9.02.2024, 18:00
Оқылды: 31

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығында айтыскер ақын, облыстық айтыстардың және дала дарындары байқауының жүлдегері, жерлес ақын Жандос Әмірғалидың «Іздейді туған жерің тебіреніп» атты кездесу кеші өтті. Сазды кеште ақынның өлеңдері жарық көрген «Боз даланың бозторғайы» атты кітабының тұсауы кесілді.

 жандостың кші (4)

Сазды кеште алдымен қысқаша сахналық қойылым тамашаланып, кеш иесінің «Туған жер», «Анаға сыр», «Асыл жарыма» өлеңдері оқылды.

Одан соң сахна төріне көтерілген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев пен ақын Жандос Әмірғали өзінің қаламынан туған өлең-жырлары жинақталып жарық көрген «Боз даланың бозторғайы» атты кітабының тұсауын кесіп, лентасын қиды.

жандостың кші (3)

Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы:

– «Ердің атын қашанда еңбегі шығарар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Өлеңмен өсиет айтып, кейінгі ұрпаққа саналы тәрбие беру жолында жыр шумақтарын өмірге әкелдіңіз. Өлең өлкесіне ерте аяқ басып, жазба пэзиясымен қатар айтыс өнерімен де елге танылдыңыз. Бұның барлығы сіздің қалам ұстаған ой еңбегіңіздің арқасы деп білеміз. Бірнеше жыл ауданымыздың мәдениеті мен қалың бұқараны ақпараттандыру саясатында абыройлы қызмет атқардыңыз. Ұлттық мәдениеттің қайнар көзінен сусындап, сөз маржанын тере білетін өзіңіз сынды азаматтар әрдайым халықтың үнемі назарында. Сізге тың идеялар мен шығармашылық табыс тілеймін, - дей келе Жандос Орынбайұлының өңіріне «Қаратөбе ауданына сіңірген еңбегіңіз үшін» медалін тағып, аудан халқы атынан шапан жауып, ат мінгізді.

Кездесу кешінде құттықтаулар легін жалғаған алғашқы ұстазы Әсем Имағамбетова, бірге туып, бірге өскен бауырлары атынан Айдос Әмірғали, кіндік қаны тамған туған жерінде бірге өскен інісі Жаңабек Жақсығалиевтар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ізгі тілектерін арнады.

жандостың кші (11)

Жандос Орынбайұлы – суырып салма айтыс ақыны болумен қатар жазба өлеңге де өрнек салды. Шынды сырға, сырды жырға айналдыра білген ақынның «Біздің мектеп – біз оқыған шаңырақ», «Қош келдіңіз», «Дос» сынды лирикаға толы өлеңдерін кеш барысында көрерменге оқып берді.

Тағылымды кеш барысында үзеңгілес, ақындық жолда бірге жүрген достары Айгүл Серікбайқызы, Абдол Ғабитұлы, ел ағалары атынан Мәулен Ғалиоллаұлы, сыныптастары атынан Сәбит Базарұлы ыстық лебіздерін арнап, естеліктерімен бөлісті.

Кеш соңында сөз сөйлеген Жандос Әмірғали кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған барша ұйымдастырушыға, ақынын құрметтеген аудан халқына шын ниетімен алғыс айтып, ризашылығын жеткізіп, өзінің қаламынан туындаған өлеңдерін оқып берді.

Сазды кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Сүйемін Қаратөбемді» әнін Мұхтар Рамазанов орындаса, «Қаратөбе ән мен жырдың ордасы» әнін Таңат Жексенбаев шырқап берді.

 

Серікбай Хасан,

Райымбек Абай

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале