25.08.2022, 9:45
Оқылды: 90

Жаңа оқу жылына – жаңарып-жаңғырған мектеп

Қазіргі кезде облыс аумағындағы 13 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Оның үшеуі – Бәйтерек ауданының аумағындағы білім ошақтары. Жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа кейіпке еніп, есігін айқара ашатын облыстағы қос мектептің бірі – аталмыш аудандағы Егіндібұлақ мектеп-балабақша кешені.

2

180 орындық мектеп 1979 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ауыл тұрғындарымен бірнеше жылдан бері көтеріліп келген бұл мәселе шешімін биыл тапты. Бюджеттен бөлінген 238 153 000 теңгеге жөнделген мектеп ауыл тұрғындары мен оқушыларға үлкен қуаныш сыйлады.

Мердігер мекеменің бригадирі Марина Құлманованың айтуынша, бұл білім ұясы ғимаратының қабырғаларына дейін тоза бастаған. Сол себепті қабырғаларының бәрі қырылып, тазаланды. Демонтаждау биылғы сәуірде, ал жөндеу жұмыстары мамырда басталған. Үш-төрт ай ішінде төбе жабыны, едені, жылу, электр жүйелері, есік-терезесі бәрі жаңартылды. Ғимарат ішіне су тартылды, әжетханалар салынды. Жөндеу жұмыстарына 30-дан аса адам қатысса, соның бесеуі жергілікті тұрғын. Жұмысшылардың еңбекақысы 120 мың теңгеден жоғары болды.

– Жаңа оқу жылына үлгерту үшін біз жөндеуді уақытынан бұрын аяқтап жатырмыз. Оған жұмыс күшінің жеткілікті болуы, бюджеттен қаржының уақтылы аударылып тұруы оң әсерін тигізді. Жұмысты жеделдете жүргізу жөндеу сапасына кері әсер еткен жоқ. Жұмыс сапасын аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, құзырлы құрылым өкілдері жиі келіп қарап тұрды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында еш қиындық туындаған емес, – дейді Марина Құлманова.

Мектеп директорының орынбасары Анастасия Маслованың сөзіне қарағанда, білім ұясына қатысты өзектілігін жоғалтпаған тағы да мәселелер бар. Оның бірі – бала санының аздығы болса, екіншісі – жаңа жиһаздың, құрал-жабдықтың жоқтығы, үшіншісі – кадр жетіспеушілігі.

– Тұрғындардың ауылдан көшуі, мұнда жастардың келмеуі, демографиялық ахуалдың төмендеуі мектепке де қатты әсерін тигізуде. Мәселен, биыл мектепалды даярлық тобына, яғни 0-сыныпқа келетін бала таба алмай отырмыз. Бұған дейін мұндай  жағдай болмаған еді. Мысалы, өткен оқу жылында дайындық тобына 10 балдырған келген болатын. Биыл, сондай-ақ 11-сынып оқитындар да жоқ. Мұндай жағдай 2020-2021 оқу жылында да орын алған еді. Дегенмен де былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, оқушы санының көбейгені байқалады. Өткен оқу жылы 81 шәкіртпен басталса, биыл 86 оқушыға жетіп отыр.

Жиһазға келсек, парта, тақта, мұғалімдер үстелі, шкафтар және өзге де жиһаздың бәрі ескі. Оларды жаңа кейіпке енген мектепке қойғымыз келмей отыр. Соған орай осы маңдағы кәсіп­керлерге, меценаттарға, құзырлы құрылым басшыларына хат жазып, көмек сұрап жатқан жайымыз бар. Есептеп қарағанымызда, мектепте 33 парта бар. Мектебіміздің түлегі, жергілікті кәсіпкер Бауыржан Сақпереев су жаңа 20 партаны отырғыштарымен алып бермекші. Ата-аналар да бұл бағытта көмек қолын созуға ниетті. Оралдағы дүкендерге арнайы барып парталардың бағасын қарап келдік. Қажет болса төмендетіп, не биіктеуге болатын бір парта екі отырғышымен 24 мың теңгедей тұрады. Ал қарапайым парталар екі отырғышымен 16 мың теңгенің айналасында.

Штат бойынша бізде 39 мұғалім болуы керек, қазір соның төртеуі жетіспейді. Одан бөлек медицина маманы керек. Ауылымыздың медпункттегі фельдшері осы қазан айында зейнеткерлікке шығайын деп отыр. Бұл да біз үшін үлкен мәселе. Ертең оқушыларымыз сырқаттанып қалса, қайда барып қаралады?

– Өткен оқу жылын 83 шәкіртпен тәмамдаған едік. Білім сапасы 67 пайыз деңгейінде. 11-сыныпты үш түлек бітіріп, оның біреуі мемлекеттік грантқа ие болып, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті атанды. Екіншісі, ақы­лы негізде оқуға түсті, - дейді Анастасия Григорьевна.

Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіров биыл ауылға алты баласы бар отбасы көшіп келуіне орай оған жағдай жасалғанын айтты. Балалардың көбі мектеп жасында. Ол отбасыға үй беріліп, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық қолдаулар көрсетілуде.

3

– Тамыз айының басында ауылға жол салына бастады. Егер ауылымызды аудан орталығымен байланыстыратын күрежол күрделі жөндеуден өтсе, көп мәселе шешіледі. Соның бірі – мектептегі бала санына қатысты. Мәселен, көршілес Зеленный ауылына жол салынған соң, ол жаққа көшіп келушілер саны артып, мектеп 29 бала­мен толықты. Зейнетке шығайын деп жатқан фельдшердің орнына және тағы бір штаттық орынға сәйкес екі жас маманмен сөйлесіп қойғанбыз. Олар ауылға келіп, жолдың (ол кезде жол жөндеу жұмыстары басталмаған еді), интернеттің нашарлығын көріп, бастапқы ойларынан айнып қалды. Жалпы, ауылымыздың табиғаты әдемі, айнала жасыл-желек. Мал ұстауға қолайлы. Одан бөлек бюджеттік сала қызметкерлері үшін қызметтік пәтерлер бар. Су мен газ келіп тұр. Енді жол салынып, интернет тартылса, біздің ауылға қоныс аударушылар артатынына сенім мол, - дейді Ринат Маратұлы.

Жаңартылған мектепке жаңа жиһаз беріле ме?

Эльмира Оразаева, Егіндібұлақ мектеп-балабақша кешенінің шаруашылық меңгерушісі:

– Құрметті Марат Лұқпанұлы, өзіңіз біле­сіз биыл мектебіміз күрделі жөндеуден өтуде. Алайда ондағы парта, үстел секілді жиһаздар мектеп ашылған кезден бері, яғни 1979 жылдан бері пайдаланылып келеді. Жарты ғасырға жуық уақыт қолданылғаннан кейін олар өте тозғаны белгілі. Бірінің бұрандамасы (гайка), екіншісінің сомыны (болт) жоқ партаны әдемі кейіпке енген мектепке кіргізгің келмейді. Ал балабақшаға жиһаз 2011 жылы алынғанымен сапасы төмен болды ма, олардың ішінде де жібі түзуі қалған жоқ. Осы мәселені аудандық бюджет есебінен шешуге болмай ма?

Марат Тоқжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:

– Сұрағыңызға рақмет, өзекті мәселені қозғап отырсыз. Ауданымыздағы көптеген мектеп өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы парталарды әлі қолданып келеді. Өздеріңіз білесіздер, 2021 жылдан бастап аудандық білім беру бөлімдері облыстық білім басқармасына берілді. Бүгінгі таңда аудандық теңгерімде бірде-бір білім мекемесі жоқ. Сол себепті аудандық бюджеттен бір тиын да бөлгізе алмаймыз. Егер мектебіңіз біздің, яғни ауданның теңгерімінде болса, бұл мәселені шешер едік. Азаттықтың ақ таңы атып, өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін ауданда жыл сайын жоқ дегенде бір мектепті жөндеп, жаңа жиһаз алғанда, қазіргідей мәселе туындамас еді. Енді келіп оның зардабын тартудамыз. «Мүгедек» парта мен отырғыш, тоз-тозы шыққан диван сықылды әбден «шаршаған» жиһаздарды аудан мектептерінен жиі көруге болады. Ауданымыздағы 46 мектептің бесеуі ғана жаңадан салынғанын ескерсек, 41 мектептің жиһазы осындай жағдайда. Осы кезге дейін алты мектепті күрделі жөндеуден өткіздік, олардың бәрі ескі жиһазды қолданып отыр. Мұндай кездесу кезінде сол мектептердің қызметкерлері жаңа жиһаздың керектігін айтып сұрақ қояды. Аудандық білім беру бөлімінің басшылығы облыстық білім басқармасына осы мәселеге орай өтінім жолдап келеді. Енді ол облыстық бюджеттің жағдайына байланысты қарастылады деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан білім беру бөлімдерін ауданға қайта беру мәселесін көтерудеміз. Сөздің шыны керек, аудан басшылығы аудан көлеміндегі білім мекемелеріне барып, жай-күйін көріп-білуге мүмкіндігі толық бола бермейді. Ал облыстық білім басқармасы 12 аудан мен Орал қаласындағы толған білім мекемелерін қалай қадағалайды?!

(21.07.2022 ж. Егіндібұлақ ауылында өткен аудан әкімінің тұрғындармен кездесу жиынынан)

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале