Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылындағы Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Бала мен ата-ана арасындағы алтын көпір» диалогы өтті.
Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен айтулы шараға аудандық білім беру бөлімінің педагог-психологтері, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты. Шараны жүргізген аудандық әдіскер-координатор, педагог-психолог Гүлжан Әділгереева алғашқы сөз кезегін Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Мәншүк Ізбасарқызы Жексеноваға жолдап, диалог алаңын бастап кетті.
Белгіленген күн тәртібі бойынша Қараөзен мектеп-лицейінің педагог психологі, педагог-сарапшы Айнұр Қабиева «Адам өз өмірінің суретшісі» тренингін өткізсе, облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары Раушан Құрмашева «Бала мен ата-ана арасындағы алтын көпір» диалог алаңын жүргізді. Одан кейін аудан аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас инспекторы, аудан әкімдігі жанындағы кәмілетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Дана Шақуова «Баланың бас ұстазы - ата-анасы» және Казталов ауданы полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмілетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Оразғали Оразымбетов «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алудағы ата-аналар рөлі», Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологі, педагог-модератор Сымбат Қаженова «Қазақ отбасындағы бала тәрбиесі» тақырыптарында тәлімді тренинг жүргізіп, тыңдармандар тарапының зор ықыласына бөленді. Сондай-ақ, осы диалог алаңы барысында облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының бөлім басшысы Айман Раушанова аудандық білім беру бөлімінің педагог-психологтеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырды.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, диалог алаңына қатысқан ата-аналар жарыса сөз сөйлеп, өз ойларын бүкпесіз ортаға салды.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы