Туған жерінен кәсіп ашып, мемлекеттік қолдауға ие болған жалпақталдық жеке кәсіпкер Мейіржан Халиуллин өз кәсібін дамыту арқылы жергілікті өнімдерін болашақта брендке айналдыруды ойлап жүр. Ол үшін Мейіржан Ғилымұлы қазірдің өзінде оң жамбасына сай келетін ата кәсібін жіті қолға алып, шаруасын дөңгелетуге кірісіп те кетті.
- 2023 жылы қолға алған кәсібімді алға қарай дамыту жолында мемлекет тарапынан қарастырылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша үйлерімді кепілге қойып, несиеге қомақты қаражат алдым. Сөйтіп, сүтті әрі етті асыл тұқымды іріқара малын сатып алып, кәсібімді бастадым. Қазір шүкір, бастамамыз жаман емес. Сатып алған малдарымыздың алды төлдеп, сиырларды әзірге үй жағдайында қолмен сауып тұрмыз. Ауылда сүт өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Кейде үлгере де алмай жатамыз. Айран, қаймақ, сүзбе сияқты сүт өнімдерін өзіміз дайындап, тұтынушыларға тұрақты түрде жеткізуге тырысудамыз. Қыс мезгілінде сүті аз болғандықтан, сиырлар бір мезгіл сауылады. Алдағы көктем, жаз мезгілінде малдар жайылымға шығып, сүт молайып, айран, қаймақ, құрт өнімдері көбейсе, тұтынушылар тарапынан да тапсырыстар артады деген сенім бар. Болашақта Жалпақталдан дайындалған түрлі сүт өнімдерін брендке айналдыруды жоспарлап жүрміз. Сондықтан кәсіпке салған қаражаттың қайтарымы болады деп үміттенеміз, - дейді кәсіпкер Мейіржан Халиуллин.
Адал еңбек — адал кәсіптің кепілі. Алысқа бармай-ақ ауылдан кәсіп ашқан Мейіржан Ғилымұлының бұл бастамасы ауылда тұратын өзге де жастарға үлгі болса игі.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы