24.04.2020, 15:33
Оқылды: 846

Жалпақталдық Михаил Сламихин: «Бірлік пен ынтымақты ту еткен Қазақстанымыздың жаһан жұртына үлгі болып отырғаны бізді қатты қуантады»

  1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке еліміз үшін мерейлі. Себебі қазақ елі әлімсақтан - көпұлтты мемлекет. Онда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері көк туымыздың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Қазақстан халқының бірлігі мерекесін тойлауға әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдени орталықтары ұйымшылдықпен атсалысады.

6DE3DEB1-6E82-4255-80E8-2BD05D2C7B28

Мерекеде Қазақстанда тұратын өзге халықтардың салт-дәстүрлерін көпке таныстыру басты мақсат саналып, этномәдени көрмелер көрсетіледі. Мерекелік дастархандар жайылып, түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары ұсынылады. Ол өз кезегінде ел аумағында тұратын барлық ұлттардың тұтастығын нығайта түседі.

«Бірлік бар жерде, ынтымақты тірлік бар» дейді дана халқымыз. Дұрысында, Тәуелсіз ел болғалы қол жеткен барлық саладағы жетістіктеріміз бен табыстарымыз сол бірлік пен ынтымақтың арқасында орын алды. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі болып жарияланған 1996 жылдан бері қарай еліміздің басты мерекесіне айналған бұл күнді Қазақстан халқының бәрі де асыға күтеді.

-Халықтар достығы мен бірлігін паш етер 1 мамыр мерекесі біз үшін елдегі түрлі этнос өкілдерін бір-біріне етене жақындастыра түсетін ортақ мерекеміз саналады. Тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтыны баршаға аян. Оған әлемде болып жатқан түрлі жағымсыз мысалдар көптің көзін жеткізіп жүр. Сондықтан әу бастан бірлік пен ынтымақты ту еткен Қазақстанымыздың жаһан жұртына үлгі болып отырғаны бізді қатты қуантады.

Менің аты-жөнім Сламихин Михаил. Ұлтым орыс. Жалпақтал елінің жергілікті тумасымын. Ата-бабаларымыз ежелден Жалпақтал жерін мекен етіп, Сламихин станицасының негізін қалаған жандар. Өзім осы өңірде туып-өсіп, қазақша мектеп бітірдім. Үйленіп, отбасын құрдым. Қазір бауырымнан өрбіген Юрий, Сергей, Николай атты үш баламды үйлендіріп, жан-жарым Айчувакова Надеждамен бірге Жалпақтал ауылында тұрамын. Надежда екеуміздің үйленіп, отбасын құрғанымызға осы сәуір айында 50 жыл толып алтын тойға жетіп отырмыз. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Бала-келіндеріміз Орал қаласында. Немерелеріміз жиі келіп, қуантып тұрады. Мен үшін кіндік қаным тамған туған жерімнен артық жер жоқ. Осында еңбек еттім. Жалпақтал жұртының бәрі менің ағайыным. Олармен үлкен-кіші демей түгелдей сыйластықта өмір сүрдік. Қазір жасымыз ұлғайса да ауылдастарым «Миша аға», «Дядя Миша» деп әлі күнге құрмет тұтады. Сыйластыққа, татулыққа жететін ештеңе жоқ. Балаларым Жалпақтал елінің патриоты. Достары көп. Ауыл десе, ішкен астарын жерге қояды. Осыдан артық бізге не керек? Тек еліміз тыныш, үрпағымыз аман болсын!

Ертеңгі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі құтты болып, бейбіт заманымыз жалғасын таба берсін! Амандықта қауышайық, - дейді аңқылдаған аппақ пейілін алдымызға жайып салған Миша ағамыз.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале