Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында ардагер ұстаз Беспай Удановтың 60 жасқа толу құрметіне орай волейболдан аудандық ашық турнир өтті. Спорт додасын ұйымдастыруға ұстаздың шәкірттері мұрындық болды.
Турнирдің ашылу рәсімінде Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Меңдіхан Халимуллин, К.Меңдәлиев атындағы мектептің басшысы Салтанат Өтеғұлова, «Айбын» спорт клубының директоры Берік Рахымғалиев және шәкірттері ұстаздың мерейлі 60 жасымен құттықтап, сыйлық тарту етті.
Аталмыш волейбол жарысына 16 команда қатысты. Тартысты бәсекеде командалар бар шеберліктерін көрсетті.
Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар төрт топқа бөлініп, біріншілік кубогін сарапқа салды. Бабы мен бағы келіскен Жалпақтал колледжінің құрама командасы кәсіби шеберліктерін танытты. Сондай-ақ, жарыста ұстаздың шәкірттерінен құралған команда жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Б.Жүсіпқалиев үздік байланыстырушы болса, Е.Өтеғұлов үздік шабуылшы, С.Ғұмар үздік ойыншы атанды.
16 команданың ішінде дара шыққан, Жалпақтал колледжі командасы бірінші орынды еншіледі. Екінші орынды ұстаздың шәкірттерінен құралған команда қанжыласа, үшінші орынды аудандық спорт мектебінің құрама командасы қанағат тұтты. Ұстаз құрметіне орай өткен турнирді алдағы уақытта шәкірттері дәстүрге айналдыруды жөн санады. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Жомарт МЕҢДЕШОВ,
жарыстың бас төрешісі
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!