15.03.2024, 0:09
Оқылды: 11

Жалпақталда келіндер сайысы өтті

Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйінде ауылдық округ әкімінің қолдауымен және Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мекеме-кәсіпорындар арасында «Ақ босаға» атты келіндер сайысы өтті. Сахнаның шымылдығы «Супер келіншек» әнімен әрленген – арнайы қойылыммен ашылып, көрерменді бірден өзіне баурап алды.

20240314183312_IMG_6661

Одан кейін екі жүргізуші шығып, қазақ келіндерінің отбасы абыройын адалдықпен сақтайтынын, олардың ибалы да инабатты мінезімен үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете жүріп, ұлттық қасиетімізді танытуды мақсат ететінін айта келіп, сайысқа қатысушы келіндер мен әділқазылар алқасын таныстырды.

20240314180303_IMG_6644

Бүгінгі сайысқа Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінен Батырғалиева Ботагөз Советқызы, Жалпақталдағы Казталов ауданының №2 ауруханасынан Сағынғалиева Әлия Мұхтарқызы, Жалпақтал өнер мектебінен Жайғали Гүлжанар Маратқызы, Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан Кушумова Гүлзира Мұратқызы, Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінен Зейнорай Гүлстан Раджқызы, «Балдәурен» бөбекжайынан Асқарова Жансая Асқарқызы қатысып, сайыс барысында өзара мықтыларды анықтады. Ал сайыскерлердің өнерін бағалаған әділ қазылар алқасының құрамында «Ертегі» бөбекжайының меңгерушісі Салтанат Ғаббасова (қазылар алқасының төрайымы), «ZINAR brand» ательесінің жетекшісі, кәсіпкер Гүлнәр Зиналиева, Қараөзен Мәдениет үйінің әдіскері Гүлмереке Сәрсенова өнерлі келіндердің әділ бағасын берді.

20240314190528_IMG_6707

Бес кезеңнен тұратын байқау барысында Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі атынан қатысқан Батырғалиева Ботагөз Советқызы «Өнерлі келін» аталымына қоса сайыстың Бас жүлдесін жеңіп алса, Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі атынан қатысқан Зейнорай Гүлстан Раджқызы «Парасатты келін», «Балдәурен» бөбекжайы атынан қатысқан Асқарова Жансая Асқарқызы «Инабатты келін», Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы атынан қатысқан Кушумова Гүлзира Мұратқызы «Ісмер келін», Жалпақтал өнер мектебі атынан қатысқан Жайғали Гүлжанар Маратқызы «Көрермен көзайымы», Жалпақталдағы Казталов ауданының №2 ауруханасы атынан қатысқан Сағынғалиева Әлия Мұхтарқызы «Көрікті келін» аталымдарына ие болып, өз ұжымдарын зор қуанышқа бөледі.

20240314190634_IMG_6709

Сондықтанда өз ұжымдары атынан сайысқа түсіп, өнер көрсеткен барлық келіндерге қолдау білдірген мекеме, ұйымдарға шараны ұйымдастырушылар атынан зор алғыс білдірілді.

Еліміз бойынша бекітілген «Наурызнама» он күндігі аясындағы ауылымызда өткен бүгінгі «Көрісу күні — Амал мерекесі» атты барлық шара құтты болсын!

«Наурызнама» он күндігі ертең де жалғасын табады.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале