Казталов ауданына қарасты Жалпақтал Мәдениет үйінде 22 желтоқсан күні ауыл тұрғындарына арналып жылдық қорытынды жиын мен мерекелік концерт ұсынылды.
Айтулы шарада туған елі үшін тер төгіп, туған жері үшін аянбай еңбек еткен өр рухты азаматтар мен азаматшалар ауыл әкімі Ғаділбек Әлібековтің қолынан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мен желтоқсан айындағы кәсіби мерекелерге орай түрлі марапаттар алып, жерлестерінің алдында үлкен құрметке ие болса, көптеген ауыл еңбеккерлері округ әкімдігі алдында жаңадан ашылған «Құрмет тақтасына» ұсынылды.
- Ортақ үйіміз – Жалпақтал мен тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне шынайы үлес қосып, отбасынан түлеген ұрпақтар қызығымен ел қуанышын еселей түсуге еңбектене берейік! Ынтымақ, бірлігіміз арта берсін, ауылдастар, - деген ауыл әкімі Ғаділбек Әлібекұлының ақжарма тілегі мен мерекелік марапатынан кейін, мекеме-ұйымдар арасында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындарға бір ай бойына тарту етілген «Дүлдүлді дуэль» байқауының үздік нөмірлерінен гала концерт ұсынылды.
Ел мерейін үстем еткен мерекелік шарадан ауыл тұрғындары үлкен әсер алды.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz