...Желтоқсанның соңғы түні мен қаңтардың алғашқы күні тоқайласқан тәулік Жаңа жылдың басы деп саналғанына біраз уақыт өтіпті. Жыл басы барлығымыз үшін ерекше мереке. Оған дайындықты да ерте бастаймыз. Шырша безендіру, балаларға тәтті сыйлықтар мен тосынсый жасау қарбаласы қызу жүріп, еліміздің ең басты, ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктен де дүмпуі басым түсіп жататынын қайтесің...
Қазақ елінде бұрын желтоқсанда Жаңа жылды тойлау деген болмаған көрінеді. Ол бертінде, он бес одақтас елдің бірі болған жылдары келіпті. Жаңа жыл тойлауға Ресейде 1937 жылы Иосиф Сталиннің бұйрығымен басына бес бұрышты қызыл жұлдыз орнатылған шырша тігіліп, оны тойлауға рұқсат берілген. Ресейге Жаңа жылды Еуропаға еліктеген орыс патшасы І Петр кіргізген көрінеді. Ол таққа отырған соң жыл санауды 1 қаңтардан бастауды бекітіп, Жаңа жылды әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрін енгізген. Дед Мороз деген сақалды қарт пен оның немересі Снегурочка шырша басына келіп, тәтті мен сый таратқан.
Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлау сонау Ніл бойындағы елден келген деген де дерек бар. Ежелгі заманды зерттеген тарихшылардың айтуынша, Жаңа жыл тұңғыш рет Месопотамияда, біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта тойланған. Бұл меже Тигр мен Евфрат өзендеріне су толып, егін шаруашылығының басталған кезіне тура келеді. Римдіктер үшін де Жаңа жылдың алғашқы күні 1 қаңтар болып есептелінген. Римдіктер бұл күнді ерекше тойлап, сәтті өткізу үшін барын салған.
Сонымен Жаңа жылды қарсылау әр елде әр түрлі. Екі сөздің бірінде мысалға алынатын Америкада, яғни, АҚШ-та тұрғындар Жаңа жылды көпшілік орындар – театр, ресторандарда тойлайды. Түн жарымы болысымен фейерверк шашылып, шампан тығындары атылады. Автокөлік дабылдары бұл дыбыстарды әсерлендіре түседі. Кейбір ірі қалаларда көңілді шеру де өтеді. Оларды қос бұғы жеккен, дәу қызыл қапшығы сыйлыққа толы Санта Клаус құттықтайды.
Ал Австралияда Жаңа жыл тіптен басқаша өтеді. Қар, шырша, бұғы сынды мереке атрибуттары жоқ. Ондағы Аяз Ата да Санта Клаус деп аталады. Қаңтар бізде аязбен қақыратып тұрған кезде Австралияда 20-25 градус ыстық. Сондықтан Аяз ата Сидней жағалауына су киімімен келеді. Дәстүр бойынша оның киімінде ақ сақал және қызыл қалпақ болады.
Бір құрлық – Еуропаның өзінде біздің Аяз атаның оншақты атауы бар. Бельгия, Польшада ол - Қасиетті Николай. Греция, Кипрде – Қасиетті Василий, Данияда – Қасиетті Николас. Италияда Жаңа жылмен құттықтауға Бабо Наттале, ал Испанияда Папа Ноэль келеді. Данияда ол Юлетомте, Юлеманден деген есіммен таныс. Қалай аталса да, негізі бір – Жаңа жыл түнінде сыйлық жасап, мереке күні тәтті күткен балақайларды жарылқайды.
Несін жасырайық, біз бала кезімізде Аяз атаның қызыл қабынан шыққан тәтті мен сыйлықты өзі алып келеді дегенге сенуші едік. Есейе келе ол қоржынды ата-ана толтыратынын білдік. Қазір Жаңа жыл жақындаған күндері қызыл қапқа салатын сыйлықтарды өзіміз іздейміз. Әсіресе, балабақша мен мектеп ертеңгіліктеріне дайындық деген бір қызыл науқан. Ертегі-мультфильм кейіпкерлерінің киімін тігіп, балалардың шырша жанында көңіл көтеруі үшін бар жағдайды жасаймыз.
Соңғы жылдары елімізде жасанды шырша қою қолға алына бастады. Бұл табиғатты қорғау екенін түсініп, бір жағынан қуанамыз. Ал ол жасанды болғандықтан отшашудан тез тұтанып кетуі де ғажап емес екенін естен шығармаған абзал.
Отшашулар қаупі деген өз алдына бір тақырып. Жаңа жыл алдында базар басы нағыз «отшашулар орталығы» болады. Оның көбі, тіптен бәрі бірдей десек те болады, еш тексеруден өтпеген, Қытайдан келген. Сатып тұрған адамдар да сол отшашуларды іске қосу немесе қалай сақтану керектігінен хабарсыз. Әйтеуір, жапа-тармағай сатып алып, 31 желтоқсан түні тарс-тұрс атамыз. Сөйтіп, Жаңа жылдың бірінші күні «Бір баланың көзіне отшашу шоғы түсіп, жанарына зақым болыпты», «Жаңа жыл тойлауға жиналған бір ауылда бір отбасының үйі өртеніп, баспанасыз қалыпты» дегенді естиміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, сақтық шарасын ұмытпайық, ағайын!
Алдағы жыл - Тышқан. Оны ақ темір түсті тышқан деп те атайды. Жыл сәтті өтуі оны қалай қарсы алуға байланысты деген нумеролог-болжамшылар киіміңізде жылтырақ ақ түс болсын, жыл жануарына ұнайтын тағам –ірімшік немесе ол қосылған тағамдар мол болсын деген ақыл-кеңестерін де айтып жатыр. Қазақша да жыл санау Тышқаннан басталады. Жыл аттары не себепті жануарлардың атымен аталатыны және жыл басы неге Тышқаннан басталатыны туралы халық арасында аңыз-ертегі аз емес. Аңыз бойынша осы он екі жануар жыл атына ие болуға таласқан. Сонда тышқан тұрып: «Дауласатын дәнеңе жоқ, таңертең бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Сонда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол – бірінші жылдың, одан кейін көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен барлық жылды бөліп аламыз», - деп ұсыныс жасаған. Бұған келіскен жануарлар демалып жатқанда, тышқан түйенің басына шығып алады. Осылайша ол күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанған. Ал түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деседі.
Иә, қазақтар Тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Біз де алдағы Тышқан жылынан молшылық пен тыныштық күтеміз.
Камелия Қарекесова
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер