мектеп түлектері қазақ күресін және мектеп бітіргендеріне 25 жыл толған 1999 жылғы мектеп түлектері баскетбол жарысын қолға алып дәстүрге айналдыруды жоспарлар отыр.

20240511_165448

Алдағы уақытта мектеп бітіргеніне 10, 20, 25, 30 жыл толған мектеп түлектерінің ұйғарымымен және ауыл түлектерінің келісімімен түлектер арасындағы жыл сайынғы жарыстардың жеребе тарту рәсімі жалпылама ортақ тәртіппен, бір мезгілде өткізілетін болады.

Туған жерін көркейту жолында елжандылық сезімдерін паш еткен жалпақталдық мектеп түлектерінің «Түлектер спартакиадасы» ойындарының ашылу сатанаты мен жеребе тарту рәсімі барысында Жалпақтал Мәдениет үйінің қызметкерлері әдемі ән шашуларын жолдап, спортшы түлектерден құралған ән квартеті шараны айтулы «Атамекен» әнімен қорытындылады.

Қыдыр Абдрахманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале