«Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтердің VI республикалық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланды.
Байқаудың мақсаты жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесі мен шығармашылық потенциалын арттыру және кәсіби шеберліктерін жетілдіру. Қатысушылар жоғары және кәсіби орта білімді және де үш жылға дейінгі педагогикалық еңбек өтілі бар жас маман болуы керек. Жарысқа Бөрлі ауданындағы 18 мектептің жас ұстаздары қатысты. Қатысушылар арасында ағылшын, орыс тілі, дене шынықтыру, қазақ тілі мен әдебиет, жаратылыстану, биология және математика пәндерінің мұғалімдері бар.
Байқау үш тапсырмадан тұрды. Бірінші тапсырма «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазу. Екінші тапсырма «Шығармашылық жолдың бастамасы» тақырыбында бейнепрезентация арқылы өздерін таныстырып, мамандықтарына деген көзқарастарын ұсыну. Үшінші тапсырма «Ашық сабақ». Бұл кезеңде қатысушылар бейтаныс сыныпта сабақ өткізді. «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазу мен ашық сабақ 7 ақпан күні өтті.
Қазылар алқасы құрамының төрағасы аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Роза Ахметова, ал комиссия төрағасының орынбасары білім беру бөлімінің бас маманы Лаура Маметанова болды. Комиссия құрамына аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Әсел Имашева, «Білім» БПҰ төрағасы, білім беру бөліміндегі әдістемелік кабинетінің әдіскері Азамат Мүфтиев, «Бөрлі ауданының үздік мұғалімдердің Ассоциациясы» төрағасы, білім беру бөліміндегі әдістемелік кабинетінің әдіскері Сәуле Әлдикенова, ардагер ұстаз Надежда Шиганакова және білім беру бөлімінің кадр бойынша әдіскері Әлия Байниязова кірді.
-Аудандық жас мамандар байқауы өз мәресіне жетті. Жарысқа аудандағы 18 мектептің жас мамандары қатысып, бақтарын сынады. Сіздердің бастау алған қадамдарыңыз тек шығармашылыққа, табысқа, жетістікке жетелесін. Ал таңдаған пәндеріңіз сіздерге тек рух, қуат берсін. Оқушыларыңыздың жетістіктері мен өздеріңіздің алған белестеріңізбен тек шыңға шыға беріңіздер. Педагогикалық жолдарыңызға сәтті ақ жол тілеймін. Бұл жарыста жеңілген ешкім жоқ, - дейді аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісіжәне комиссия төрағасы Роза Камашқызы.
Байқау нәтижесінде №2 ЖОББМ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гауһар Нияр бас жүлдеге ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды. І орынды №1 ЖОББМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ақылбек Қабдулмажит алса, ІІ орынды Кеңтүбек ЖОББМ биология пәнінің мұғалімі Ержан Ақберлиев пен №5 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Альбина Әнтепова иеленді. ІІІ орын иегерлері болып Ақбұлақ МББК орыс тілі пәнінің мұғалімі Зарина Атоева, №4 ЖОББМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айкөркем Халелова және №3 ЖОББМ орыс тілі пәнінің мұғалімі Ақжеміс Айғали атанды.
Қатысушылар аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz