Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, отбасының тірегі болған Құрманғазы Сәркеновтың туғанына 100 жыл толуына орай Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында ұл-қыздарының ұйымдастыруымен еске алу кеші өтті.
Кеш барысында үлкенді-кішілі жиналған қонақтар өмірден өткен ардагер жөнінде аз-кем сөз қозғап, тұшымды естеліктерін айтып өтті.
Карманов «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Асхат Жасқайратұлы Құрманғазы атаның өмірбаянын бейне үзік арқылы таныстырды.
Қазақтың көрнекті күйшісі Дәулеткерей Шығайұлының «Қос-алқа» күйін осы әулеттің туысы Жағыпар Өтехайұлы орындаса, 8 сынып оқушысы Инара Артурқызы Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны!» өлеңін нақышына келтіріп орындады. Иә, дәл осы өлең жолдары Құрманғазы Біләлұлына арнап жазылғандай... Азапты соғыс жылдарында ауыр жарақат алып, бір аяғынан айырылған жас жігіт «Мен осынша жыл олжа өмір сүрдім. Ал соғыста менің қасымда қаншама қыршын ғұмыр үзілді...» - деп сөз ететін дейді көзін көргендер.
Мәдениет үйінің меңгерушісі Толқын Мұсақызы Нұрлан Өнербаевтың «Қайран дүние» әнін орындаса, атамыз бен әжеміз тірі күнінде сүйіп тыңдаған әндерінің бірі «Бәрінен де сен сұлу» әнін Қанат Қабиұлы шырқады. Құрманғазы Сәркеновтың қызы, қазіргі таңда Карманов МББ кешенінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мәншүк Сәркенова «Әке, сен мәңгі тірісің» өз шығармашылығынан өлең оқып, жиналған жұртшылықтың көңілін босатты. Сонымен қатар, жиендері Әлібек пен Жұлдыз «атамыз көзіне жас алып, осы әнді ерекше махабатпен шырқап, ауылға деген сағынышын басатын еді» - деп, Жұбаныш Жексенұлының «Ауылым» әнін жиналған қонақтармен бірге тамылжыта салды. Жоғарыда сөз еткеніміздей, Құрманғазы атамыз тек соғыс ардагері ретінде емес, ұлағатты ұстаз ретінде көпшіліктің жадында қалған. Ұрпақтары да әкесі мен анасының жолын қуып, 2020 жылы еңбектерінің жалпы өтілі 283 жыл, соның ішінде 217 жыл педагогикалық ең жоғарғы өтілмен Орал облысы бойынша жеңімпаз болып, «Мұғалімдер династиясы» лауазымын иеленген. Бұның өзі – әке мен анадан дарыған сусындатқан білімнің, тағлымы мол тәрбиенің нәтижесі.
Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» әнін династия мүшелері хормен жеткізді. Кеш соңында, ауыл ақсақалдары мен жиналған қонақтар құран оқып, өмірден өткен Құрманғазы Біләлұлы мен оның жары Ақбалым апаға дұға бағыштап, ақтан ауыз етіп, естелік суретке түсті.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz