Ықылым заманнан артындағы ұрпағына тал-терек егуді аманат етіп қалдырған бабаларымыз "бір тал кессең, он тал ек" деп бекер айтпаған.
Міне, осы қағиданы жадында ұстаған "Сартаев", "Альбетияров", "Сәрсенов" жеке кәсіпкерлігінің жігіттері кеше Казталов ауданы Жалпақтал аймағындағы Ақкөл (Сокрыл) көлінің іргесіне мың түп, Құлақ елді мекеніне екі жүз түп тал-теректер отырғызып, қалың көпшілікке үлгі бола білді.
- Тал-терек егу - бабаларымыздан қалған дағды. Ол мұсылмандық қағидада да сауапты істер қатарынан табылады. Біздер табиғат анамен тығыз байланыста еңбек ететін болғандықтан, жігіттерімізбен келісіп, осы бір сауапты істі қолға алуды ұйғардық. Қазір бәрі жақсы. Егілген талдардың арасында қарағай, қайың сияқты басқа да талдардың көптеген түрлері бар. Болашақта осы отырғызған талдарымыз жайқалып өсіп кетсе екен дейміз. Жалпы, өз басым терек егу жұмысын көп болып қолға алғанды қолдаймын. Ауылымыз жасыл-желекке айналса жақсы емес пе? - дейді кәсіпкерлігімен елге танылған Әлібек Сартаев.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz