5.05.2022, 17:30
Оқылды: 51

Жаңа кітап жарыққа шықты

М.Әуезов атындағы орта мектепте «Ақжайық ауданының флорасы және фаунасы бойынша өсімдіктер мен жануарлар атауларының энциклопедиясы» атты ғылыми оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтті. Авторлары – Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Әліби Баяхов пен «Экология және тіршілік қауіпсіздік негіздері» кафедрасының доценті, жерлесіміз Ерлан Құсайынов.

IMG_4431

Салтанатты тұсаукесер рәсімінде алдымен аудандық кітапхана қызметкерлері Ерлан Құсайыновтың осыған дейін жарық көрген еңбектерін таныстырды. Бұл жинақтарға енген өсімдіктер мен аң-құстар жайында мәліметтер шәкірттерге мол ақпарат береді. Облыс аудандарында алғаш құрастырылған әдістемелік оқу құралына өсімдіктер мен жануарлар атаулары әліпби тәртібімен енгізілген.

Салтанатты шарада аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі орталығының директоры Максим Үмбеталиев сөз алды. Мектеп директоры Света Сабырова, тарихшы ұстаз Алдаберген Сәрсековтер кітаптың басылуына зор еңбек сіңірген әріптестері Е.Құсайыновқа алғыс айтып, естелік сыйлықтар тапсырды.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 17.07.52

Осы шараға арнайы келген Әліби Баяхов пен «Экология және тіршілік қауіпсіздігі негіздері» кафедрасының меңгерушісі Рашит Садықовтар кітаптың мазмұнына тоқталып, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін жіті танып-білуге құмартқан әрбір оқушыға таптырмас азық екенін айтты.  М.Үмбеталиев пен Ә Баяхов лента қию рәсімін жасаған соң, Е.Құсайынов кітапқа шолу жасады.

– Бұл кітап оқу құралы ретінде жазылды. Ерекшелігі – Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың атаулары, олар жайлы мәліметтер бар. Өңіріміздің су айдындарын мекенететін балық түрлері жайында да осы анықтамадан біле аласыздар, – деді ол. Автордың қаламынан осыған дейін шыққан кітап арқылы білімін толықтырып, жарыстарда жүлдегер атанған Абай атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы  Гүлзат Жасұланова мен М.Әуезов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Шұғыла Мақсат алғыстарын білдіріп, бүгінгі анықтамалықтың да оқушылар үшін пайдасы зор екеніне сенім білдірді. Жаратылыстану пәнінің мұғалімі Туғанай Мүсірова да әдістемелік құралдың пәнді оқыту үрдісіндегі маңызына тоқталды.

Әсет Орынғали,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале