6.01.2024, 0:00
Оқылды: 48

Жаңақала ауданы: Қырқопа ауылында ҰОС ардагерін еске алды

Бүгін​ Ұлы Отан​ соғысының ардагері, отбасының​ тірегі​ болған​ Құрманғазы Сәркеновтың​ туғанына 100 жыл толуына орай​ Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында ұл-қыздарының ұйымдастыруымен еске алу кеші өтті.​ 

IMG-20240105-WA0107

Кеш барысында үлкенді-кішілі жиналған қонақтар өмірден өткен ардагер жөнінде аз-кем сөз қозғап, тұшымды естеліктерін айтып өтті. ​

Карманов «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Асхат Жасқайратұлы Құрманғазы​ атаның өмірбаянын​ бейне үзік арқылы​ таныстырды. ​

IMG-20240105-WA0106

Қазақтың көрнекті күйшісі Дәулеткерей Шығайұлының «Қос-алқа» күйін​ осы әулеттің туысы​ Жағыпар Өтехайұлы орындаса,​ 8 сынып оқушысы Инара Артурқызы Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны!» өлеңін нақышына келтіріп орындады.​ Иә,​ дәл осы өлең жолдары Құрманғазы Біләлұлына арнап жазылғандай...​ Азапты соғыс жылдарында ауыр жарақат​ алып, бір аяғынан айырылған​ жас жігіт «Мен осынша жыл олжа өмір сүрдім. Ал соғыста менің қасымда қаншама қыршын ғұмыр үзілді...» - деп сөз ететін дейді көзін көргендер.​

Мәдениет үйінің меңгерушісі Толқын Мұсақызы Нұрлан Өнербаевтың ​«Қайран дүние» әнін орындаса, атамыз бен әжеміз тірі күнінде сүйіп тыңдаған әндерінің бірі «Бәрінен де сен сұлу» әнін Қанат Қабиұлы​ шырқады. Құрманғазы Сәркеновтың​ қызы, қазіргі таңда Карманов МББ кешенінде қазақ тілі мен әдебиет​ пәнінің мұғалімі​ Мәншүк Сәркенова «Әке, сен мәңгі​ тірісің» өз шығармашылығынан​ өлең​ оқып, жиналған жұртшылықтың көңілін босатты. ​ Сонымен қатар,​ жиендері Әлібек пен Жұлдыз «атамыз көзіне жас алып, осы әнді ерекше махабатпен шырқап,​ ауылға деген сағынышын​ басатын еді» - деп, Жұбаныш Жексенұлының «Ауылым» әнін жиналған қонақтармен бірге тамылжыта салды.​ ​ Жоғарыда сөз еткеніміздей,​ Құрманғазы атамыз тек соғыс ардагері ретінде емес, ұлағатты ұстаз ретінде көпшіліктің жадында қалған. ​ Ұрпақтары да әкесі мен анасының жолын қуып, 2020 жылы еңбектерінің жалпы өтілі 283 жыл, соның ішінде 217 жыл педагогикалық ең жоғарғы өтілмен Орал облысы бойынша жеңімпаз болып, ​«Мұғалімдер династиясы» лауазымын иеленген. Бұның өзі – әке мен анадан дарыған сусындатқан білімнің, тағлымы мол тәрбиенің ​ нәтижесі.

IMG-20240105-WA0105

Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың​ «Желсіз түнде жарық ай» әнін династия мүшелері ​ хормен жеткізді.​ ​ Кеш соңында, ауыл ақсақалдары​ мен​ жиналған​ қонақтар​ құран оқып, өмірден өткен Құрманғазы Біләлұлы мен оның жары Ақбалым апаға дұға бағыштап, ақтан ауыз етіп,​ естелік суретке түсті.​

Ақерке Ғилымхан, 

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале