Кеше Жалпақтал Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесіне орай «Ата заңым-айбарым, елдігімнің айғағы» атты мерекелік шараға ұласқан үлкен концерттік шара өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сахнаға кіргізіп, әнұран орындалғаннан кейін салтанатты шара басталып, аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев ауыл тұрғындарын мемлекеттік ұлық мереке — Конституция күнімен қызу құттықтап, Жалпақтал ауылдық округі әкімдігіне берілген жаңа автокөліктің кілтін ауыл әкімі Ғаділбек Әлібековке салтанатты түрде табыс етіп, «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» мерекесіне орай аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың атынан берілген Алғыс хатпен Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Болатбек Сармановты, Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Санжар Ғұбайдуллинді, «Азаматтарға арналған үкімет ММ» АҚ коммерциялық емес БҚО бойынша филиалының Казталов ауданы Жалпақтал ауылы секторының маманы Шынар Ғабдолованы, Жалпақтал ПБ АҚО жүргізуші-полицейі, полиция старшинасы Азамат Тарихты марапаттады.

Ата Заң – Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Ол – әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің, еліміздің болашағы мен тұрақтылығының кепілі. Ол рухани жаңғыруға бағытталған жасампаз істерді атқару жолындағы сенім беретін темірқазығымыз. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Еліміздің ата заңы – Конституция күні құтты болсын!

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік концертте Мейрам Мақсот пен Әділет Жүсіпов «Қазақтай ел қайда» әнін әуелетсе, халықтық «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі «Ақжайық», «Төрткүл түмені» шығармаларын және осы ансамблдің сүйемелдеуімен Асхат Неғметов «Көк тудың желбірегені» әнін жеке дауыста орындады. Одан кейінгі концерт барысы Даруна Мейрамғалидың орындауында «Қазақстан отаным», Баян Қабиеваның халықтық ұжымдары орындауында «Сары бидай», үлгілі «Қыз жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі орындауында «Қазақ елі жасасын», әнші Сыйлық Құсайынованың орындауында «Сені сүйемін Қазақстан», Құндыз Еренбаеваның орындауында «Туған ел», өнерлі квартеттің орындауында «Ата Заң күні» әндері мен халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің мың бұралған әдемі билерімен жалғасты.

Мерекелік концерттің соңы аудан жұртшылығына танымал әнші Мұрат Ахметовтың орындауындағы атақты «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы