Бүгін Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында екі қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған тұрғын үй және оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары құрылысы толықтай аяқталды. Жалпақтал ауылының Байқоңыр көшесіндегі үй құрылысына облыстық бюджеттен 112,6 млн. теңге бөлінген. Құрылысты «Эврика» ЖШС төрт айда салып шықты.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
-Бүгін өте қуанышты күн. Қоныстарыңызбен құттықтайын деп арнайы келіп тұрмын. Ауыз су мен көгілдір отынның келуі, жол, тұрғын үй салынуы мұның барлығы біздің тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттің жұмысы.
Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде еліміз өркендеп, дамуда. Соның айқын көрінісі «Нұрлы жер» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы. Елбасының халыққа арнаған 5 қазандағы Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылғанын мәлім етті. Мемлекет басшысы тұрғындар қолжетімді баспанасы болсын деп аталған бағдарламаны қабылдады. Нәтижесін халық көріп отыр. Облыста «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасымен 3500-ге жуық пәтер салынып жатыр. Күні кеше Тұңғыш Президент күніне орай облыс орталығында 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тоғыз қабатты екі үйді тапсыру жоспарлануда. Қазталов ауданында биылдың өзінде бірқатар жұмыс жасалды. Шалғай жатқан ауылдарға ауыз су тартылды. Алдағы уақытта аудандағы 13 елді мекен көгілдір отынның игілігін көреді. Облыс орталығынан Қазталов ауданына баратын жол 2019 жылы аяқталып, әрі қарай Жәнібекке, Сайхынға және Хан Ордасына апаратын жолды үш жылдың ішінде аяқталу керек деп Елбасы мамыр айында келгенде айтқан болатын. Оңтүстік аудандарда сапалы жол болады,-деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.
Мұнан кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов, аудан әкімі Абат Шыныбеков,«Эврика» ЖШС директоры Олег Тетера, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, Жалпақтал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев жаңа қонысқа ие болған 12 тұрғынға пәтер кілтін табыс етті. Су жаңа үйді иеленушілер атынан Ботагөз Ахметова сөз сөйлеп, Елбасына, облыс, аудан басшыларына шынайы ризашылығын білдірді.
Бұдан соң Алтай Сейдірұлы жаңа пәтерді иесі Айгүл Өтебалиеваның қонысына бас сұғып, қуанышымен құттықтады. Қоныс иесі пәтер кезегінде бірнеше жыл тұрғанын айтып, «Нұрлы жердің» нәтижесінде баспанаға қол жеткізгені үшін алғыс айтты.
Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер