15.03.2025, 16:30
Оқылды: 23

Жалпақталда «Шапағат» халықтық әжелер ансамблінің есеп беру концерті өтті

Кеше Жалпақтал Мәдениет үйінде өңірімізге кеңінен таныс «Шапағат» халықтық әжелер ансамблінің құрылғанына 15 жыл толу құрметіне орай есептік концерті өтті. 

IMG_4785

Көктемнің керемет мерекесі — Көрісу күнімен ұштастыра өткізілген бұл шараға келушілердің қатары қалың екені бірден байқалды. Сахна шымылдығы ашылған алғашқы сәттен бастап-ақ көңілді қойылымнан көрініс көрсеткен өнерпаз өрендер — өзара кеңесіп отырған ата-әжелерге таяу келіп, 15 жылдық мерей тойын тойлағалы жатқан «Шапағат» әжелер ансамблін қызу құттықтады. Ел ортасында думанды тойды қыздырғалы жиналған «Шапағат» әжелер ансамблі соңғы уақытта өздерінің құрамдарын өнерлі аталармен толықтырып, ансамбль аясын кеңейткен екен. Ансамблді мерейтойымен алғашқы болып құттықтауға келген Жалпақтал Мәдениет үйінің жастары «Ой жайлау » әнін тарту етті. Жыл басы наурызда Самарханның көк тасы еріп, жер аяғы кеңейе түскен тұста Көрісу күні мерекесі де басталатыны белгілі. Мерекенің сәнін келтіріп, думанды қыздырған өнерпаз әже-аталар жарыса ән шырқап, мың бұрала би билеп, небір ойын түрлерін де жүзеге асырды. Ал, жастар жағы болса сахнадан төмен түсіп, көрермендерге көрісіп, тәтті бауырсақтар ұсынды. Одан кейін 15 жылдық мерейтойдың отын маздатқан Жұмагелді атай (Төрешев) «Ауылым әнін», ансамбль ізін жалғаушы — халықтық Қабиевтер отбасылық ансамблі мерейтой құрметіне халық әні «Әридай» әні мен ұлттық ойын ізімен ансамбль мүшелерін қатыстырып, тамаша ойын ойнатты. Ал, ансамблдің құрамын толықтырған Тұрарбек атай (Еренбаев) «Асыл арман», Уәзипа әжей (Рахматуллина) қазақтың қасиетті қара өлеңінен әдемі жыр, Шолпан әжей (Махатова) іліп әкетіп Мұқағалидың өлеңінен поэзияны төгілдірсе, Нұрлы әжей (Химединова) мың бұрала би билеп, сахнаның сәнін келтірді. Қазақтың қай тойы домбырасыз өткен еді?! Әу демейтін қазақ жоқ деген жанұялық ансамблдің мүшесі Асылхан Болтанов қара домбыраны қолға алып, «Екі жирен» әнін нақышына келтіре орындады. Концерт барысындағы бірінен бірі өткен алуан түрлі өнер жанрларын көріп отырып таңғалмасқа амалың болмайды екен. Зейнет жасында жүрседе ансамбль мүшелері небір өнерді арқалап жүріп, ақысыз, пұлсыз тегін күйінде көрермендерге ұсынып отыр. Ғажап емес пе?! Оны қандай құдіретке теңеуге болады?! Алақандай ауылдан тапжылмастан, көшпей-ақ мәңгілікке тұрып қалу туған жерге, елге, ауылға деген шексіз махаббат-ау, сірә, - деп түйіндей білген кеш жүргізушінің сөзіне иланбасқа амалың жоқ. Жанұялық ансамбль мүшесі Әділ Жексенбаевтің орындауындағы «Ескі ауыл», ансамбль мүшелерінің жігіттері орындаған «Бәрінен де сен сұлу», «Қыз Жібек» ансамблі орындаған халық әні «Сәулем -ай» мен әжелер ансамблінің орындауындағы «Еркелеген Есіл өзен», «Сары бидай», қатысушылардың бәрі қосылып айтқан «Желсіз түнде жарық ай», акапэлла жанрындағы «Туған ел» әні мен жоғары деңгейде көрерменге ұсынылған «Жалпақталым», «Ажарлы ауылым» әндері кеш ажарын ашып, мерекелік шараның қорытындысына нүкте қойды.
IMG_4803
Айтулы шараға арнайы шақырумен келген қадірлі меймандар қатарындағы облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Мәулет Жұбатов, облыстық әжелер алқасының төрайымы Светлана Мұғалбаева, Казталов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ернар Ильясов, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғадылбек Әлібековтер құттықтау сөз сөйлеп, ансамбль жетекшісі Баян Құбайқызына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
15 жылдық мерейтой құтты болсын, «Шапағат» ансамблінің шапағатшылары.

Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале