Бұл - Ақжайық ауданында ашылған екінші орталық. Жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, олардың белсенділігін арттыру мақсатында Жаңабұлақ ауылдық округіндегі модельді кітапхана коворкинг орталығы боп қайта жасақталып, есігін айқара ашты.
Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, Ақжайық ауданы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан бұл жаңалықты көруге келгендердің қатары қалың болды.
Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Әділ Жоламанов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғам басқармасының төрағасы Нұрлан Өтешов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Аян Сақошев, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразғалиева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөсіпірімдер кітапханасының директоры Звайда Өтешова, бөлім, мекеме басшылары, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша кітапханалық ресурстарды цифрлы форматқа көшіруде қыруар іс орындалуда. Осы саладағы жұмыстарды дамыту зор міндеттер жүктеп отыр. Осы орайда ауылдық жердегі кітапханалар тек қызмет көрсету мекемесі емес, заман талабына сай ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналуы тиіс. Бүгінгі жаңалық соның айғағы, - деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ Астанадан келген жерлесіміз Нұрлан Өтешов жүрекжарды тілегін арнады. Айта кетейік, ол кейін аудан орталығында болғанда да, заман талабына сай игі істерді көргенін, «Астана» атты жаңа балабақшаның ашылғанын, осының бәрі өзінің атажұртындағы игі істерге деген мақтанышын асқақтатқанын айтты.
Шараға қатысушылар жаңа орталықтың тынысымен танысты. Орталық 4 алаңнан тұрады. Соның бірі relax аймағы, яғни демалыс аймағы болып табылады. Мұнда бос уақытты тиімді өткізуге болады. Караокемен ән айтуға немесе домбыра, гитара шертесің бе, мархабат. Сондай-ақ келушілерге өнер, музыка тақырыптарындағы әдебиеттер ұсынылады. Тоғызқұмалақ, шахмат, тағы басқа ойындарды ойнауға болады.
Келесі алаң KIDS COWORKING center деп аталады. Яғни, балалар орталығы. Бұл жерде қауіпсіз интернет (сайттар, планшеттерден толық мәтінді әдебиеттерді оқуға болады), сондай-ақ қызығушылығы бар оқырмандардың ұйымдастыруымен «Қолөнер» үйірмесінің жұмысын, «Қуыршақ театрының» қойылымдарын тамашалауға болады. Және балалар ата-аналарымен келіп, электронды әдістемелік құрылдарын пайдалана алады. Ал «Рухани жаңғыру» алаңында «Онлайн-әдебиет» түрлі форматтағы кітапханалық-ақпараттық ресурстарды пайдалану, шеберлік сыныптар, зияткерлік ойындар, дәрістер өткізу қарастырылған. Осы алаңдағы ENGLISH club-та «Латын әліпбиі графикасы», «Компьютерлік сауаттылық», «Шығармашылық атмосфера» секілді бұрыштар жасақталған.
OPEN-SPACE ашық кеңістік алаңы WI-FI аймағы ретінде пайдалануға беріліп, мұнда бизнес серіктестік, іскерлік құжаттар жасақтауға болады. Сонымен қатар «Киноман», «Мультиман» клуб аймағы жасалған. Міне, жаңалық деген, жаңа бетбұрыс деген осы емес пе.
Мұндай орталықтың ашылуы ауыл тұрғындарына, әсіресе, жастарға зор пайдасын тигізері сөзсіз. Осы іске мүдделілік танытқан басқа да мекемелермен қатар Ақжайық ауданы әкімдігі, аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Аталған орталықтандырылған кітапхана директоры Роза Мұсағалиева басқаратын ұжымның ұйымдастыруымен ауданда талай іс тындырылуда. Бұл да сол бекем бірлік пен ынтымақтың арқасында біткен ауқымды тірлік болды.
Айта кетейік, бұған дейін жыл басында аудан орталығында «Өркен» коворкинг орталығы ашылған болатын. Содан бері қыз-жігіттер сол орталықтың мүмкіндіктерін өз игіліктеріне тиімді пайдаланып келеді.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген
Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ
zhaikpress.kz